Премьер-министр ЖІӨ-ні $450 млрд-қа жеткізу міндетін мүмкін деп санайды
- авторБақытжан Бекболат
- 15 шілде, 2025
- 719
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай ел экономикасын әртараптандыру арқылы жалпы ішкі өнімді $450 миллиардқа жеткізу жөніндегі тапсырмасына қатысты журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Тапсырма барынша биік, бірақ қол жеткізуге болады. Өткен жылы Қазақстанда ЖІӨ көлемі $286 млрд-ты құрады. Биыл экономикалық өсу көрсеткіштерін ескеріп, $300 млрд-қа жеткізуді көздеп отырмыз. Алдағы жылдары қарқынды экономикалық өсуді қамтамасыз ету арқылы $450 млрд-қа қол жеткізе аламыз. Ол үшін еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту, экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша іске қосылған бағдарлама шеңберінде экономикаға қосымша 8 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 1,5 триллион теңгеге 190 өнеркәсіптік жобаны іске қосу көзделген.
Премьер-министр Үкімет экономиканың өсімін қамтамасыз ету үшін бірқатар нақты салаларға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Олардың қатарында мұнай өңдеу, металлургияны жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жетілдіру, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ сирек кездесетін металдарды қоса алғанда минералдық-шикізат базасын кеңейту бағыттары бар.
Бұдан бөлек, жаңа салаларды дамыту мәселесі де күн тәртібінде. Бұл — мұнай-газ химиясы, автомобиль жасау, теміржол машина жасау, тыңайтқыштар өндірісі сынды бағыттар. Үкімет жыл сайын өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенінде жаңа жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр.
Экономикалық өсімнің негізгі нүктелерін дамыту мақсатында ұлттық инфрақұрылымдық жоспарға ерекше назар аударылуда. Бұл өз кезегінде қажетті өнеркәсіптік және көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жол ашады.
Сондай-ақ, 2029 жылға дейін іске асырылатын 17 ірі жоба шеңберінде жаңа өндірістерді іске қосу басталған. Аталған жобалар құрамында химия өнеркәсібіндегі автомобильдерге арналған бөлшектер, бутадиен, аммиак және карбамид өндіретін зауыттар, металлургиялық кластер, мысты балқыту кәсіпорны, сондай-ақ Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жобалары бар.
Осылайша, Үкімет биік мақсаттарға жүйелі жоспар мен нақты жобалар арқылы қол жеткізуді көздеп отыр.





