Жамбыл облысының полицейлері балалардың терезеден құлауының алдын алу шараларын күшейтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 15 шілде, 2025
- 508
Жамбыл облысында балалардың көпқабатты үйлердің терезелерінен құлау оқиғаларына байланысты алдын алу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Биылғы жылдың басынан бері өңірде осындай 8 жағдай тіркелді. Олардың көпшілігі ересектердің бақылауының болмауынан және терезелерде қорғаныс құралдарының орнатылмауынан болған. Статистика бойынша, 1 жастан 10 жасқа дейінгі балалар ерекше тәуекел тобына жатады.
Көктемгі-жазғы кезеңде балалардың үйде жиі болуына байланысты облыс полицейлері профилактикалық шараларды қарқынды жүргізуде. 3000-нан астам пәтер мен үйді аралау барысында шатырлар мен жертөлелерге кіру жолдарының қауіпсіздігі, құлыптардың бар-жоғы тексерілді. Бұл — кәмелетке толмағандардың қауіпті нысандарға кіруінің алдын алу мақсатында жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, тұрғындармен 1500-ден астам кездесу өткізіліп, ата-аналар мен заңды өкілдерге терезеге арнайы қорғаныс торларын, құлыптар мен блокаторларды орнатудың маңыздылығы түсіндірілді. Полицейлер баланы үйде қараусыз қалдыру — қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертті.






