сенбі, 23 қараша, 2024 10:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тау болып үйілген тәтті түбір

Тау болып үйілген тәтті түбір
ашық дереккөзі
Тау болып үйілген тәтті түбір

Кейінгі жылдары облысымызда стратегиялық дақыл саналатын қант қызылшасының алқаптарын ұлғайту ісі жолға қойылды. Тәтті түбірді табыс көзіне айналдырғандарға барынша қолдау көрсетіліп, диқандарды субсидия, тұқым, тыңайтқыш, арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты. Аймақ басшысының салаға жасаған жан-жақты қамқорлығы облысымыздың әрбір аймағындағы диқандардың құлшынысын арттырып, тіршілігіне қозғау салды.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биыл аймақта 4,5 мың гектарға қант қызылшасы егіліпті. Жоғары сұрыпты тұқым себудің нәтижесінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, әр гектардан алынған тәтті түбірдің орташа өнімділігі 327,6 центнерді құрап отыр. Жалпы жыл соңына дейін қант зауыттарына 125-130 мың тонна тәтті түбір өткізу жоспарланып, болжаммен 17 мың тонна отандық қант өндіріледі деп күтіліп отыр. Тараз қаласындағы және Меркі ауданындағы қант зауыттарына күнделікті 2 тоннаға жуық қант қызылшасы жеткізілуде. Басқарма мамандарының айтуынша, әсіресе Меркі ауданында қызылша өсіру кеңінен қанат жайып келеді. Жыл сайын егістік алқабының көлемі артып, тәтті түбір мөлшері де көбейген. Ағымдағы жылы меркілік жер емген диқандар 1 мың 905 гектарға қызылша егіп, қазіргі уақытта жинау жұмыстарын аяқтаудың алдында тұр. Меркі ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Садикжан Бұтабаев жоғары сұрыпты тұқым мен күтіп-баптау технологиясындағы озық әдістер өнімнің сапасы мен өнімділігіне үлкен әсерін тигізіп жатқанын айтады. Биылғы жиын-терім кезінде аудан қызылшашылары дақылдың әр гектарынан 302,3 центнерден өнім алған. Жалпы түсім 53 мың 382 тонна болса, тәулігіне қант зауытына 157,7 тонна жіберіліп отырған. «Райымбек» шаруа қожалығының төрағасы Әпен Байымбетовтің балтамыр өсіруді машық қылғанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. «Баптай білсе – жер жомарт» екенін ұмытпаған шаруа жыл санап тәжірибесін толықтырып, өз-өзін шыңдаумен алға ұмтыла түскен. Әрі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаруаның кері шегінбей, жұмысын ширата түсуіне септігін тигізген. – «Ерінбегеннің ерні майға тиеді» дейді дана халқымыз. Расымен-ақ жұмыстың ауыртпа­шы­лығынан қашпай, табан етіңді сөгіп, маңдай теріңді төгіп еңбек етсең, еңсең биік болады. Отбасымызбен үш жылдан бері қызылша егумен айналысып, нағыз табысты кәсіп екеніне көзіміз жетті. Табандылық танытып, «қайтсем де жетістікке жетемін» деген ойдың жетегімен жіберген қателіктерімізден сабақ ала отырып, істің көзін табуға тырыстық. Осы уақыт аралығында қыр-сырын да меңгеріп алдық. «Тиссерин» сұрыпты тұқымды егеміз. Биыл өнімділік өте жоғары болды. Арық суынан бөлек алқап басынан екі жерден жерасты суын шығарып, су тапшылығынан құтылдық. Төгілген тер мен еңбектің арқасында 13 гектар жерге егілген қызылшаның әр гектарынан 50 тоннадан өнім жинап, үлкен табысқа жеттік, – деді шаруашылық төрағасы Ә.Байымбетов. Ала жаздай бел жазбаған шаруалар үшін ең өзекті мәселе – өнімін өткеру. Өткен жылғы шаруалармен «Меркі қант зауыты» кәсіпорнының арасындағы қаражат мәселесіне байланысты дау биыл талайға тұсау болғаны анық. Дегенмен аталған мәселені облыс әкімі тікелей бақылауына алып, тиісті келіссөздер жүргізілді. Ал «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Бауыржан Мазбаев биыл ешқандай қиындық туындамайтынын, қант қызылшасын қабылдау өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын айтты. – Қазіргі таңда тәтті түбір алқабының 90 пайызынан жиналған өнімді қабылдап алдық. Енді көрші Қордай ауданынан 45 гектарға жуық алқаптан жиналған өнім келеді деп күтілуде. Жүк көліктерін кезек күттірмей, жұмысты барынша жылдамдатып жүргіздік. 29 қазаннан бастап зауытты іске қостық. Шикізатты өңдеу басталып кетті. Осы жылы қанттың бағасы көтеріліп, 260-300 теңгеге дейін жетті. Бағаның көтерілуіне байланысты биыл шаруалар алдында берешегіміз болмайды деген ойдамыз, – деді Б.Мазбаев. Өзге де аудандардағы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшыларымен, шаруа қожалық төрағаларымен тілдесіп, биылғы қызылша жинау науқанының табысты өтіп жатқанына көзіміз жетті. Бір сөзбен айтқанда егін сайлы, шаруалардың көңілі жайлы екен.

  Талғат НҰРХАНОВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар