сенбі, 23 қараша, 2024 9:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Ит атқыштар» адамды ит талағанда ғана келе ме?

«Ит атқыштар» адамды ит талағанда ғана келе ме?
ашық дереккөзі
«Ит атқыштар» адамды ит талағанда ғана келе ме?

Бала күнімізде «Ауылға ит атқыштар келеді екен» деген хабарды естісе, жұрт бос жүрген төбеттерінен бастап, шәуілдек кәнденіне дейін көшеге шығармауға тырысатын. Мойнына көзін ашқалы қарғыбау салынып көрмеген момақан иттің өзін екі-үш күн аула ішінде байлап ұстайтын. Өйткені «ит атқыштар» көшеде бос жүрген төрт аяқтыларды көре қалса, әй-шайға қарамай атып тастайтын. Бүгінде мұндай үрдіс келмеске кеткен. Бәлкім сондықтан да шығар, қаңғыбас иттердің ауық-ауық болса да көбейіп кетуі қоғамда өзекті мәселе ретінде жиі көтеріліп тұрады.

Мәселен Сарысу ауданы Саудакент ауылының тұрғыны Нұржан Есмаханов ауылда қаңғыбас ит көбейіп кеткенін, оған қарсы аудандық ветеринария саласының мамандары мен ауылдық округ әкімдігі тарапынан ешқандай шара қолданылмай отырғанын айтып, дабыл қағуда. Оның сөзіне сүйенсек, аталған ауылдық округ әкімі Амантай Назарбековтің жауапсыздығынан кезбе иттер көбейіп, қазір олар адамға шабуыл жасай бастаған. – Ауылдық округі әкімі Амантай Назарбеков жылда ақпан айындағы тұрғындарға есеп берер алдында көзбояушылық үшін ит аулаттырады. Қалған уақытта бұл іске онша көңіл бөлмейді. Карантиннен кейін бұл тірлік мүлде мақұрым қалды. Қаңғыбас итті ауламақ тұрмақ, малдың түрлі ауруларына қарсы екпе жүргізу ісімен де тиянақты айналыспайды. Салдарынан көктемде жануарлар арасында жедел тарайтын жұқпалы күл ауруынан бірқатар тұрғынның малы қырылды. Бұл туралы YouTube видеохостингіндегі өзімнің жеке каналымда жариялағанмын. Егер біз жаңсақ айтып отырсақ, тиісті орындар заңға сүйрер еді ғой. Ал жауаптылар істі ұқсатудың, мәселенің алдын алудың орнына былықтарын жылы жабудың қамымен жүр. Мұның соңы қоғамға зардабын тигізуде. Мәселен 2 қарашада тапа-тал түсте Саудакент ауылындағы Б.Кәріұлы көшесінде тұратын Сенбі есімді ауылдасымыздың 5-сыныпта оқитын қызын «Арзан» дүкенінің алдында бір топ ит талап тастады. Бұл туралы Facebook парақшамда да жазба жарияладым. Мақсатым – ит аулауға қатысты мәселеге орай нәтиже шығару. Қаңғыбас иттердің түрлі жұқпалы ауруларды таратумен қатар адамға шабуылдап, өміріне, денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретінін, қоғамға олардан келер қауіп-қатер көп екенін біле тұра ауыл әкімі шаруаны шатқаяқтатып отыр. Бұл айта-айта жауыр болған мәселе. Қаңғыбас иттер қазір адам талап жатыр, олардың көзін жою үшін міндетті түрде адам шығыны болуы керек пе?! – дейді Нұржан Жәнкеұлы. Негізі қаңғыбас иттердің көбеюі тек сарысулықтарға ғана тән емес, барлық ауданға ортақ мәселе. Әйтсе де біз «ит қапты» деген қыздың әкесі – Сенбі Төлегеновпен тілдесіп, мән-жайдың анық-қанығын өзінен сұрадық. – Қызымның жағдайы жақсы. Дәрігерлерге көмек көрсеткені үшін рақмет! Жалпы қазір иттердің табиғи жолмен көбеюге ұмтылып, шұбырып жүретін кезі. Бұрын екеу-үшеуден жүретін қаңғыбас иттер қазір біріккен. Олар үлкендерді де талаудан тайынбайды. Жалғыз мен ғана емес, ойын балаларының мектепке барып келуі, күндіз көшеде емін-еркін жүруі барлығымызды алаңдатады. Жауаптылар мұндай иесіз иттердің өмірімізге қаншалықты қауіпті екенін біле тұра, олардың көзін жоймай отыруы түсініксіз, – деді ол. Тұрғындардың амандығы мен ауызбіршілігіне жауапты Байқадам ауылдық округі әкімі А.Назарбековпен тілдеспек ниетте оның ұялы телефонына қоңырау шалдық. Аудан әкімдігі баспасөз хатшысы Дариха Үмбетиярованы ортаға салып, газетке пікір беруін өтіндік. Мақсатымыз – тұрғын тарапынан айтылған сын мен қаңғыбас иттің қаптап кету фактісінің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу, бұған дейін ауылда қанша адамның итке таланғанын білу. Бірақ екі-үш күн бойы қоңыраулатқанымызбен, ауыл әкімімен тілдесе алмадық. Ал аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Ұласқан Егеубаев ауылда қаңғыбас иттердің қаптап кетуіне қатысты пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты. Дегенмен бізге облыс бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің маманы Есім Нұрмаханбетовпен тілдесудің сәті түсті. Оның айтуынша, облыста құтырма ауруы адамдар арасында соңғы рет осыдан 4 жыл бұрын Тараз қаласында тіркеліп, салдарынан ол науқас көз жұмыпты. Биыл әулиеаталықтар бұл індеттен аман болғанымен, құтырма диагнозы қойылған 6 жануардан зардап шеккендермен тікелей қатынаста болғандар саны 7 адамды құраған. Жалпы биыл облыста жануарлардың қауып немесе тістеуінен, тырнауынан, сілекейленуінен зардап шеккен 2 мың 687 адам медициналық көмекке жүгінген екен. Оның ішінде Сарысу ауданы бойынша 95 адамның барлығы толығымен антирабиялық екпе курсын алған. Жалпы зардап шеккендердің 1 мың 213-і 14 жасқа дейінгі балалар болса, оның 43-і сарысулық жеткіншек. Облыс бойынша 13 бала ауруханаға жатып ем қабылдаса, оның үшеуі Сарысу ауданынан. – Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының осы жылдағы 9 айға қатысты берген мәліметі бойынша иесіз, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау үшін әкімшілік тарапынан 60 миллион 231 мың теңге қаражат бөлініп, 26 бригада жасақталған. Осының ішінде Сарысу ауданы бойынша 4 миллион 263 мың теңге қаражат бөлініп, 1 бригада құрылған. Облыс бойынша 22 мың 106 ит пен 289 мысық ауланып, эвтаназия әдісі қолданылса, Сарысу ауданы бойынша 379 ит пен 8 мысық ауланып жойылды. Өңірдегі ауылшаруашылық және үй жануарларына құтыруға қарсы алдын ала екпе 30 мың мүйізді ірі қара және уақ малға, 5 мың 600 жылқыға,13 мың 600 итке және 3 мың 110 мысыққа егілген. Облыс көлемінде құтырма індетінің эпизоотиялық жағдайы сақталуда, облыстық ветеринарлық зертхананың мәліметі бойынша ауылшаруашылық және үй жануарлар арасында жалпы құтырмаға қарсы 87 сынама түскен. Осының ішінде 6 жағдай оң, 78 жағдай теріс нәтиже көрсетсе, қалғаны тексеріс үстінде. Сарысу ауданы бойынша түскен 16 сынаманың барлығында індет белгісі жоқ. Десе де алдын алу шаралары бойынша күрделі эпизоотиялық және эпидемиялық жағдайды ескере отырып, нақтылы жұмыстар жүргізілді. Бұл бағытта түрлі семинарлар ұйымдастырылып, 2 медициналық кеңес, 1 рет төтенше жағдайлар отырысы өтті. Баспасөз беттерінде материалдар жарияланып, сұхбаттар ұйымдастырылуда. Радиодәрістер оқылып, тұрғындармен әңгімелесулер жүргізіліп, жаднама парақтары таратылуда, – дейді Е.Нұрмаханбетов. Бір айта кетерлігі, Сарысу ауданы Байқадам ауылдық округі әкімімен тілдесе алмағанмызбен, аталған ауылдық округ әкімдігі Саудакент ауылының тұрғыны Нұржан Есмахановтың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған осы мәселеге қатысты жазбасына жауап берді. Онда ауылдық округ әкімдігі тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілгені, ауылдағы Т.Рысқұлов көшесі бойындағы «Арзан» дүкені жанынан 11 жасар қыз бала өзінің күшігін соңына ілестіріп, өтіп бара жатқанда Т.Рысқұлов көшесінің тұрғыны Т.Әмзеевтің иті ол қыз баланы қапқаны, қызды иттен Е.Садықов пен М.Үсенбаев дейтін ауыл тұрғындары арашалап алғаны, оқушының қазір аман-есен үйінде екені айтылған. Сөзбе-сөз келтірсек, «Аталған оқиға бойынша ит иесіне шара қолдану жұмыстары жүргізілетін болады. Жалпы ауылдық әкімшіліктерге бос немесе иесіз жүрген иттерді аулауға қаражат қарастырылмайды. Бос жүріп қараусыз қалған иттерді аулау, ауыл тұрғындары тарапынан жергілікті әкімшілікке өтініш берген кезде, Сарысу ауданының ветеринариялық бөліміне өтінішпен бірге аулау жөнінде хат жолданады. Осы ветеринариялық бөлім өздерінің келісім шарт жасаған тұлғалармен иттерді аулау жұмыстарын жүргізеді» делінген желідегі жауап жазбада. Осыдан кейін біз облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Динара Миллионоваға хабарласып, «Егер тұрғындардан өтініш түспесе, қаңғыбас ит көбейе бере ме?» деген сұрақ қойдық. – Аудандарда ауланған қаңғыбас иттерді уақытша ұстау орындары жоқ. Оған қаражат қарастырылмаған, питомник салу үшін қомақты қаржы қажет. Егер ауланған итте иесі бар деген белгісі (ошейник) жоқ болса, ит ауланған маңайдағы адамдарға сұрау салынады. Иесі табылмаса, иесіз итке эвтаназия жасалады. Негізінен ит тұрғындар өтініші бойынша ауланады. Өйткені ит не мысық болсын кез келген жануардың құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар бар. Өз бетімізше ит аулауға болмайтыны осындай мәселелерден туындаған. Егер кез келген тұрғын кезбе иттің көбейіп кеткені жөнінде аудан әкімдігінің ветеринария бөліміне немесе бізге тікелей хабарласса, өтініштері қабылданып, оны аулау жұмыстары жүргізіледі, – деді Динара Жаңабайқызы. Демек заңға салсақ, «мынаның иесі жоқ» деп кез келген ит-мысықты атып тастауға жол жоқ. Сондықтан тұрғындардың топ ит көрсе тиісті орынға хабарласып, қалған уақытта сақ жүргеннен басқа амалы болмай тұр.

  Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар