жұма, 5 шілде, 2024 1:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тоғыз айдың табысы толымды

Тоғыз айдың табысы толымды
ашық дереккөзі
Тоғыз айдың табысы толымды

Өңіріміздің жалпы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері республикада алда тұрғанымен, бірлі-жарым сала бойынша ортадан төмен. Бұған кейбір аудандардың тиісті нәтижеге қол жеткізе алмауы себеп болған. Мәселен Мойынқұм ауданында өндіріс саласында өсім жоқ болса, Меркі ауданында ұсақ мал саны кеміген. Сол секілді, Тараз қаласында биыл тапсырылуы тиіс білдей 5 білім нысанының құрылысы тиісті мерзімінен кешігуде. Осы тектес кемшіліктер барлық өңірге тән болғанымен, Тараз қаласы мен Байзақ, Меркі, Сарысу аудандары бірқатар сала бойынша тиісті көрсеткішке қол жеткізе алмай отыр. Аталған кемшіліктер өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші мен негізгі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды.

– Жалпы алғанда өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысы да көңіл көншітерлік. Нақты айтқанда, негізгі көрсеткіштеріміз былтырғы жылдан жоғары. Республика бойынша да алда келеміз. Дегенмен біздің бұдан да жоғары межені бағындыруға, көрсеткіш көлемін ұлғайтуға әлеуетіміз бен мүмкіндігіміз толық жетеді. Ол үшін Мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырмаларды дер кезінде орындауымыз керек. Сонда ғана біздің ең негізгі міндетіміз – халықтың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік туады, – деді Бердібек Машбекұлы.

Жиында облыс әкімінің орынбасарлары Талғат Мамаев, Алмас Мәдиев, Ұлан Жазылбек, Ержан Жылқыбаев, Берік Нығмашев баяндама жасап, әрқайсысы өздері жетекшілік ететін саласында кеткен кемшіліктер мен орындалмаған тапсырмаларға жеке-жеке тоқталды. Талғат Шариұлының айтуынша, облыстың жалпы өңірлік өнімі 3,8 пайызға өскен. Мәселен, экономикалық өсім 102,3 пайызды құрап, сауда мен көліктен басқа өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, салықтық түсім, жалақы, бюджет кірістерінің көлемі артқан.

– Өңірлер бөлінісінде өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсуі Мойынқұм ауданынан басқа барлық аудандарда байқалады. Бұл ауданда өнеркәсіп өндірісі 8 пайызға төмендеп кеткен. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Шу және Жуалы аудандарында кеміген.

Ауыл шаруашылығы өніміне келсек, Мойынқұм ауданында түйе 5,9 пайызға, ал ұсақ мал осы ауданда 5,3, Сарысуда 10,3 пайызға азайды. Ет өндірісі Қордай, Меркі аудандары мен Тараз қаласында кеміген. Тоқ етерін айтқанда, облыстың барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жоғары деңгейде қалыптасқанымен, Мойынқұмда өнеркәсіп өндірісі, Сарысуда инвестиция мен құрылыс, Шуда да құрылыс көлемі, ал бөлшек сауда Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласында әлі де төмен деңгейде қалыптасып отыр, – деді Т.Мамаев.

Алмас Өскенбайұлы облыстың өнеркәсіп саласында ірі, орта және шағын кәсіпорындарды қосқанда барлығы 701 кәсіпкерлік субъектісі биыл 365 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда меже 101,7 пайызға артық орындалғанын сөз етті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі барлық аудандар мен Тараз қаласында артып, тек Мойынқұм ауданында 8 пайызға төмендеуін «Алтыналмас» акционерлік қоғамында алтын өндірісінің 6,1 пайызға төмендеуімен байланыстырды. Оған кәсіпорынның шілде айында құрылғылары істен шығып, екі кен орнында жұмыс тоқтауы себеп болыпты. Десе де, қазір ақау жөнделіп, барлық кен орындары іске қосылған.

– Аудан, қала әкімдері тоқтап тұрған немесе толық жұмыс істемей тұрған кәсіпорындардың жүктемесін арттыру оны іске қосу бойынша тиісті деңгейде жұмыс жүргізбей отыр. Мәселен, Меркі ауданында «Алкопищепром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бес жылдан бері бос тұр. Бұрнағы жылы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған «Са Ба ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де осы күнге дейін бір де бір өнім өндірмеген. Осындай мәселелер жылды қорытындылағанда да өнеркәсіп өнімінің төмен көрсеткіш көрсетуіне сеп болуы мүмкін. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне облыс әкімінің өкімімен тоқсан сайын инвестиция көлеміне мониторинг жасау жоспары бекітілген. Бірақ, Сарысу, Мойынқұм және Шу ауданы әкімдіктері тарапынан бекітілген меже орындалмай отыр. Осы жылы облыста құны 14 миллиард 8 миллион теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жоспарланған. Алайда, жоспарланған жобалардың ішінде екі жобаның уақытында іске қосылмау қаупі бар. Сондықтан қала-аудан әкімдіктері тарапынан осы жобаларға тұрақты сүйемелдеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуі қажет, – деді ол.

Ұлан Еркінұлы жетекшілік ететін салада да кейбір нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізілмеген және шешімін таппай отырған мәселелер бар. Соның бірі білім нысандарының құрылысының межелі мерзімде аяқталмауы болып отыр. Атап айтқанда, Шу ауданындағы Алға, Бірлікүстем елді мекендеріндегі және Қордай ауданы «Күнбатыс-2», Қалғұты ауылдары мен Тараз қаласындағы 5 мектептің құрылысы мерзімінен кешіккенімен қоймай, кейбірінің биыл пайдалануға берілетін түрі жоқ.

– Қордай ауданындағы «Күнбатыс-2» орта мектебі мердігерлеріне сан мәрте шара қолданып, ескерту берілгеніне қарамастан нысан құрылысының мерзімінде орындалмау қаупі бар. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы №2, 22, 16 мектептері келер жылға қалып отыр. Бұдан өзге, жер тарату бойынша да аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қажеттігі туындайды. Өйткені, осы жылға жоспарланған 4 мың 123 жер телімінің небәрі 637-сі ғана беріліп отыр. Кейбір аудандарда жер теліміне кезекке тұрған адам саны көп бола тұра жер телімін бөлу жоспары төмен және жер беру фактісі тым аз. Электр, ауыз сумен қамтамасыз ету, кәріз секілді инженерлік желілерге қатысты жобалардың жүзеге асуы да сылбыр жүруде. Аталған жобалар ағымдағы жылы іске аспаған жағдайда 14-ықшамауданда келер жылы пайдалануға берілуі тиіс облыстық онкологиялық диспансердің іске қосылмау қаупі бар. Осы тектес жобаларды аяқтау және сараптама қорытындысын алу бойынша аудан әкімдіктері және облыс әкімдігі құрылыс басқармасы арасында іс-шаралар жоспары бекітілген. Алайда, аудан әкімдіктерінің немқұрайдылық танытуына байланысты жұмыс жүйесін таппай тұр, – деді Ұлан Жазылбек.

Әлеуметтік саладағы жетістіктерді баяндаған Ержан Жылқыбаев салада туындап отырған кейбір мәселелерге де тоқталды. Мысалы өңірде денсаулық сақтау саласында ана өлімі, қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерінің артуы байқалады. Мұндай келеңсіздіктің орын алуына Тараз қаласы мен Байзақ, Сарысу, Шу аудандарының көрсеткіші әсер етіп отыр екен.

– Аталған өлім-жітімді төмендету мақсатында бірқатар жұмыстарды жандандыру қажет. Соның бірі – ерте кезеңдегі аурулар мен дерттің пайда болуына ықпал ететін қауіпті факторларды анықтау бағытында скринингтік тексерулер жүргізілуі қажет. Бұл тұрғыда білікті кадрларды тарту, медициналық мекемелерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажет, – деген Ержан Жұматұлы коронавирус індетінің болуы мүмкін екінші толқынына және білім беру мекемелерінің дәстүрлі оқытуға дайындық барысын сөз етті.

Берік Болатұлы агроөнеркәсіп кешені саласында атқарылаған жұмыстар туралы баяндай келе, облыстың егістігін ұлғайту жөнінде берілген тапсырмаға сәйкес, босалқы жер қорындағы 39,9 мың гектар егістіктің 17,5 мың гектары жарамды екенін анықтағанын, оны қайта айналымға қосу арқылы егіс алқабын ұлғайту мүмкіндігі анықталғанын жеткізді.

– Егіс көлемі есепті мерзімде 9,7 мың гектарға артты. Жыл қорытындысымен 15,7 мың гектарға ұлғайту көзделуде. Дегенмен, егістікті ұлғайтуда Байзақ, Шу аудандарында талап орындалмай отыр. Сондықтан, аудан әкімдерінің осы істі қатаң бақылауға алуы туралы тапсырма беруіңізді сұраймын, – деді Б.Нығмашев.

Өз кезегінде облыс әкімі кейбір сала бойынша межеге қол жеткізе алмаған Тараз қаласы мен, Мойынқұм, Байзақ, Сарысу, Қордай аудандарының әкімдерінен осы шаруаға жауапты бірқатар басқарма басшыларынан жауап алды.

– Бар-жоғы екі айдан кейін жылды қорытындылаймыз. Осы ретте кейбір аудандарда өнеркәсіп өнімінің, инвестиция көлемінің әлден төмен болуы жыл соңында қажетті көрсеткішке қол жеткізе алмау қаупін тудыратынын ұғынуымыз қажет. Тараз қаласында өнеркәсіп өнімі көлемінің өсімі 100 пайыздан аспай отыр. Облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары арқылы өндірілген өнімнің 50 пайыздан астамы Тараз қаласының кәсіпорындарына тиесілі. Егер Таразда бұл іс кенжелесе, онда басқасына не жорық? Мектептердің де күрделі жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуі бұл саладағы жұмыстың жүйесіздігін көрсетеді. Негізгі мәселе – қазынадан бөлінген қаржыны уақытылы игеру. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолға алынған жобалар уақытында жүзеге аспаса, оған бөлінген қаржы игерілмесе келер жылы бұл мақсатта республикалық бюджеттен қаражат қарастыру қиынға соғады. Ең негізгі мәселе – халықтың жұмыспен қамтылуы, тұрғындар арасында көтерілген мәселелердің жергілікті жерде шешімін табуы. Қазір жұрт ауылдық, аудандық деңгейде шешімін таппаған мәселені шешу үшін әлеуметтік желі арқылы облыс әкіміне, тіпті, Президенттің атына хат жазу, үндеу жолдауға дейін барып жатыр. Сол жайттар шындаса жергілікті жерден-ақ шешімін табатын мәселе. Елдің әлеуметтік желідегі өтінішіне құлақ асып, оны бақылауда ұстау қажет. Жұртты сабылтпауға, мәселені ушықтырмауға көңіл бөлген жөн. Халықтың көңіл күйі аудан әкімдерінің жұмысына байланысты. Елді мекендерге су, газ құбырын тартуда мәселе биыл шешілмейтін болса, ол халыққа түсіндірілсін! Тұрғындар ауылдың газға қосылмау себебін білуі керек. Сонымен қатар, мемлекеттік және бюджеттік мекемелер мен қоғамдық көліктерді газға ауыстыру да қиын шаруа емес. Тағы бір айта кетер жайт, облыста «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасына» қатысты қуатты жобалар жоқ. Барлық аудан әкімдеріне айтарым, осы бағытта ұсынылатын жобалардың ауқымды болуы маңызды, – деді Б.Сапарбаев.

Жиын соңында аймақ басшысы жауаптыларға барлық өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыруды, әсіресе нан бағасын өсірмеуді қатаң тапсырды. Берілген тапсырмалардың орындалуын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші былтырғы және республикалық межеден төмен болмауын назарда ұстауды ескертті.

  Нұрым Сырғабаев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар