сенбі, 23 қараша, 2024 8:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«DAMU»-дың қолдауынан құр қалмаңыз!

«DAMU»-дың қолдауынан құр қалмаңыз!
ашық дереккөзі
«DAMU»-дың қолдауынан құр қалмаңыз!

Қазіргі таңда облыста шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып, түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Оның ішінде атап өтерлігі, «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңір кәсіпкерлеріне жыл басынан бері 7,2 миллиард теңгені құрайтын 118 жобаға субсидиялау түрінде қолдау көрсеткен. Сондай-ақ, 115 жобаға 4,3 миллиард теңге кепілдік түрінде бөлінген. Тілге тиек ете кететін жайт, аталмыш қор бұл қаржыны жеңілдікпен кредиттеу мемлекеттік бағдарламасы арқылы берген. Бұған «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастырған баспасөз туры барысында көз жеткіздік.

Аймақты ас атасымен қамтамасыз етуде

Аймақты нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Козин А.А» жеке кәсіпкерлігі облыс нарығында 8 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Мұнда «Хлебный дар» сауда маркасымен бірінші сұрыпты нан, багет, кепкен нан мен бәліш пісіріледі. Қазіргі таңда цехтың қуаттылығы тәулігіне 60 мың нан мен май өнімдерін құрайды. Ал, ұнды тәуліктік тұтыну көлемі 30 тонна екен.

– Компанияда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Екі ауысыммен жұмыс істейтін олардың айлық жалақылары 80-160 мың теңге аралығында. Жасыратыны жоқ, өнімімізге жыл сайын сұраныс артып келеді. Сондықтан өндіріс көлемін ұлғайту үшін тағы бір цех ашу керек болды. Осылайша біз «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдау тетіктері арқылы 90 миллион теңге несие алып, жаңа цехтың жұмысын бастап кеттік. Бүгінде аталмыш цехтың жұмысы 95 пайызға аяқталып тұр. Келер жылдың басында цех іске қосылса, бірнеше тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Негізінен, «DAMU» қоры біз секілді бизнесін ұлғайтамын деген кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Себебі, онда несие төлеуде алты айлық үзіліс те қарастырылған, – дейді «Козин А.А» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Анатолий Козин.

Айта кетерлігі, кәсіпкер осы жылдың шілде айында «DAMU» қорының қолдауымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы жылдық 15 пайыздық мөлшерлемемен 90 миллион теңге несие алса, оның 9 пайызын аталған қор субсидиялапты. Қалған 6 пайызды компания өзі өтейді екен.

«Сарыбастың» шұжығына сұраныс көп

Шұжық өндірумен айналысатын «Сарыбас» жеке кәсіпкерлігі ел нарығында 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда шұжықтың 39 түрін «Сай-ко», «Сарыбас», «Болат және Ко» сынды сауда маркаларымен шығаратын өндіріс ошағы өнім көлемін ұлғайту мақсатында 2018 жылы «DAMU» қорына жүгініп, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жаңа жабдықтар сатып алыпты. Кәсіпорын басшысы Берік Сабданалиевтің айтуынша, екінші деңгейлі банктен компанияға жылдық 14 пайыздық мөлшерлемемен 276 миллион теңге сомасына несие беріліпті. Оның 8 пайызын «DAMU» қоры субсидиялапты.

– Нарықта 12 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз. Біз сервелат, күркетауық, ірімшік қосылған күркетауық, прима, бұзау, сиыр етінен шұжық шығарамыз. Біздегі цехтың өндірістік қуаты 9-10 тоннаны құрайды. Сонымен қатар кәсіпорында тұқым, пісте және жержаңғақ өндірісімен айналысатын цех та жұмыс істейді. Жалпы біз өнімімізді еліміздің 15 облысы мен бірге Ресей, Қырғыз Республикасына да экспорттай бастадық. Көрші елдерге айына 40 тонна өнім жөнелтеміз. Бұл межелі мақсатты орындау үшін компанияда 100 адам жұмыс істесе, олардың орташа еңбекақылары 120-150 мың теңгені құрайды, – дейді басшысы Б.Сабданалиев.

«Ақсарай» ұны Ауғанстанға экспортталады

Өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлік нысанның бірі – «Сырлыбай Б.Ә.» жеке кәсіпкерлігі. Компания аталған бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктен жылдық 14 пайыздық мөлшерлемемен 95,3 миллион теңге несие алған. Оның 7 пайызын «DAMU» қоры субсидиялап беріпті. Нәтижесінде компания 2016 жылдан бері нарыққа шығып, «Жеңеше» жайма өнімдері мен «Слойка» қатпарлы қамырын өндіріп келеді.

– Нақты уақытта бізде 120 адам тұрақты жұмысқа тартылса, тәулігіне 70 тонна өнім шығарып жатырмыз. Оны алдағы уақытта 120 тоннаға дейін жеткізу жоспарымызда бар. «Ақсарай», «Науай» маркаларымен өндірген өнімдеріміз елімізге танымал дүкендер желісі арқылы саудаланады. Сонымен қатар, Ауғанстан еліне ұн экспорттауды жолға қойдық. Аталмыш елге айына 1000-2000 тонна өнім жібермекпіз, – дейді кәсіпорынның атқарушы директоры Бейбітқазы Әмірханов.

«Кәсібім – нәсібім» деген жамбылдық бизнесмендер үшін қолға алған шаруаларын одан ары кеңейту үшін кейде қаржының қолбайлау болатыны белгілі. Мұны ескерген мемлекетіміз түрлі бағдарламалардың ретін тауып, кәсіпкерлерді барынша қолдап келеді. Сол секілді, «Сырлыбай Б.Ә.» жеке кәсіпкерлігі «DAMU» қорының қаржылық қолдауын барынша сезініп, ұнды өлшеп, орауға арналған диірмен жабдығы мен буып-түю аппаратын сатып алған. Осылайша, ондағы өнім көлемі де артқан.

  Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар