сенбі, 23 қараша, 2024 5:08

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануда

Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануда
ашық дереккөзі
Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануда
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы немесе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса мән берілген қарапайым заттардың экономикасы негізінде тұңғыш рет біздің облысымызда қолға алынғанын баса айтуымыз қажет. Қанатқақты жоба өз жемісін де беруде. Жуалы ауданында жоба бойынша 2,5 пайызбен несие алған Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары үй іргесіндегі жерлерін тиімді игеру арқылы жайлап еңсе тіктеп келеді.
Осы ретте ауылда болсын, қалалық жерлерде болсын тырбанып тірлік жасап, отбасын асырап әрі басқаларға жұмыс көзін тауып беріп отырған еңбекқор азаматтарды көптеп кездестіруге болады. Солардың қатарында Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Бәйтерек ауылында тұратын Үсен Егембердиев пен Бота Сәрсенбаеваның да отбасы бар. Үсен мен Бота Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Жоғары Шыршық ауданының түлектері. Екеуі де аталған ауданға қарасты Сексен ата ауылында туыпөскен. Отағасы ұстаздар отбасында туыпөссе, отанасы Бота шаруа отбасында тәлім-тәрбие алған. Бұл жас отбасы 2003 жылы Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласына қоныс аударып, сонда 2019 жылға дейін тұрыпты. -2003 жылы атажұртымызға қоныс аударып, өткен жылға дейін тарихы терең Тараз қаласында тұрдық. Күйеуімнің мамандығы дәнекерлеуші. Жұмыстың ыңғайымен облыс орталығында, содан кейін басқа облыстарда болды. Өзім «Жібек жолы» базарында сауда-саттық жасадым. Қалада да жер үйде тұрып, шағын ғана жерімізге бақша дақылдарын егетінбіз. Былтыр отағасы екеуміз ақылдаса келе Жуалы ауданына қарасты Бәйтерек ауылына біржолата көшіп келдік. Ең алдымен, осы ауылдан 100 соттық жер сатып алдық. Қаладан көшіп келмес бұрын күйеуім бір жыл бұрын үйдің құрылысын бастады. Мамандығы дәнекерлеуші, құрылысшы болғандықтан үйдің құрылысын өзі жүргізді. Содан үш бөлмелі шағын үй тұрғызып, қосалқы жай салып, осында көшіп келіп жатырмыз. Негізінен біздің отбасы мүшелерінің бау-бақша егуге жаны жақын. Биыл көктемнен бастап жерді жақсылап өңдеп, бау-бақша дақылдарының бірнеше түрін егіп, жақында жинап алдық. Атап айтқанда, шағын жерге картоп, сәбіз, қияр, баклажан, қырыққабат, қызанақ, тағы да басқа бақша дақылдарын ектік. Өнім жаман болған жоқ. Отбасымыздан артылғанын сатып, балаларға нәпақа етіп отырмыз. Жолдасым көбінесе дәнекерлеу, құрылыс жұмыстарында болады. Бау-бақшаға көбінде өзім қараймын, балаларым көмектеседі,- дейді Бота Сәрсенбаева. Әңгімеміздің басында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы, қарапайым заттардың эк ономик асы т уралы айтқанбыз. Бұл отбасы жоба бойынша ешқандай несие алмай-ақ, шағын кәсіптерін жүргізіп отыр. Күздің соңғы айында пісіп-жетілетін қырыққабат бақшада жайқалып тұрғанын көрдік. Басқа дақылдарды ертерек жинап алған екен. Еңбек еткенді жаны сүйетін бұл отбасы бақша дақылдарын баптаумен қатар азын-аулақ мал ұстайды екен. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, шағын болса да алмабақ отырғызу жоспарында бар көрінеді. Бұл отбасында Болатбек, Жанат, Мөлдір есімді ұл-қыздар өсіп келеді. Адал еңбекпен есейіп, жетіліп келе жатқан бұл еңбекқор отбасына біз де мол табыс тіледік.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар