Қайтарымсыз грант иегерлері 100 адамды жұмыспен қамтып отыр
- авторjambylinfo.kz
- 6 қазан, 2020
- 328
Жұмыспен қамту шаралары, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту істері мемлекет үшін де, тұрғындар үшін де маңызды саналатындықтан бұл салаға мемлекет тарапынан да баса көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының атқарар рөлі зор. Себебі, аталған бағдарламаның аясында қаншама тұрғын жұмыспен қамтылып, кейбірі кәсіпкерлік бастамасын ашып, түрлі бағытта жұмыс істеуде.
Аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, аталған бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде 2020 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жалпы 120 азаматты жолдау жоспарланған. Атап айтқанда, (дәнекерлеуші-15, тракторшы-20, аспазшы-20, тігінші-15, шаштараз-15, ірімшік өндірісі-10, көлік жүргізуші-10, кондитер-15). Есепті мерзімде 120 қатысушы №16 Жуалы колледжіне және Тараз қаласының колледждеріне оқуға жолданып, жоспар 100 пайызға орындалған. Оқуды ұйымдастыруға облыстық бюджеттен бөлінген 25848,0 мың теңге қаражатының 15399,0 теңгесі игерілді. Ал бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде кәсіпкерлік істерін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген 132 үміткер тізімге тіркеліп, оларға микрокредиттік ұйымдарға бағыттамалар берілді.
Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамытуға 145 қатысушыға 545 млн 161 мың теңге берілу қарастырылған. Есепті мерзімде жалпы 105 қатысушыға 403 млн теңге шағын несиелер беріліп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Жаңа бизнес-идеяларды, бастапқы бизнесті іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастама бойынша 2020 жылы қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға 270 әлеуетті қатысушыға 150024,0 мың теңге бөлініп, 150012,0 мың теңгесі толығымен игерілді.
Грант алушы азаматтар есебінен 100 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, бұл шаралар жалғасуда. Қыркүйек-қазан айларында қосымша 314 қатысушыға 174 млн 458 мың теңге көлемінде гранттар берілетін болады. «БастауБизнес» жобасы аясында «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалына кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 638 азаматқа жолдамалар беріліп, олардың ішінен 340 адам оқуларын аяқтады. Бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде уақытша жұмыстарға жалпы 1049 адам жолдама алды. Қоғамдық жұмыстарға 600 жұмыссыз адамды орналастыру жоспарланып, 590 адам жұмысқа орналастырылды. «Жастар практикасына» 296 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, нәтижесінде 272 жас маман жұмысқа жолданып отыр. Уақытша жұмыс мерзімдері аяқталған 72 жас маманның 45-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына жылдық жоспарға сәйкес 120 адамды орналастыру жоспарланып,187 жұмыссыз азамат жұмысқа жолданған.
Мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант ұтып алып, алғаш рет кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асырып жатқан азаматтар Нұрлыкент ауылында да жетерлік. Солардың бірі – Гүлнұр Керімқұлованың отбасы. Ерлізайыптылар Әлібек Китжан мен Гүлнұр Керімқұлова 2000 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданынан Нұрлыкент ауылына қоныс аударған екен. Отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені Ринат Әжімбет Тараз қаласында фельдшер болып жұмыс істейді. Ал қыздары Гүлзат Алматы қаласында байланыс саласында оқып бітірген. Екінші ұл Бақтиярдың да мамандығы да медицина қызметкері, ал кенже қыз Алматы экономика колледжінде білім алуда.
Отағасы Атырау қаласында вахталық әдіспен жұмыс істейді екен. Мамандығы - көлік жүргізуші. Отанасы Гүлнұр Тұрғанқызының негізгі мамандығы кондитер-наубайханашы. Бұрыннан нан және нан өнімдерін, тәттілердің неше түрін пісіретін шебердің қолынан шыққан өнімдерге ауылдастарынан сұраныс қашанда жоғары.
Гүлнұр жақында ғана 550 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік гранттың иегері атанды. Гүлнұр Керімқұлова биыл Тараз қаласындағы №12 «Тараз» колледжін «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі мамандығы» бойынша бітіріп, диплом алған. Соның нәтижесінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп отыр. Жақында грант иегерімен кездесіп, алға қойған жоспарлары туралы сұраған едік.
– Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында арнайы мамандық алып, соған сәйкес мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндік туды. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары тиісті жолдама беріп, мені оқуға жіберді. Тараз қаласындағы колледжде үш ай оқып, мамандық алдым. Міне, жақында 550 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсіпкерлігімді ашып отырмын. Грант қаражатына нан пісіретін шағын электр пешін сатып алдым. Алдағы уақытта пешті орналастырып, шағын наубайхана ашамын деп жоспарлап отырмын. Әзірге пешті үйімнің бір бөлмесіне орналастырып, нан пісіріп жатырмын. Қазір нарық заманында сұранысқа сай жұмыс істеуің қажет. Әзірге сұраныс орта деңгейде. Нанның бірнеше түрін, тәтті нанның да бірнеше түрін пісіремін. Әзірге туындап отырған проблема, ол 380 вольттық электр тоғының қолжетімсіздігі. Нан пісіруге арналған мұндай пештің толық қуатында жұмыс істеуі үшін жоғары қуатты электр тоғы қажет екен. Осы орайда аталған мәселені шешуге аудандық электр желілерін тарату мекемесі мен ауылдық округтің әкімшілігі ықпал етсе деген тілегім бар. Егер осы мәселе шешілсе, шағын наубайхананың жұмысын толық қуатында пайдалануға күш салатын боламын. Жақында үйімізден шағын дүкен аштық. Енді мұнда өзім пісірген нан өнімдерін ауыл тұрғындары еш кедергісіз сатып ала алады. Алдағы мақсатым - кәсіпкерлігімді ары қарай кеңейту,- дейді Гүлнұр Тұрғанқызы.
Грант иегерінің үйінен кәсібінің ашылуына байланысты аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының бас маманы Ерік Сұрамысов, ауылдық округтің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев барып, Г.Керімқұлованың алғашқы бастамасына табыс тіледі.
Нұрлыкент ауылында жұмыспен қамту шараларына белсене қатысқан 41 азамат биыл дәл осындай мемлекеттік қайтарымсыз гранттарға қол жеткізген. Ал өткен жылы 30 азамат қайтарымсыз грант алып, кәсіпкерлік істерін ашқан. Ерінбей еңбек еткен жандардың кәсібінің нәсібін көруге деген құлшыныстары бізді де қуантады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз