Экономика
Үйге газ кіргізу құны неліктен 1 млн теңгеден жоғары?
- авторjambylinfo.kz
- 17 қыркүйек, 2020
- 368
Үйге газ кіргізу құны неліктен 1 млн теңгеден жоғары?
Мемлекет қолдауының нәтижесінде бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде, әсіресе ауылды жерлерге газ тарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Дегенмен Жамбыл облысы Шу ауданының орталығы Төле би ауылына газ тарту мәселесі бес жылдан бері әлі шешімін таппай отыр.
Кезінде, яғни 2012 жылы желтоқсан айында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Бұхара – Ташкент – Бішкек – Алматы» халықаралық магистралды газ құбырына жалғанған «Қордай – Шу» жоғары қысымды газ құбырының тұсауын Ұлттық телекөпір арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кесіп, сәттілік тілеген болатын. Жергілікті халық та ауылға көгілдір отынның келетінін естіп, шын қуанған. Алайда 2015 жылғы 14 мамырдан бастап «Париев» ЖШС Төле би ауылын газдандыру үшін белгіленіп, газ тарту үшін мердігер жоғары баға қойған. Аталған мәселені тұрғындар талай жылдан бері аудан, облыс әкімдеріне айтып жүріп шеше алмай, ақыры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, хат жазды. Аталған компания мен жергілікті билік басшылары ортақ тіл табысып, бағаны шарықтатып отыр деген тұрғындардың жанайқайы әлі басылар емес. Аспандаған баға, сапасыз жұмыс та ауылдықтардың ашуына әбден тиген.
Жалпы, Төле би ауылында 21 мыңнан астам халық тұрады. Аталған компанияның әрекеті осы уақытқа дейін жергілікті жұртшылықтың наразылығын тудырып отыр. Шу ауданының құрметті азаматы, Төле би ауылының тұрғыны Мәкен Уақтегінің айтуынша, 2017 жылдың сәуір айында бағаны төмендету мақсатында облыстық бюджеттен 251 млн 145 мың теңге бөлінген екен. «Нәтижесінде, Шу қаласы мен Төле би ауылының аралық 8,7 шақырымдық жоғары қысымды газ құбыры аудан әкімдігінің теңгеріміне сатып алынғанымен, айлалы қулықпен мұны мердігер басшылары арзандатпаған. Ауыл тұрғындарын еліміздегі жоқ қымбат бағамен жас баладай алдап келе жатқандарына бес жылға аяқ басқанымен, мәселенің әлі де шешімі табылатын емес», дейді ол.
Ауыл тұрғындарын газбен қамту үшін «Париев» ЖШС-і басында бағаны әр үйге 380 мың теңгеден қояды. «2015 жылы 14 мамырда жердің үсті арқылы болат құбырлармен әр үйге 380 мың теңгеден газ жүргіземіз» деп «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл облыстық филиалынан техникалық шарт алады да, дәл сол 14 мамырда жерасты полиэтилен құбырларымен газ жүргізу қымбатқа түседі деп халықты алдайды. Кейбір қатыспаған адамдардың да орнына қол қойып, екі бірдей жалған хаттама толтырады. Сөйтіп, бағаны 40 мың теңгеге қымбаттатып, 420 мың теңгеге көтереді. Аудан орталығындағы 4200 үйді 40 мың теңгеге көбейтсек, 168 млн теңге шығады екен», дейді Мәкен Уақтегі. Әңгіме мұнымен де бітпей, ақыры 2016 жылдың жаңа жылынан тағы да материалдар қымбаттады деген желеумен бағаны бірден 570 мың теңгеге көтереді. Жалпы, тұрғындар осындай негізсіз қымбатшылыққа наразы. Негізі әрбір ауыл тұрғыны үйлеріне газ тарту үшін 503 мың теңгеден төлеуі керек екен. Алайда ауылдықтар мұны да қымбатсынуда. Өйткені одан бөлек пеш және тағы да қажетті заттарды сатып алу үшін тағы сондай көлемде қаражат керек. Сондықтан төлебиліктер бұл бағаның негізсіз екенін айтып, дабыл қағуда. Ауыл тұрғыны Шүкір Абдуллаевтың айтуынша, ол осыдан екі жыл бұрын өз қаражатымен үйіне газ кіргізген.
«Алматы қаласына екі рет барып пеш, батарея сияқты қажетті заттарды өз қаражатыма алып келдім. Бір пештің өзі 240 мың теңге болды. Жалпы, барлық шығынды қосқанда бір үйге газ тарту құны 1 млн 260 мың теңгеге шықты», дейді тұрғын. Әрине, бұл бір отбасы үшін аз қаражат емес. Ауыл тұрғындарының бәрінің әлеуметтік жағдайының бірдей емес екенін ескерсек, тіпті көп үйлерге газ кірмей қалу қаупі бар. Мәселен, тағы бір ауыл тұрғыны Жеңіс Әбсат 503 мың теңгенің өзі қымбат екенін айтады. «Биылғы қаңтар айында үйге газ кіргіздік. Енді газ кіргізу құнын, жұмысының ақысын, керекті материалдардың көлемін есептейтін болсақ, 1 млн теңгеден астам ақша кетеді. Біз бастапқы қаражатын ғана төледік. Енді қалғанын осы қазан айына дейін төлеуіміз керек. Ауылда істейік десек, жұмыс жоқ. Азын-аулақ малға қарап отырмыз. Амал жоқ, сол малды сатсақ та ақшасын береміз», дейді Жеңіс Әбсат. Негізінен қарапайым халықтың пікірі осы. Көпшілік аспандаған бағамен үйлеріне газ тартуға қауқарсыз.
«Мемлекеттік тіркеуден өтпегендіктен, құрылыс жұмыстары технологиялық талапқа сай орындалмағандықтан 2018 жылы 11 ақпан күні «Жандос» дүкенінің алдында және Сәду Шәкіров пен Қорағаты көшелерінде үш жерде жерасты жарылыстары орын алды. Соның кесірінен Төле би ауылындағы үйлер бірнеше тәулік бойы жылусыз қалған күндер де болды. Сондықтан Шу ауданының әкімі Нұржан Календеровке қоғамдық комиссия құрып, «Париев» компаниясының 8,7 шақырымдық магистальды құбыр мен аудан орталығындағы газдандыру жұмыстарын жан-жақты тексеру қажеттігін айттым. Магистральды құбыр дұрыс орналастырылмағандықтан және Төле би ауылы мен тағы да басқа көршілес 4 ауылға жалғанғандықтан қыстың аязды күндері газ қысымының жетіспеушілігі орын алуы әбден мүмкін екенін жеткіздім. Сондықтан аудан орталығындағы көгілдір отынға қосыла алмаған 2600-ден астам үйді іргедегі Абай ауылының магистральды құбырына жалғауға көмек те сұрадым», дейді М.Уақтегі.
Сондай-ақ аталған серіктестіктің ауыл ішіндегі атқарған жұмыстары сапасыз болғандықтан «ҚазТрансГаз» мекемесі облыстық филиалының тексерісімен 163 адам өміріне аса қауіпті нүктелер анықталған. Нәтижесі, міне үш жердегі жарылыс болып отыр. Тұрғындар сапасыз жұмыстар осылай жалғаса берсе, түбі адам өміріне қауіп төне ме деп қорқатындарын айтуда.
Негізінен көпшілік бұл әрекетке «Париев» ЖШС-і мен аудан басшылығын да кінәлайды. Мәселен, осы мәселе туындағалы соңғы бес жылдың бедерінде ауданда біраз әкім ауысты. Бірақ «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып отыр. «Төрт-бес жыл аудан орталығы тұрғындарын газдандырудағы жосықсыз әрекеттерін атышулы мердігер компанияның басшылары Шу ауданының кей атқамінерлерінің қолдауымен үзбей жалғастырумен келеді. Тіптен, мені қорқытып 2017 жылдың сәуір айында жұмысымызға кедергі келтірді деген сылтаумен 2 млн теңге айыппұл төлетуге Шу аудандық сотына талап-арыз да берді. Заңгер М.Нүсіпов бастаған көзі ашық азаматтардың қолдауымен әрі судья Г.Бөлегенованың әділетті шешімімен маған айыппұл төлетудің орнына өздерінің кей былықтары ашылып қалды. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев көпшілікті қолдаудың орнына, облыс әкімінен бастап Президентке дейін жалған жауаптар беріп, мердігер кәсіпорын басшыларын қолдап келеді. Әйтпесе бұл мәселе әлдеқашан-ақ шешілетін еді», дейді М.Уақтегі.
Ауыл тұрғындары талай уақыттан бері еліміздің бірқатар құзырлы орындарына аталған мәселе бойынша шағымданған. Жуырда Шу ауданының әкімі Н.Календеров аудан орталығы Төле би ауылының тұрғындарымен кездескенде де бұл мәселе тағы көтерілген. Өз сөзінде аудан әкімі облыс басшысымен және тиісті басқарма басшыларымен ақылдасып, осы газдандыру мәселесін шешуге әрекеттеніп жатқанын жеткізген. Н.Календеровтің айтуынша, 5 жылда ауыл тұрғындарының тек 30 пайызы ғана көгілдір отынға қосылған. Яғни мұндай қымбат бағаға қаражаты барлар ғана қол жеткізген. Ал қалған тұрғындар қайтпек? Бұл да талай жылдан бері тұрғындар үшін өзекті мәселе күйінде қалып отыр.
Төле би ауылының тұрғындары аталған мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайтынын жеткізді. Бес жылдан бері қордаланған мәселенің түйінін тарқатып, қарапайым халыққа салмақ салып келген тиісті басшыларға шара қолдануға және «Париев» ЖШС-нің тұрғындардан алған артық ақшасын қайтартып беруге Президенттің көмектесуін сұрайды. Әйтпесе, бес жыл бойы созылып келген мәселе тағы да талай жылға жалғасып кете ме деген тұрғындардың қорқынышы басым.
Жамбыл облысы
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Музейдегі 25 рубль
Ұқсас жаңалықтар
Экономика
Нарықта доллар, еуро мен рубльдің бағамы қандай болып тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024