Қырғыздағы қазақ бизнесі саяси ахуал тұрақталмаса не істейді?
- авторjambylinfo.kz
- 13 қазан, 2020
- 282
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі өткен аптада Қырғыз еліндегі қазақстандық инвесторларға тиесілі кәсіпорындарға шабуыл жасалғанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Себебі ол кәсіпорындарда еңбек ететін қазақстандықтарға күш жұмсалған, кәсіпорындар мүлкін жою дерегі тіркелген. Сондықтан қырғыз тарапын Қазақстан азаматтары мен қазақстандық компаниялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің шұғыл шарасын қабылдауға шақырды. Содан бері не өзгерді? Көрші елдегі саяси тұрақсыздық реттелмесе, қазақстандық кәсіпкерлер қандай шешім қабылдауы мүмкін?
БІР АПТАДА 8 МЛРД. СОМ ЖОҒАЛТТЫ
Ел экономикасын дамытуды көздеген кез келген мемлекет шетелден инвестиция тартады. Сол сияқты өзге елге инвестиция құйып, көмек бере отырып, табыс табады. Мысалы, қазақстандық компаниялар соңғы жылдары Қырғыз экономикасына 1 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, сол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты. Алайда көрші елдегі 5 қазанда басталған дүрбелең қаржы құятын елді дұрыс таңдамасаң, тапқан-таянғаныңнан тез-ақ айырылуың мүмкін екенін көрсеткендей.
Бірнеше күнге созылған саяси тұрақсыздықтың салдарынан қырғыз экономикасы 8 миллиард сом жоғалтыпты. Қырғыз нарығына шығуды жоспарлаған шетелдік инвесторлар келіссөздерді тоқтатып жатыр. Салдарынан шамамен 210 миллион долларды құрайтын жиырмадан астам келісімшарт пен бизнес-жобалардың күші жойылыпты. Бұл туралы қырғыздың Ұлттық іскерлер қауымдастығы альянсының билік органдарына жолдаған үндеуінде айтылады.
«Рейдерлік жолмен басып алу, мүлікті қайта бөлу қаупі сейілмей тұр, ұйымдасқан қылмыстық топтар мен тонаушылар әлі де белсенді. Мемлекеттік бюджетті толықтыру көзі саналатын инвесторлар мен кәсіпорындарды қорғаудың тиімді тетіктері жұмыс істемейді, бұл инвесторлар мен жұмыссыз қалу қаупі бар коммерциялық кәсіпорындар қызметкерлерін алаңдатып отыр» делінген хабарламада. Бұл хатты қырғыздың іскерлік қауымдастығы кеше жариялапты. Демек, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі алаңдаушылық білдіргелі бері арада өткен 5 күнде жағдай өзгермеген.
БІР МӘЛІМДЕМЕ – ҚОС ПІКІР
Бір қызығы, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесін сарапшылар түрліше сараптайды. Мысалы, қаржы жөніндегі сарапшысы Бауыржан Мұқанов қырғыздардың көтерілуінен қазақ бизнесіне келер қауіп жоқ деген пікірде.
«Қырғыздағы қазақ бизнесіне еліміздің Сыртқы істер министрлігінің алаңдаушылық білдіруі дұрыс. Шетелдегі қазақстандықтар мен қазақ бизнесін қорғау ведомствоның бірінші міндеті. Бірақ қазақстандық компанияларға қырғыздардың көтерілуінен қауіп бар дей алмас едім. Өйткені ондағы қазақ бизнесі негізінен телекоммуникация, тау-кен секілді салаларға инвестиция құйған, яғни бұл салалар «халықтық» бизнес емес. Сондықтан АҚШ-тағы «қара нәсілділер көтерілісіндегідей» бизнеске қауіп жоқ. Ол кезде көтерілісшілер негізінен ритейл бизнесті тонады. Сондықтан көтерілістен қазақ бизнесіне қауіп төнді деген мәлімдеме ең алдымен «көтеріліс» ұғымына қарсы елдегі өзіміздің ақпараттық саясат дер едім», – дейді ол.
Ал GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, қай елде сайлау болса, сол елде инвестиция азаятыны заңды дейді. Себебі инвесторлар әліптің артын бағады.
«Мұндай жағдай біздің елде де болды. Мысалы, былтыр Президент ауысқанда инвестиция азайды. Біздің билік бұл кезде Британ сот жүйесін енгізе қойды. Бұл шетелдік инвестордың соңғы инстанцияда құқымызды қорғай аламыз деген үмітін оятты. Қырғыз елінде мұндай институт жоқ. Сондықтан дәл қазір көрші елде жағдай реттелмесе, олар инвесторды ұстап тұру былай тұрсын, қарапайым сауда-саттық қатынасын жоғалтып алуы мүмкін», – дейді.
Әдетте сауатты инвестор сыбайлас жемқорлығы жоқ немесе неғұрлым аз мемлекетке баруға тырысады. Өйткені ол мемлекетте заң үстемдік құрған деп саналады. Ал енді бір теріс пиғылды инвестор жемқорлық жайлаған мемлекетті таңдайды. Себебі ол жақтағы билікті ақшамен сатып алу арқылы заңсыз жолмен баюды көздейді. «Ал Қазақстанның қырғыз еліне инвестиция құюына бірінші кезекте жақын орналасуы себеп және жұмыс күшінің арзандығы да қызықтырған деп ойлаймын», – дейді сарапшы. Яғни, қазақстандық олигархтар әлі де болса, инвестиция құятын елді дұрыс таңдауды меңгермеген сыңайлы.
ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНДЕГІ ҚАЗАҚ БАЙЛАРЫ
Қазақстан бизнесінің бұған дейін де қырғыз экономикасына қаржы құйып келе жатқанынан хабардармыз. Алайда ірі инвесторлар үштігіне енгенін Kursiv.kz сайтынан анықтадық. Бірінші орында Қытай тұр – қырғыздарға құйған инвестициясы 51,6 млн АҚШ долларын құрайды. Екінші орында 30,1 млн доллар құйған Нидерланды тұр, ал Қазақстан 20,6 млн доллар салып, үшінші орынға көтерілген. Себебі Ресейдің қырғыз экономикасына салған инвестициясы былтыр да, биыл да құлдырап кетіпті. Соның есебінен үштікті тәмамдау бізге бұйырыпты. Бұл мақтанатын жағдай ма?
Айтқандай, Қырғыз еліне ақша салған байларымыздың кім екенін де Kursiv.kz тізіп шығыпты. Сонымен, қырғыздағы қазақстандық капитал иелері тізімін қазақстандық миллиардер Владимир Ким бастайды. Ол Қырғыз Республикасының Жалал-Абад облысындағы Бозымшақ мыс кен орнында өндіріс жұмысын атқаратын KAZ Minerals PLC акцияларының 33,4%-ына иелік етеді. Саяси тұрақсыз жағдайға байланысты аталған кен орнында жұмыс тоқтатылғанын жоғарыда жаздық.
Қырғыз еліне қомақты қаржы құйған кезекті олигархымыз Болат Өтемұратов екен. Оған Sky Mobile LLC (Beeline байланыс операторы) мен «Южно-Киргизский Цемент» ЖАҚ-ның 49,9%-ы тиесілі көрінеді. Forbes Kazakhstan тізіміне енген Арманжан Байтасовтың қырғызстандық NBT телеарнасының иесі екенін көпшілік біле бермейді. Ол бұл арнаны сонау 2005 жылы алтыжылдық келіссөзден кейін сатып алғанын ашық дереккөзден анықтадық.
Қазақстанда өндірілген сусындардың дистрибьюторы саналатын RG Brands Kyrgyzstan компаниясының иесі Қайрат Мәжібаев та отандасымыз болып шықты. Бішкектегі Technodom Оperator-дың иесі – миллионер Эдуард КИМ де өзіміздің бай кәсіпкерлердің бірінен саналады.
Қазақстандық миллиардерлер қатарындағы Құлыбаевтар отбасы да «Қазақстан Халық Банкінің» Қырғыз еліндегі еншілес компаниясын ашқан. Бірақ бұл банктің ресми парақшасында қысқартылған жұмыс күні туралы хабарландыруды көзіміз шалды. Айтқандай, көрші елдегі тағы бір банк – «Қырғыз Оптима Банкінің» 97,14 пайыз акциясының иесі де – қазақстандық. Кәсіпкер Ғалымжан Есеновті қазақстандықтар АТФ Банктің иесі ретінде танитын. Енді оның «Қырғыз Оптима Банкінің» де қожасы екенін білетін болдық.
1 МЛРД ДОЛЛАРДЫҢ КЕЛІСІМІ ОРЫНДАЛМАУЫ МҮМКІН
«Қазақстанның қырғызға салған инвестициясын сараптағанда, Бішкекте билік ауысқан сайын біздің кәсіпкерлердің де тартынып отырғаны байқалады. Қырғыз Республикасы ұлттық статистика қызметінің сайтына қарасақ, Құрманбек Бакиевтің кезінде Қазақстан жылына орташа есеппен 400 млн долларға қаржы салыпты. 2008 жылы көрсеткіш 700 млн доллардан асқан. Алайда Бакиевті төңкергеннен кейін көрсеткіш 200 млн доллардың үстінде ғана болып қалды. 2015 жылға дейін қайтадан 450 млн-ға жеткенімен, А. Атамбаев президенттігінің соңында көрсеткіш 250 млн долларға түсті. Бұл Атамбаевтың қазақ бизнесі мен билігіне қатысты сыны айтылған кезге сәйкес келеді», – дейді Б.Мұқанов.
Оның дерегінше, соңғы сайлаудан кейін инвестиция көлемі қайта өсе бастап, былтыр 300 млн долларға жуықтаған екен. Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз еліне былтыр жасаған екікүндік іссапарына байланысты. Сол сапарда тараптар ынтымақтастықтың жол картасын жүзеге асыру туралы келісіп, екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға көтеруді жоспарлаған. Содан кейін тауар айналымы әжептәуір өскен екен. Бірақ енді жағдай қалай бағыт алатыны белгісіз. Сарапшылардың айтуынша, көрші елдегі саяси тұрақсыздықтан соң 1 млрд доллардың жоспары орындалуы екіталай. Себебі көрші елден кәсіп ашқандар бір аптадан бері бас ауруының емін таба алар емес. Ал қазақ бизнесі қырғыз елінде қала ма? Бұл сұрақтың да жауабы бірыңғай емес. Мысалы, экономист Мақсат Халық жағдай осылай жалғаса берсе, қазақстандық инвесторларға мүліктерін сатып, елге оралудан басқа амал қалмайтынын айтады. Ал Бауыржан Мұқанов қанша аумалы-төкпелі заман болса да, көрші елдің саясаты мен қазақ бизнесі біржола ат құйрығын кесісе алмайды деген пікірде. Себебі оларға ақша, бізге олардың нарығы керек.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз