Жемісті жобаның рахатын көруде
Ауыл тұрғындарының барлығының жағдайы біркелкі деуге болмайды. Мал бағып, жер емген ауыл қазағы үшін төрт түлік пен жер анадан асқан пайда берер табыс көзі жоқ. Алайда, нақ осы мәселеге келгенде ауылдықтардың көбісінің мал қорасы қаңырап бос тұрғаны, әуіл ішіндегі бау-бақшасына бас сұқсаң, күзгі жұрттай жұтаң тартып тұрғаны шындық.
Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық игілігінің бірі – ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан, әлі де болса ауыл адамдарының қолына кетпен беріп, алдына мал салу, егіс алқаптары барларының жерін тиімді игеру үшін техникамен қамтамасыз ету және өзге де шағын кәсіпкерліктердің тынысын ашу өзекті мәселе. Десе де, Асқар Мырзахметов былтыр облыс әкімі болып тұрғанында ауыл тұрғындарын жаппай жұмыспен қамту үшін «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» атты қанатқақты жоба енгенгізген болатын. Бұл бастама Үкіметтен қызу қолдау тауып, аталған жоба аясында қазір тиісті елді мекендердегі әр аулада жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерін өндіру, мал ұстау, шаруаларды қажетті техникамен қамтамасыз ету ісіне баса көңіл бөлініп, бүгінде бұл іс өз жемісін беріп үлгерді. Алайда бір айта кетер жайт, мал шаруашылығымен айналысу, есік алдындағы бау-бақшаны баптау, кооперативтерді техникамен қамтамасыз етілуі секілді жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқанымен, ішінара жылыжай салу, наубайхана ашу, омарташылықпен айналысу секілді кейбір жобалар әлі күнге іске қосылмаған. Бұл тұрғыда қажетті несие қолына тиген ауыл тұрғындары барды ұқсата алмай жатыр ма, әлде басқалай да себептер бар ма? Біз осы сауалға жауап іздеп, аталған жоба аясында не істеліп, не қойғанына назар аударып көрдік.
Облыста 10 аудан бойынша 11 ауылдық округ жобаға еніп, ондағы 25 елді мекеннің тұрғындары 5 бағыт бойынша тиісті қаржылай қолдауға ие болғаны белгілі. Мәселен оларға мемлекет тарапынан үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алу, тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы кооперативіне қажетті құрал жабдық, қондырғы және техникалар сатып алу, ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бойынша 2,5 және 5 пайыз аралығында жеңілдетілген несие қажетті деңгейде берілген болатын. Нақты айтқанда 2489 өтінім бойынша 2,5 пайызбен «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы таратылған несие көлемі 7200 миллион теңгегені құрады. Жоспар бойынша 2459 өтінім мақұлдану керек болса, бұл меже 101,2 пайыз артығымен орындалды. «Тараз» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауыл шаруашылығы техникалары үшін 5 пайыз мөлшерінде 1271 миллион теңге несие үлестірілген. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану үшін 11 ауыл шаруашылығы кооперативі арқыл қажетті тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алуға берілген қаржы 125,9 милллион теңгегені құраған. Пилоттық жобаға енген ауылдық округтердегі жері бар 8 337 түтіннің 7 856-сы осы жобаға қатысып жатыр. Нәтижесінде 932 гектар жер игерілген көрінеді. Өткен жылды есептемегенде биыл жалпы көөлемі 329 гектарды құрайтын 2503 аула жобаға жаңадан қосылған.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дулат Оспановтың айтуынша, аталған жобаның барлық бағыты бойынша берілген 8471 миллион теңге несие қаражаты түгел игеріліпті. Бүгінде бірінші бағыт бойынша 219 тонна қияр, 44 тонна сарымсақ жиналған. Мал-құс шаруашылығын дамыту және сатып алу ісінде де кемшілік жоқ. Бұл бойынша,–44850 мал үшін 2454 өтінім мақұлданып, шаруаларға 6905 миллион теңгеге несие қаржаты берілді. Ірі қараның да, уақ малдың да дені сырттан әкелінген. Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану үшін – жоспарға сәйкес 10 325 гектар жерді игеруге қажетті сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алу үшін 230,1 миллион теңгеге өтінім түсіп, айналым қаражаты толық қаржыландырылған. Бұл қаражатқа 829 тонна тұқым, 688 тонна тыңайтқыш сатып алынған. Жерге химиялық өндеу жасау үшін 14,4 мың литр препараттар әкелініпті. Жоспарға сәйкес егілуге тиісті 10 325 гектар жердің 10113 гектарына дәнді масақ және көпжылдық шөп егілді. Ал қалған 812 гектар жер күздік бидай үшін дайындалып жатқан көрінеді. Бүгінде аталған егістіктің жарымынан астамы ораққа ілінген. Арпа гектарына - 12,2, бидай - 16, көпжылдық шөп - 35 центнерден айналыпты. Ауыл шаруашылығы кооперативіне қажетті құрал жабдық, қондырғы және техникалар сатып алуға – құрылған 11 кооперативке 191 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу үшін 1 006,4 миллион теңге несие берілген.
– Аталған жобаның бес бағыты бойынша да жұмыс жүйелі жүргізілуде. Тек жүзеге асу мерзімі кешеуілдеп жатқан бірлі-жарым жобалар бар. Олардың дені негізінен жылыжай салу ісі. Жалпы, облыс бойынша 16 жылыжай құрылысына 220,9 соттық жер үшін 138,1 миллион теңге несие қаражаты берілген болатын. Бүгінгі күнге 6 жылыжай іске қосылып, оған көкөністер егілді. Қалған жылыжайлардың құрылысы тамыз айында аяқталып, қыркүйек айында өсімдікті егу жұмыстары басталады. Негізінен жылыжайға дақылдар күзде отырғызылатын болғандықтан, шарулар барлығын дайындап, сақадай сай отыр. Дегенмен, жылыжай өнім бермегендіктен, бұл жұмыс басталмаған жобалардың қатарына еніп кетті.
Пилоттық жобаның бесінші бағыты – ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу жұмыстары бойынша 12 адамға 64,68 миллион теңге қаражат беріліп 5 жоба іске қосылды. Мәселен, Талас ауданынан 1 наубайхана, Шу, Жуалы ауданындарында 2 кондитерлік цех, Байзақ, Қордай аудандарында 2 ара балы өндірісі іске қосылған. Қалған жобалар да жақын арада жүзеге асады деп күтілуде. Себебі ауыл кәсібін дамытуға бет бұрғандар қажетті құрал жабдықтарды уақытында сатып ала алмады. Бұған әлемді алаңдатқан індет салдарынан елімізде орын алған карантиндік жағдай кедергі болды. Кейбір құрылғының бағасы қымбаттап кетіп, болашақ кәсіп иелерінің қосымша қаржы қарастыруына тура келді. Шаруалардың кейбірі құрал жабдықтарды енді әкеліп жатса, кейбірі жұмысын жаңадан бастап жатыр. Өзіміз кімнің не істеп, не қойып жатқанын сәт сайын аралап көріп-біліп отырғандықтан, енді бір айда жобалар толық іске қосылатынына сендіргім келеді, – деді Д.Оспанов.
Негізінен 10 жылыжай мен наубайқана, ара балын жинау, жоңышқа тұқымын тазарту секілді тағы да басқа бас-аяғы алты жоба тоқтап тұр. Жүзеге асырылмай жатқан жобалардың дені негізінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас аудандарына тиесілі екен. Осы орайда біз бір-екі аудандарға хабарласып, жауапты мамандар мен ауылдық округ әкімдерінің айтар уәжін тыңдап көрдік. Мәселен Жамбыл ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Амангелді Абдуалиев жобаға аудан бойынша Бесағаш ауылдық округі енгенін, округ тұрғындарына 1 миллиард 34 миллион теңгенің несиесі берілгенін сөз етті. Түсім жайын айта келе, Бесағаш ауылының тұрғыны Саят Ғарипуллаевтың 4 гектар жерге картоп, 2,5 гектарға қызанақ, қияр егіп, бүгінде алқапты тамшылатып суару технологиясы арқылы суландырып отырғанын әңгімеледі. Жас кәсіпкер Есеней Қалжанов үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдалану мақсатында 31,5 соттық жерге 450 дана жеміс ағаштарын отырғызған. Осы тектес жетістіктерді жіпке тізіп, Бесағаш ауылдық округінде 2 жылыжай жуық арада іске қосылатынын және бір азамат кондитерлік цехқа қажетті құрал-жабдықтарды алып қойғанын, кәсібін ашу үшін 3 фаздық электржүйесін орнату үшін қажетті материалдарды күтіп отырғанын жеткізді. Аталған ауылдық округ әкімі Бейбіт Нығматуллаев ол кондитерлік цех пен бір жылыжай бүгінде жұмысын бастап кеткенін, екінші жылыжай иесі дақыл егуді сәл кейінге қалдырып отырғанын баяндады.
Байзақ ауданындағы Түймекент ауылдық округінде Ақжар ауылын қосқанда екі елдімекен бар екен. Округ бойынша 2 мың 200-ден астам тұрғын тіркелген. Кооператив меншігіне 18 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алыныпты.
– Округ бойынша барлығы 262 жоба іске асырылуда. Оның 258-і мал өсіру бағыты бойынша жұмыс істеп тұр. Қалған төртеуі жылыжай салу, омарташылықпен айналысу, наубайхана ашу, жоңышқа ұрығын тазалау сынды жобалар. Бүгінде омарта ісі нақты қолға алынып, өнім бере бастады. Жылыжайдың жүзеге асырылу мерзімі тамыз айына белгіленгендіктен, оған көкөніс өсіру жұмыстары енді жүргізіліп жатыр. Жоңышқа ұрығын тазартатын құрылғылар да әкелініп қойды. Енді тек ұрыққа қалдырылған жоңышқа қашан орылады, жоба жұмысы сол кезде басталады деп күтілуде. Наубайхана ашу үшін де қажетті құрал-жабдықтар жақында әкелінді. Оның да жуық арада іске қосылатынынан үміттіміз, – деді ауылдық округ әкімі Қанат Смағұлов.
Осы аудандағы Қостөбе ауылдық округінде іске қосылмай тұр деп танылған 4 бірдей жылыжайға жақында ғана жан бітіпті. Оның сыры жобаның іске қосылу мерзімі 25 шілде деп көрсетілуінде болса керек. Қазір егу жұмыстары жүргізіліп жатқан сыңайлы.
Мамандардың жауабын тыңдай отырып, аталған жобалардың әне-міне жүзеге асатынына біз де сендік. Өйткені бұл ауыл-аймақтың тамырына қан жүгіртіп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына кепіл боларлық мақсатты жоба. Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне септігін тигізумен қатар, жұртшылықты тиісінше жұмыспен қамтитын мұндай маңызды жобаларға ешкім жүрдім-бардым қарай қоймас деген ойдамыз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Қолы қимылдаған адамға кедейшілік жоқ
Ұқсас жаңалықтар
Экономика
Ақша айырбастау пункттерінде доллар 520 — 527 теңгеден саудаланып жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 17 желтоқсан, 2024