«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында биыл Мойынқұм ауданында 21 ауылішілік жолдарды орташа жөндеу үшін 454,5 миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 9 ауылішілік жолдарды жөндеуге 206,2 миллион теңге бөлінген, – деп хабарлайды Jambylinfo.
Аудан бойынша жалпы 24 ауылдық елді мекеннің 17-і немесе 70,8 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген.
Өткен жылы 258,5 миллион теңгеге ауызсу құбыры құрылыстарының жұмыстары жүргізілсе, оның ішінде жобалық құңы 426,3 миллион теңгені құрайтын «Қылышбай ауылындағы ауызсу ғимаратының және су құбыры құрылысының 2-кезеңін салу» нысанына 111,0 миллион теңге бөлінген. Биыл осы жобаны аяқтауға 302,0 миллион теңге қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек 2019 жылы жобалық құны 996,4 миллион теңгені құрайтын «Балқаш көлінен Бұрылбайтал стансасына дейін су құбыры және су қабылдау имараттары құрылысын салу» және жобалық құны 583,6 миллион теңге болатын «Бұрылбайтал-Мирный-Қияқты топ су құбыры құрылысын салу» жұмыстары толық аяқталған.
Ал 2020 жылға жобалық құны 780,0 миллион теңге болатын «Қарабөгет-Сарыөзек ауылдарын сумен жабдықтау және су тарату құрылысы» жобасын қаржыландыруға өтінім беріліп отыр.
Қазіргі таңда халықтың сұранысы ауылдарға газ құбырын жүргізу болуда. 2018 жылы Мойынқұм ауданындағы 9 елді мекеніне (Кеңес, Бірлік, Биназар, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай) газ құбырын тартуға ЖСҚ әзірлеуге облыстық бюджеттен 102,4 миллион теңге бөлініп, сол жылы бірінші бюджетті нақтылауда қаралған қаржы кері қайтарылып, ЖСҚ дайындау жұмыстары жүргізілмеген. Десе де, алдағы жылдары Мойынқұм ауданына да көгілдір отын кіреді деп күтілуде.
Бұдан бөлек «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының да мойынқұмдықтар шарапатын көруде. Жобаның негізгі мақсаты – әрбір тұрғынға өзін-өзі жұмыспен қамту және үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану болғандықтан бес бағытта да бұқара белсенділік танытқан.
Мәселен жоба аясында 139 азамат ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 379,3 миллион теңге несие алса, 413 бас мүйізді ірі қара, 924 бас уақ мал, 381 бас жылқы және 79,4 миллион теңгеге 12 дана ауылшаруашылығы техникасы сатып алынған.
Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру пилоттық жобасын ары қарай жалғасыру мақсатында Бірлік және Қылышбай ауылдық округтеріне талдау жүргізіліп, облыстық ауыл шаруашылық басқармасына қаражат бөлуге ұсыныс беріліп отыр.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз