Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоба басталды
- авторБақытжан Бекболат
- 19 қыркүйек, 2025
- 377
Астанада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы: қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» атты конференция өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, табиғи монополиялар субъектілерінің, отандық тауар өндірушілер мен мердігер ұйымдардың 250-ге жуық өкілі қатысты.
Пленарлық отырысты ашқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев инфрақұрылымның сапалы болуы елдің экономикалық, индустриялық өсімі мен инвестициялық тартымдылығы үшін шешуші фактор екенін атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында қордаланған инфрақұрылымдық түйткілдерді кешенді шешудің маңыздылығын айтқан болатын. Осыған сәйкес Үкімет 2023 жылдың соңында ұлттық жобаны бекітті. Жоспар бойынша 5 жыл ішінде 86 мың шақырым коммуналдық желіні жаңарту және қуаты 7,3 ГВт болатын қосымша энергия көздерін іске қосу үшін 13 трлн теңгеден астам инвестиция қажет.
«Бүгінгі таңда қаржы институттары тарапынан ұзақ мерзімді және қолжетімді несиелеуді кедергісіз тартуды қамтамасыз ететін барлық қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. Қазір біз Ұлттық жобаны іс жүзінде жүзеге асыру кезеңіне өттік. Биыл пилоттық режимде табиғи монополиялардың 48 субъектісі бойынша жалпы сомасы шамамен 144 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылуда», - деді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, қаржыландыру бюджеттен, халықаралық ұйымдардан, нарықтық көздерден және тарифтердің біртіндеп өзгеруі арқылы жүзеге асырылады.
Осы мақсатта Қарағанды, Павлодар, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің облигацияларын «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» 22,5 млрд теңгеге сатып алған. Сонымен бірге Қазақстанның Даму Банкі мен халықаралық қаржы институттарымен бірлескен жобалар дайындалуда. Мәселен, ЕҚДБ Ақтөбе облысында кәріз-тазарту нысандарын салу бойынша жобаны қолдап отыр.
Конференция аясында үш негізгі сессия өтті. Бірінші панельде жобаларды қаржыландыру тетіктері талқыланса, екіншісі жаңартылатын энергетика саласындағы жаңа мүмкіндіктерге арналды. Үшінші пікірталаста ұлттық жобаны іске асыру барысындағы ықтимал кедергілер қозғалды.
Басты назар бизнес-процестердің ашықтығына аударылды. Ұлттық жобаның электрондық платформасы аясында жұмыстардың мерзімі мен сапасы жасанды интеллект арқылы толық цифрландырылып, бақылау тетіктері енгізілмек.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау – жобаның негізгі басымдықтарының бірі. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, салық түсімдерін арттыруға жол ашады.






