Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуге қатысты 67 жоба іске асырылуда
- авторjambylinfo.kz
- 26 наурыз, 2025
- 149

Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) жинау, сұрыптау және көму тарифтері бұл саладағы кәсіпорындардың шығындарын толық жаппайды. Аталған мәселені шешу үшін министр мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігін енгізуді ұсынды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрдің айтуынша, жыл сайын елімізде 4,5 млн тоннадан астам қалдық түзіледі, алайда 2024 жылы оның тек 26%-ы қайта өңделген. Бұл жоспарланған 30%-дық көрсеткіштен төмен. Осы мәселені шешу үшін министр мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) механизмін енгізуді ұсынды. Жоспарға сәйкес, тұрмыстық қалдықтарға шекті, экономикалық негізделген тарифтер бекітіліп, оларды жергілікті әкімдіктер белгілейтін болады. Сондай-ақ қазіргі және жаңа тарифтер арасындағы айырмашылық утиль алымдары есебінен өтелмек.
Сонымен қатар, ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу үшін жеңілдетілген қаржыландыру механизмі іске қосылды. Бұл бағдарлама аясында 15 жылға дейінгі несие 3% жылдық мөлшерлемемен беріледі, сондай-ақ төлем бойынша екі жылға дейін жеңілдік қарастырылған.
Қазіргі уақытта министрлік 317 млрд теңгені құрайтын 67 жобаны мақұлдады, оның ішінде 43 жоба қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған. Жүргізілген талдау нәтижесінде, өңірлерде қалдықтарды қайта өңдеу қуаттылығын арттыруға айтарлықтай мүмкіндік бар екені анықталды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз