«Балаларды суицидке жеткізген»: Алматыда 26 қайырымдылық мекемесі жабылды
- авторМағжан Орынбасар
- 11 маусым, 2024
- 671
Прокуратура «Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелеріне қарасты нысандарда экстремистік және террористік деп танылған әдебиеттерді тапқан , деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Деректерге сүйенсек, тексерулер нәтижесінде мекемелердiң жұмысы заңсыз, әрі бiлiм беру қызметiн лицензиясыз жүзеге асырғанын анықталған. Осылайша балалардың білім, тәрбие және уақтылы медициналық көмек алу құқықтары мен бостандықтары, айтарлықтай бұзылғаны да белгілі болды. Қазір балалар өз үйлеріне қайтып жатыр.
Прокуратура мәлімдегендей, Қазақстан Республикасының Мұсылмандар діни басқармасы «Жібек жолымен» жасалған меморандумды бір жолата тоқтатты.
«Прокуратураның «Жібек Жолы» Қайырымдылық мекемелерінің қауымдастығы Заңды тұлғалар бірлестігіне 26 мекеменің мемлекеттік тіркеуінің күшін жою және тарату туралы талап-арызын қанағаттандыру жөніндегі шешімі заңды күшіне енді. Заң нормаларын бұзған бірқатар аталған мекемелер мен олардың басшылығына қатысты қылмыстық істер қозғалды . Мысалы кәмелетке толмағанды өз-өзіне қол жұмсауға жеткізген, тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамаған, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни араздықты қоздырған, сот экстремистік және террористік деп таныған әдебиеттер табылған. Қазіргі уақытта мекемелерде тұрған балаларды отбасыларына қайтару жұмыстары жүріп жатыр»,- делінген ресми хабарламада.