Фермерге мүмкіндік: Мемлекет 700 млрд теңгеге дейін қаржы бөлмек
- авторБақытжан Бекболат
- 10 мамыр, 2025
- 152

Елімізде көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстары үшін жеңілдетілген қаржыландыру жалғасып жатыр. Бұл шара Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда. Өтінімдер қабылдау 2024 жылдың қарашасынан басталып, фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, техника сатып алуға және өзге де агротехникалық жұмыстарға ерте дайындалуға мүмкіндік беруде, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Биылғы маусымда ауыл шаруашылығына 700 млрд теңгеге дейін қаржы бөлінуі жоспарланып отыр. Соның ішінде 560 млрд теңге – жеке нарық көздерінен тартылған қаражат. Қазірдің өзінде 6 100-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушісі жалпы сомасы 382,5 млрд теңгеге қаржыландырылды.
Жалпы 7 мыңға жуық өтінім түсіп, олар 480,5 млрд теңгені құрайтын пул қалыптастырды. Үкіметтің қабылдаған шараларының арқасында фермерлерге қаржы бұрынғыдан да тиімді, жеңіл шарттармен берілуде.
Несие беретін қаржы ұйымдарының қатары да кеңейтілді. Мәселен, «Аграрлық несие корпорациясы» «Кең дала 2» бағдарламасы арқылы жылдық 5% мөлшерлемемен несие беруді жалғастыруда.
Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы 165,3 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
Фермерлер үшін тағы бір қолайлы мүмкіндік – несиенің 85%-ына дейін мемлекет тарапынан кепілдік берілуі. Биылдың өзінде 943 несиеге 135,2 млрд теңге кепілдік берілді. Бұл жұмысты «Даму» қоры жүзеге асыруда.
Сонымен бірге, техника алғысы келетіндер үшін жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бар. Биылғы лимит – 200 млрд теңге. Бұл 6 000-нан астам отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жеткілікті.