Храпуновтың былығы: Алматыда жекенің қолына заңсыз өткен ірі нысан мемлекетке қайтарылды
- авторМағжан Орынбасар
- 5 маусым, 2024
- 632
Виктор Храпунов оңтүстік астананы басқарған уақытта жекенің қолына заңсыз өткен медициналық кешен мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Құны 3 млрд теңге болатын Жедел медициналық көмек кешенін Алматы қаласының прокуратурасы мемлекет теңгеріміне қайтарды. Бұған дейін Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 27.11.2023 жылғы шешімімен, қала прокурорының мемлекеттік мүлікті жеке меншікке беру жөніндегі әрекеттерді заңсыз деп тану туралы талап-арызы қанағаттандырылғаны хабарланған болатын. Сот шешімі заңды күшіне енді.
"Ауданы 3974 м2 және 50 сотық жері бар бұл кешенді, Алматы қаласының бұрынғы әкімі В. Храпунов жеке құрылымдарға заңсыз берген. Қазіргі уақытта жылжымайтын мүлік, қала әкімінің 25.04.2024 жылғы қаулысымен жедел медициналық жәрдем қызметінің теңгеріміне берілді, қосымша қосалқы станция ашу жоспарланып отыр",- делінген ресми хабарламада.