Министрлік: 3000 ауылға жоғары жылдамдықты интернет тартылады
- авторБақытжан Бекболат
- 9 маусым, 2025
- 229

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ 3000-нан астам ауылды интернетпен қамтамасыз ету жөнінде ірі инвестициялық келісімге қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мәміле аясында талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін, яғни жоспарланған мерзімнен бір жыл бұрын аяқталады. Ал елдің ең шалғай аймақтары 2027 жылдың соңына дейін жерсеріктік арналар арқылы желіге қосылады.
Жобаға құйылған инвестициялардың жалпы көлемі 239 млрд теңгеден асады – бюджеттен тыс қаражат. Бұл «Қазақтелеком» АҚ ірі телекоммуникациялық инфрақұрылымын пайдаланудың арқасында мүмкін болды.
Сондай-ақ, ауылдық жерлерде ұялы байланыс базалық станциялары үшін инфрақұрылым күшейтілмек. Бұл нысандарға дейін жеткізіп талшықты-оптикалық желіні төсеу мобильді интернет пен байланыстың сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
«Біз өңірлерді дамытуға тең жағдай жасайтын цифрлық іргетас қалап жатырмыз. Міндетіміз – ауылдарды интернетке қосумен қатар, елді мекендерді елдің цифрлық экожүйесіне енгізу. Бұл білім алу, медицина, мемлекеттік қызметтерге тең дәрежеде қолжеткізудің негізі. Инфрақұрылым тұрақты және ашық түрде жұмыс істегенде, шағын бизнес, ауыл мектептері мен жастарға арналған жаңа кәсіптік бағыттарды дамытуға жол ашады», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, ең бастысы – білім алу, өзін-өзі дамыту мен заманауи технологияларды пайдалануда ауылдағы бала мен қаладағы баланың мүмкіндіктері тең дәрежеде болуға тиіс.
«Біз цифрлық теңсіздікті жоюды еліміздің түкпір-түкпірінен, шалғай жатқан ауылдардан бастадық. Интернетке қол жеткізу – көптен бері сән болудан қалды, бұл халықаралық деңгейде, оның ішінде БҰҰ мен еліміздің Президенті мәлімдегендей, негізгі қажеттілік», – деді Бағдат Мусин.