Олжас Бектенов бизнесмендерді туған ауылына көмектесуге шақырды
- авторjambylinfo.kz
- 19 наурыз, 2024
- 611
Жеке басының ғана емес, туған ауылының да қамын ойлайтын кәсіпкер маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда мемлекетке жәрдем көрсете алады. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
«Әр ауыл тұрғыны тұрмыстық ахуалдың жақсарғанын қалайды. Ол үшін біз қала мен ауылдың тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп қысқартып келеміз. Мұндағы негізгі фактор – қолжетімді қызметтер, яғни сапалы жол, медицина мен білім беру сияқты ауыл халқының жайлы тұрмысына қажетті игіліктердің болуы», -деді Бектенов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, қазір әкімдерге ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойылып отыр. Бірақ, Бектенов мәлім еткендей, қазір ауылдарда апатты жағдайда тұрған мектеп те көп, ауруханасы жоқ ауылдар да баршылық.
«Қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған ауыл мектептері аз емес. Денсаулық сақтау ғимараттары тапшы. Кейбір ауылдардың тұрғындары басқа елді-мекендерге барып емделуге, оқуға мәжбүр. Сондай-ақ ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыстың жағдайына және Интернеттің қолжетімді болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуіне себепші болады. Сондықтан әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту керек», - дейді ол.
Осы ретте Бектенов Қазақстанның ауылдарын дамытуға мемлекет қана емес, сол ауылдан шыққан кәсіпкерлер де үлес қосуы керек деп санайтынын айтты.
«Әрбір бизнес субъектісі экономикалық жауапкершілікпен қатар, халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін де терең сезінуге тиіс. Жеке басының ғана емес, туған ауылының да қамын ойлайтын кәсіпкер маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда мемлекетке жәрдем көрсете алады. Мәселен, былтыр Түркістан облысының Шұбарсу ауылынан шыққан кәсіпкер сол елді-мекенге үлкен мектеп салып берді. Ақмола облысының Қараөткел ауылында жеке қаражатқа балабақша салынды», - деді кәсіпкерлерді мысалға алған ол.
Осы айтылғандарды ескере келе ол әкімдер мен Ұлттық экономика министрлігіне бірқатар нақты тапсырмалар берді.
«Жалпы Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларынан туындайтын барлық мәселелер жергілікті жерлерде жедел әрі тұрғындардың пікірін ескере отырып, шешілуге тиіс. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігіне берілетін тапсырмалар мынадай:
Бірінші. Өңір әкімдіктерімен бірге ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуда кешенді тәсілді қолдану керек.
Өңірлік стандарттар жүйесін негізгі бағдарламалық құжаттармен өзара үйлестіруді қамтамасыз ету қажет.
Бұл орайда, жобалардың басымдығын және ауыл тұрғындарының барлығына бірдей игіліктер мен қызметтердің қолжетімді болуын назарда ұстау керек. Әйтпесе, кейбір ауылдарда 2 медпункт бар, ал кей жерлерде бірде-біреуі жоспарланбаған. Басқа объектілерге қатысты жағдай да осындай. Мұндай кемшіліктерге жол беруге болмайды.
Екінші. Қаржы министрлігімен бірлесіп, қолданыстағы бюджет заңнамасын жетілдіру шеңберінде ауылдағы тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету мәселелерін шешудің тиімділігін арттыру үшін ауылдық округтер әкімдіктерінің кіріс базасын кеңейту мәселесін пысықтау қажет.
Үшінші. Ауылда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша әкімдіктердің жұмысын бағалау үшін нақты индикаторларды айқындау керек. Облыс әкімдіктері Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларына бөлінетін бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз етуге тиіс. Жалпы үйлестіру құзыреттері бойынша Роман Васильевичке және Нұрлан Серікұлына жүктеледі», - деді сөзін қорытындылаған премьер-министр.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Атырауда құтқарушылар саусағы шайбаға кірген балаға көмектесті
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024
«Көзіне пышақ кіріп кеткен». Петропавлда үш жасар сәби ауруханаға түскен
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024