
Бұрын қарапайым анықтама немесе рұқсат алу үшін бір мекемеден екінші мекемеге жүгіріп, кейде амалсыздан «жолын табуға» мәжбүр болатынбыз. Қазір сол құжатты үйде отырып-ақ смартфон арқылы санаулы минутта алуға болады. Бейресми деректер цифрлық жүйеге көшу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендеткенін көрсетеді. Одан бөлек, цифрландыру облыстағы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда әкімшілік кедергілерді азайтуға ықпал етуде. Ендігі заманда пара емес, пароль сөйлейді.
Цифрландыру – бұл адам әрекетімен атқарылатын қызметті сандық форматқа көшіру арқылы уақытты үнемдеу және процесті оңтайландыру. Яғни, бұрын бірнеше күнге созылатын, қағазбастылықпен қатар жүретін тірліктер бүгінде интернеттің көмегімен санаулы минутта шешіледі. Қажетті анықтама алу, түрлі төлемдерді жүргізу, сервистік қызметтерге жүгіну – мұның бәрі үйден шықпай-ақ, бір ғана смартфон немесе компьютер арқылы орындалады.
Білім саласында да цифрландырудың игілігін ата-аналар нақты сезініп отыр. Мәселен, баланы балабақша кезегіне қою, мектепке тіркеу немесе өзге білім беру мекемесіне ауыстыру – бұлардың барлығы бұрынғыдай құжат жинап, мекеме аралап жүруді қажет етпейді. Сонымен қатар, электронды күнделік жүйесі арқылы ата-ана баласының бағасын бақылап, оқу үлгерімін уақытында қадағалай алады.
Медицина саласында да жаңашылдықтар өз жемісін беруде. Қазір тұрғындар дәрігер қабылдауына онлайн тіркеле алады, жедел жәрдем шақыру немесе алғашқы диагноз алу сынды қызметтер де электронды форматта қолжетімді. Бұл – тұрғындарға ыңғайлы ғана емес, медициналық ұйымдар үшін де жүктемені азайтып, тиімділікке жол ашады.
Цифрландыру тек әлеуметтік салада ғана емес, экономиканың түрлі секторында да маңызды рөлге ие. Ауыл шаруашылығында егіс көлемін есептеу, малдың есебін жүргізу, ауа райын болжау секілді бағыттарда заманауи ІТ шешімдер қолданылып жатыр. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында да жобаларды тіркеу, жер телімдерін рәсімдеу, тұрғын үй кезегі сынды жұмыстар ашық әрі жылдам жүзеге аса бастады.
Мұнай-газ, энергетика сынды ірі салаларда да цифрлық жүйелер арқылы өндірісті бақылау, жабдықтардың жай-күйін онлайн қадағалау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді кешенді жұмыстар жетілдірілуде. Бұл – ірі кәсіпорындардың шығынын азайтып, тиімділігін арттырып отырған негізгі тетік.
Демек, цифрландыру – бұл жай ғана технология емес, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі, ұзақмерзімді стратегиялық қадам. Ол ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, адами факторға тәуелділікті азайтып, жемқорлыққа жол бермеудің бірден-бір құралына айналып отыр.
Қазақстанда соңғы жылдары қарқынды түрде енгізіліп жатқан цифрлық жүйелер – бұл жай ғана технологиялық жаңалық емес, бұл – жоғарыда айтып өткеніміздей, жемқорлықпен күрестегі стратегиялық құрал. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, электронды кезектер мен өтініштер, QR арқылы төлем жасау – мұның бәрі адам мен адам арасындағы делдалдықты шектеп, парақорлыққа жол бермей отыр. Яғни цифрландыру – тек жылдамдық пен ыңғайлылық емес, ең бастысы – әділдік пен ашықтықтың алғышарты.
Тараз қаласының тұрғыны Айдана Маратқызы бұл өзгерісті өмірінен алынған мысалмен баяндайды:
– Бұрын сотталмағандығы туралы немесе АИТВ бойынша тіркеуде жоқ деген анықтама алу үшін кемі екі-үш мекемеге баратынбыз. «Мәселені жылдам шешу үшін» таныс іздеу керек сияқты болатын. Ал қазір Kaspi қосымшасы арқылы салық төлемін жасап, egov.kz арқылы меншікті тіркеп, құжатты бірнеше минутта рәсімдеймін. Біреуге бірдеңе беру деген ойдан мүлде алыстадық, – дейді ол.
Шын мәнінде, цифрлық жүйелер кез келген қызметтің нақты алгоритммен жүруіне жол ашып, шенеунікке тәуелділікті азайтты. Бұл өз кезегінде пара беру мен алу фактілерінің алдын алуға үлкен үлес қосты. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматқа көшірілген. Бұл тек бюрократияны қысқартып қана қоймай, сенім мен әділдіктің деңгейін арттырып отыр.
Алайда, цифрландыру барлық мәселені түбегейлі шешіп тастады деу – асығыстық. Ауылдық жерлерде интернеттің әлсіздігі, тұрғындардың цифрлық сауаттылығының төмендігі – әлі де өзекті. Қағазбастылық пен адам факторынан толық арылмаған салалар да бар. Демек, цифрлы жүйе қанша жетілсе де, адам санасы өзгермей, жемқорлықтан толық арылу мүмкін емес.
Мұны қоғам белсендісі, Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Батырбек Сарашаев та растайды.
– Иә, қазір техника дамыды. Енді соған сай сана да дамуы керек. Ашық қызмет көрсету үшін тек платформа емес, адал ниет қажет. Кейде қарапайым бір анықтаманың өзін бұрынғы әдетпен алып үйреніп қалғандар әлі де бар, – дейді ол.
Жастар арасында адалдық қағидатын ерте қалыптастыру үшін қолға алынған «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» клубтары – келешекке жасалған маңызды инвестиция. Ұстаздардың айтуынша, бала кішкентайынан «жолын табу» емес, «заңмен жүруді» үйренсе, ертең адал қоғам құру әлдеқайда оңай болмақ. Ардагер ұстаз Сәуле Таңатарова бұл туралы:
– Бұрындары сынақтан пара беріп өту деген де түсінік болатын. Қазір ондайға тыйым салынғанмен, санада қалған ізді өшіру оңай емес. Сондықтан баланың ойына адалдықты кішкентайынан сіңіру қажет, – дейді.
Цифрлық басқарудың жемқорлықпен күрестегі тиімділігін Жамбыл облысы әкімдігі Жобалық кеңсесінің басшысы Гүлпара Тәшенова да нақты мысалдармен түсіндіреді.
– Қазір мемлекеттік органдарда жобалық басқару қағидаттары енгізіліп жатыр. Республика бойынша бірыңғай жобалық басқару жүйесі – Bitrix ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Ұлттық жобалар мен жоспарлар осы жүйе арқылы тапсырмалар мен іс-шараларға бөлініп, нақты уақыт режимінде бақыланады. Бұл – цифрлық жүйе арқылы бюрократияны азайтып, жұмысты ашық жүргізудің жолы.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – превенция бағыты бойынша да арнайы жобалар іске асырылуда. Ең бастысы – бұл жүйеде ешкім ешкімді алдай алмайды. Мысалы, бір нысан үшін жер телімі керек болса, оны «алдым» деп жаба салуға болмайды. Міндетті түрде растайтын құжаттар жүктелуі тиіс. Сондықтан қазіргі іс-шаралар нақты, жүйелі және ашық жүргізіліп жатыр, дейді Гүлпара Алашбайқызы.
Келешекке көз жүгіртсек, жасанды интеллект, блокчейн, биометрия сынды жаңа технологиялар мемлекеттік қызмет көрсетуді одан әрі әділетті ете түседі. Әрбір әрекет тіркеліп, сақталып, бақыланатын болса – заңсыздыққа жол беру қиындай түседі. Яғни болашақ – адами араласуы жоқ, таза жүйелердің заманы болмақ.
Алайда бар үмітті тек технологияға артқан да дұрыс емес. Цифрлық құрал – тек көмекші. Ал жемқорлықпен күресте басты рөл – адам мен қоғамның жауапкершілігінде. Біз параны емес, парасатты қолдайтын қоғам бола білсек, цифрлық жүйе сол мақсатқа жетудің сенімді көпірі болмақ.
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанда жарты жылда 16 мыңға жуық жол апаты тіркелді
- авторБақытжан Бекболат
- 17 шілде, 2025