Сенат білім мен әскери қызметке қатысты жаңа нормаларды бекітті
- авторБақытжан Бекболат
- 26 маусым, 2025
- 313

Сенат депутаттары әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және орталық мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелеріне қатысты заңнамаға өзгерістерді қолдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Енді Қазақстан азаматтары әскерге шақырудан кейінге шегеруді тек әр білім деңгейі үшін бір рет қана ала алады. Сондай-ақ, бұл өзгерістер әскери есепті жүргізу үдерісін автоматтандыруды көздейді.
Сонымен қатар, елімізде мынадай жаңа нормалар енгізіледі:
республикалық және жергілікті деңгейде арнайы үйлестіру кеңестері арқылы әскери-патриоттық тәрбие жүйесін енгізу;
мектептер мен колледждерде тереңдетілген әскерге дейінгі дайындық.
Бұл дайындықтан өткендер әскери жоғары оқу орындарына және келісімшарт негізінде қызметке орналасу кезінде жеңілдіктерге ие болады.
Мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтар ҰБТ тапсырмай-ақ, ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсе алады. Мемлекеттік грантпен оқып жатқан студенттерге оқуды аяқтаған соң міндетті түрде грантты өтеу талабы қойылмайды.
Сонымен қатар, бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған:
қызметтен босату кезеңінде білім беру грантын қорғау;
қызметтен шыққан соң келісімшарт бойынша қайта орналасуды жеңілдету;
еңбек өтілі 15 жылдан асатын әскери қызметшілердің балалары әскери оқу орындарына түсу кезінде басымдыққа ие болады.