Шучинскідегі жол апаты: Қаза тапқан полицейлердің отбасына 11 млн теңге беріледі
- авторjambylinfo.kz
- 16 қазан, 2020
- 175
15 қазанда Ақмола облысында қызмет бабымен түнгі патрульден қайтып келе жатқан екі тәртіп сақшысы жол апатынан қаза тапқан болатын.
Осы орайда өңірдің полиция департаменті марқұмдардың отбасына материалдық көмек көрсетілетінін мәлім етті.
Ведомствоның мәліметінше, қызмет барысында мерт болған полицейлердің отбасына 11 млн теңгеден материалдық көмек көрсетіледі.
Жалпы тәуелсіздік жылдарында ақмолалық 25 тәртіп сақшысы қызмет барысында қайтыс болған. Еске сала кетсек, жол апатынан 38 жастағы Қанат Отарбаев пен 33 жастағы Қанат Хамидуллин қайтыс болған. Олар Бурабай аудандық полиция бөлімінде учаскелік инспектор болып жұмыс істеген. Екеуі де – полиция капитандары.
Қанат Отарбаевтың артында әйелі мен 2013, 2014 және 2017 жылы туған үш баласы қалды. Оның құқық қорғау органдарындағы қызметінде 2005 жылдан бастап 22 марапаты болған. Ал полицияда 2009 жылдан бері қызмет етіп келген Қанат Хамидуллин 23 рет марапатталған. Оның артында аяғы ауыр жұбайы мен 2013 жылы туған бір ұлы қалды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан марқұм полицейлердің жанұясына көңіл айтты. Кейінірек жол апаты туралы жаңа дерек шықты. Сот химиялық – токсикологиялық сараптаманың қорытындысына сай, қызметтік көлікпен соқтығысуға жол берген Lexus автокөлігінің жүргізушісі орташа дәрежеде мас күйінде болған. Қазір бұл іске қатысты Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, бұл бапта 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
aikyn.kzjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз