Әскерге шақырылған жігіт терезеден секіріп кетті. Қорғаныс министрлігі түсінік берді
- авторjambylinfo.kz
- 30 желтоқсан, 2020
- 296
Оралда әскерге шақырылған жігіт әскери комиссариаттың терезесінен секіріп кетті. Қорғаныс министрлігіндегілер жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, әскерге шақырылған Виктор Кибко 2001 жылы туған және ол мерзімді әскери қызметке шақырылуы керек болған.
"Оның әскери қызметке шақыртылудан босатылуына заңды негіз жоқ. Ол 2020 жылдың 30 қазаны мен 8 желтоқсаны аралығында бірнеше рет келмегеннен, полиция қызметкерлері БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жиналу пунктіне жеткізген. Ол сол жерде терезені ашып, үшінші қабаттан екінші қабаттағы құрылыстың төбесіне секірген. Одан әрі қарай жерге түскенде жарақат алып, ауруханаға жатқызылды",- деді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіндегілер.
Ведомствоның хабарлауынша, жігіт әскери қызметтен қашқысы келген.
"БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажет шараларды жүргізді. Аталған жағдай бойынша материалдар Батыс аймақтық ІІМ Әскери-тергеу басқармасының Орал тобына жіберілді", - деді ведомстводағылар.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, азамат Виктор Кибкоға департаменттің лауазымды тұлғалары тарапынан ешқандай физикалық және моральдық зардап келтірілмеген.
Еске салайық, 29 желтоқсанда Оралда әскери қызметке шақырылған жігіт әскери комиссариаттың терезесінен секіріп кеткені хабарланды. Жігіттің жұлыны зақымданып, екі аяғының табан сүйегі сынған.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз