дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 11:51

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тоқаев Ақордада журналистерді құттықтады

Тоқаев Ақордада журналистерді құттықтады
Сурет: Ақорда
Президент бұқаралық ақпарат құралдарының ел дамуындағы маңызды рөлін атап өтті

Бүгін Ақордада журналистерді жинаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

«Ең алдымен, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай», - деді Тоқаев.

Әлихан Бөкейханның «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деген сөзін еске алған президент бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым екенін алға тартты.

«Көпшілігіңіз үшін журналистика – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауыңыз. Нағыз журналистер әсіре әуестіктен, бос сөзден және әлеуметтік желіде өзіне-өзі масаттанудан ада болады. Олар әрдайым оқиғаның ортасында жүреді. Халықты алаңдататын өзекті мәселелерді көтеріп, мазмұнды материалдар әзірлейді. Дәл осындай белсенді әрі пайдалы іс атқаратын тілшілер қауымы отандық журналистиканың бет-бейнесі саналады. Олар еліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді», - деді Тоқаев.

Президент қазір жаңа медиа дәуірі басталғанын, бұқаралық ақпарат құралдары жасанды интеллект технологиясын тиімді пайдаланып жүргенін атап өтті.

«Мұны шын мәнінде жаңашылдық пен жасампаздықтың көрінісі деуге болады. Әр адам өз ісінің шебері болуға тиіс. Сонда елімізде нағыз кәсіби біліктілік культі қалыптасады. Мен мұның маңызы туралы үнемі айтып келемін. Біз ұстаз, дәрігер, ғалым және басқа да әлеуметтік сала мамандарының абыройын арттыру үшін нақты шаралар қабылдадық. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылардың мәртебесін көтердік. Осындай жан-жақты жұмыстар жалғаса береді. Себебі еңбек адамы – ел байлығы», - деді Тоқаев.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар