дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 9:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Қыздар да атады, 4-5 сынып оқушылары да атады». Депутат Қазақстанда насыбай саудасына түгел тыйым салуды ұсынды

«Қыздар да атады, 4-5 сынып оқушылары да атады». Депутат Қазақстанда насыбай саудасына түгел тыйым салуды ұсынды
Коллаж: jambylinfo.kz
Депутат Жарқынбек Амантайұлы бүгін мәжіліс отырысында премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың атына депутаттық сауал олдай отырып, қазір Қазақстанда бастауыш сынып оқушылары насыбай ататынын мәлім етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

«Бұл депутаттық сауалда көтерілетін мәселе емес еді. Алайда, 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда шектеу қойылғанына қарамастан, бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылып жатыр. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен. Оның үстіне, бүгінде формасын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынылып жатыр. «Жевательный табак», «Снюс», «Шайба» деген атаулары бар», - дейді депутат. 

Ол «насыбай дегеніміз не мәдениетке, не әдепке, не гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат» екенін еске салды. 

«Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазіргі кезде мұнымен балғын жастар, тіпті болашақ ана болар қыздар да әуестенетін болған. Олардың саны жыл сайын артып келеді.   Кейбір деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен.  Ең қауіптісі – оның құрамында қандай улы заттардың бар екені белгісіз», - деді ол. 


 
Депутаттың қолындағы дереккөзге сүйенсек, насыбайдың құрамында химиялық заттар, әк, сексеуіл, арша, тобылғы ағаштарының күлі болады.  ытын арттыру үшін тауықтың саңғыры, түйенің тезегі де қосылады дейді Амантайұлы. Насыбайды мұқият зерттеген мамандар бұдан бөлек, оған есірткі мен психотропты заттардың да қосылғанын анықтаған деп болжады ол. 

«Швед ғалымдары да бұған зерттеу жүргізіп, насыбайдың құрамынан хром, никель, кадмий, қорғасын, күшәла секілді химиялық заттарды тапқан. Бұлардың барлығы да қалыпты мөлшерден әлдеқайда артық болған.  Еліміздің дәрігерлері насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтады. Тіпті ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны ғылыми дәлелденген. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі екен. Олар соңғы кездері насыбайдың салдарынан қатерлі ісікке шалдыққандар арасында жастардың көбейіп кеткенін жеткізді», - деді ол. 


Осы айтылғандарды ескере келе Жарқынбек Амантайұлы Қазақстанда насыбай саудасына түгел тосқауыл қою керек деді. Өйткені, оның айтуынша, елімізде насыбайға заң жүзінде шектеу қойылғанымен, ол шектеу дұрыс орындалып отырған жоқ. 

«Мәселен, насыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейіннен небәрі 5 айлық есепті көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салынады екен. Ал шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш қана. Саудагерлер мұны шыбын шаққан құрлы көрмей отыр. Сондықтан ұлт денсаулығына нұқсан келтіретін, ұрпағымызды улайтын, қазаққа жат әдеттен арылуымыз керек. Арнайы органдар сауда орындарына қатысты шешім шығарып, жас ұрпақты улап отырғандарға қатысты кешенді шара қабылдауы тиіс», - деді сөзін түйіндеген ол.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар