Жұмыссыз жүрген 49 мың қазақстандық Skills Enbek платформасы арқылы онлайн-курстан өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 8 қазан, 2025
- 314
2025 жылдың басынан бері 345,8 мың азамат, оның ішінде шамамен 49 мың жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстардан өтіп, сертификат алған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Платформаға барлығы 839,7 мың қазақстандық тіркелген, оның 353,3 мыңы – 2025 жылы қосылған. Платформа іске қосылған сәттен бері жалпы 718,6 мың адам оқудан өткен.
Оқуды аяқтаған жұмыссыз азаматтардың шамамен 14 мыңы негізінен Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан және Қызылорда облыстарының 16–35 жас аралығындағы жастарынан тұрады.
Платформада 1 000-нан астам курс жарияланған, оның 375-і тегін. Оқушылар Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары арқылы да білімдерін тереңдете алады. Курстар 1-ден 72 сағатқа дейін созылады.
Қыркүйекте ең көп таңдалған курстар:
IT және телекоммуникация
Повар-кондитер
«Сенің мансаптық бастамаң: Электрондық еңбек биржасын қалай пайдалануға болады»
Персоналды басқару
Пішу және тігу
Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Оқуға skills.enbek.kz сілтемесі арқылы немесе Enbek.kz сайтының «Онлайн оқыту» бөлімінен қол жеткізуге болады.
Платформада білім алушы оқу қарқынын, тілін және материал беру форматын өзіне ыңғайлы таңдай алады. Жасанды интеллект көмегімен чат-бот іздеу мен сұрақтарға жауап беруді жеңілдетеді.
Курсты аяқтау үшін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеуден өтуі тиіс. Оқу сәтті аяқталған жағдайда сертификат беріледі, ол Enbek.kz-тегі түйіндемеге автоматты түрде қосылады және жұмыс берушілерге көрінеді.
Курс авторлары үшін платформаның артықшылықтары: онлайн сабақ құрастырушы, курстар статистикасы мен тиімділігін бақылау, сертификат дизайнын таңдау, оқу құнын алдын ала есептеу мүмкіндігі. Курстар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылады, материал форматы әртүрлі: мәтін, презентация, бейне, аудио, инфографика және т.б.
Сондай-ақ, 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап курстарды Enbek мобильді қосымшасы арқылы оқу мүмкіндігі бар, қосымшаны Google Play және App Store-дан жүктеуге болады.





