дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 22:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақ киносы қайда бағыт алып барады?

Қазақ киносы қайда бағыт алып барады?
ашық дереккөзі
Қазақ киносы қайда бағыт алып барады?

Кино – қоғам өмірінің айнасы. Ұлттың ұстыны мен ұлылығын кезінде әдебиет арқылы танып, таразыласақ, бүгінде ол қызмет ұлттық кинематография тіліне көшіп үлгерді. Өйткені жаһандану дәуірі жаппай визуализация жағында. Не нәрсені де көзбен көріп барып, көңілге тоқу – заманның өз талабы. Демек, бүгінгі қазақ киносының аяқ алысы мен деңгей-дәргейі – ұлттық рух пен жалпы қазақы бет-бейнеміздің басты һәм негізгі көрсеткіші.

Қазақ киносы, оның табиғаты мен көркемдік деңгейі дегенде, рас, көңілге түрлі-түрлі ойдың оралатыны бар. Әсіресе соңғы уақытта экраннан ұлттық фильм­дерді көріп отырып ұлттың иісін сезбей тым-тым жиі пұ­шай­ман күйге түсуіміз көбей­ген сайын күрмеуі шешілмей келе жатқан осы бір мә­се­ленің түйінін тарқатып көргіміз келді.

Сонымен, ұлттық кино деге­німіз қандай кино? «Қазақтың қалыбын бұзбай жеткіздім», деп жүрген бүгінгі режиссерлер жұмысы өз туындыларында ұлттың жанын ашып, нағыз қазақы мінез бен рухты асқақтата алып жүр ме? Осы сарындас жалғасып кете беретін сансыз сұ­рақ­тың түйінін табу үшін де оқтын-оқтын отандық режис­серлер жұмысына оралып тұратынымыз бар. Соның бірі – Ақан Сатаев. Бүгінде «Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол», «Томирис» секілді ұлт тари­хын терең қаузап, оны кино тілі­не айналдыруда үздіксіз ең­бек сіңіріп жүрген киногердің жұ­мысын әр тұсаукесер сайын асы­ға күткенімізбен, көңілдің көп жағдайда қанағаттанбай, мың сан сұрақтың шырмауында кино­театрлардан күпті болып қайта­тыны неліктен екен?

Рас, режиссер қиялына қанат бітір­ген жұмыстардың қай-қайсысы да жал­пылай сараптағанда тақырып тұр­ғысынан да, қамтылу ауқымы жа­ғынан да таза ұлттық негізді тірек ет­кендігіне ешкімнің дауы жоқ. Әйт­се де сол фильмдерді көріп отырып, кадрлар арасынан қазақтың өзін, бүгінгі бет-бейнемізді танып, жан әлеміміз әлемтапырық күйге түс­пейтіні неліктен екен? Мәселен, қы­тайдың, немесе жапон мен корей ха­лық­тарының ұлттық тақырыптағы ғана емес, заманауи мәселелерді тірек еткен фильмдерін тамашалап отырып, сол ұлттың тұтастай өзін, қалыбы мен қа­ры­мын, жалпы тынысын сезінгендей боламыз. Яғни мұны кино тілінің бірде көзге көрініп, бірде астарлы берілетін артықшылығы десек, сол ерек­шелікті аса бір сезімталдықпен аңғара білген суреткерлер ізденісіне тәнті болмасқа шараңыз қалмайды. Демек, біз айтып жүрген ұлттық кино­ның негізгі тіні де, тамыры да сырттай қарауға ғана сүйкімді қазақы костюмді киіп, қолға домбыра ұстап, орынды-орынсыз тұста қазақтың өзге де ұлттық салт-дәстүр мен тарихи оқиғаларын баяндаумен толық қамтылады деу ағаттық болса керек.

Кинодағы сыртқы әсемдік әл­бет­те жақсы, бірақ іштей ұлттың қара­пайым ғана болмысы мен жалпы фоль­клорлық ерекшелігін айшықтап көр­сете алмаудың салдары қазақы та­қырыпты қаузағанымен, жалпы жаны да, жүрек соғысы да қазақтан әлдеқайда алыс фильмдердің бүгінде көптеп экранға шығуы әлбетте кез келген көзі қарақты көрерменді ойландыруы заңды. Мәселен, осыдан тура жарты ғасыр бұрын түсірілген Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмін алып қарайықшы. Қазақ кинематографиясының алтын қорына енген жауһар туынды біздің жоғарыда айтып отырған барлық уәжімізге жауап беретіндей. Иә, мұнда да «Томирис» пен «Қазақ хандығын» түсіріп, бүгінгінің ұлттық режиссері атанып үлгерген Ақан Сатаев пен Рүстем Әбдіраш қолданған көркемдік тәсілдің барлығы түгел. Тіпті кейбір тұста техникалық мүмкіндік тұрғысынан оларға есе жіберіп алатын жерлері де бар. Алайда соған қарамастан, «Қыз Жібек» – кинодағы ұлттық та­қырыптың эталоны. Өйткені мұнда ұлт­тық тақырып пен қатар ұлттың өзі, қазақтың жаны да қатар өмірі сү­ріп жатады. Ол ерекшелік тек ұлт­тық костюм киген, қазақы бай тілде сөй­леген актерлер ойынында ғана емес, жалпы режиссердің көркемдік көз­қарасы мен тұла бойы тұтас қазақ деп соққан жүрегінде, ұлтты тамырынан таныған көрегендігінде жатса керек. Соның арқасында түсірілім жұмысына атсалысқан мамандардың барлығы да ұлттың үнін өз бедерінде бейнеледі. Айтулы фильмге музыка жазған бір ғана Нұрғиса Тілендиевтің таланты қазақтың тұтас болмысымен біте қай­насып кеткелі қашан! Кинодағы бір ғана «Аққу» күйінің орындалуы талай көрерменнің көңіл қылын шертіп, өз ішіне үңіліп, рухын жаңғыртуға қалт­қысыз қызмет етіп тұр­ғандай. Ал сіз  жүрек пернесін дөп басып, кө­ңіл қылын шертетін, сол арқылы көрермен бойындағы ұлттық рухын бір сілкінтіп алып, өз ішіне үңілуге үндейтін мезеттерді жоғарыда біз тілге тиек еткен қос режиссер бастаған, бүгінгі талай халықаралық кино додасында топ жарып жүрген киногерлер туындысына қатысты айта аламыз ба? Әрине, жоқ! Өйткені сырты қазақша болғанымен, жаны, үні ұлт тілінде үн қатпайтын фильмдердің өскелең ұрпаққа берер тәлімі де, тағылымы да жоққа тән. Бұл туралы кино сыншысы Дана Әмірбекова былай деп пікір білдіреді:

– Жалпы кез келген өнер түрі, со­ның ішінде кино тілі – ұлттық идеоло­гияны жеткізуші басты құрал. Кино арқылы үлкен тәрбие жүргізіледі, көрер­мен ойланады. Экран арқылы адам өзін, бары мен жоғын, жеткені мен жоғалтқанын сараптайды. Ал кинодағы жалпы ұлттық рух, оның жастар санасына әсеріне келсек, рас бүгінде көптеген режиссерлеріміз тек сыртқы форманы қуып, киноның маз­мұнын қазақы табиғатқа, жалпы ұлттың өз тілінде жеткізілуіне келгенде таяздық танытып келеді. Соның салдарынан да аты, тақырыбы қазақы, тіпті тарихи болғанмен, заты қойыртпақ, плакаттық форматтағы фильмдер кө­бейіп келе жатыр. Көбейгені жақсы, әлбетте. Бірақ режиссерлеріміздің ұл­т­­­тық тақырыптарды атойлап қау­зағанымен, шын мәнінде затының қойыртпағын көріп, жиі күмілжіп қайтатын жайттар да аз емес. Мәселен, жоғарыда аталған есімдерді жақсы режиссер ретінде танығанымызбен, фильмдерінен көбінесе көркемдіктен бұрын, плакаттық, идеологиялық ұранды қадамдарды жиі байқаймыз. Тіпті кейде сол режиссерлердің жұ­мысынан ұлттық музыкамызды, қа­ла берді домбыра күмбірін тың­дамай, жат елдік әуендерге арбалып шы­ғатын кездер тым жиі қайталанады. Мұ­ның себебін сонау түп-тамырдан іздеу керек шығар. Тарихын, ұлттық әдебиетін терең біліп, сол негізде тыныстаған режиссер жұмысы да сол негізде өріледі. Бұған Шәкен Ай­манов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қар­сақбаевтардың фильмдері мен жалпы киноларындағы азаматтық позицияларын мысалға келтірудің өзі көп нәрсені айтады ғой деп ойлаймын. Ол қатарға дәстүрлі ұлттық киномыздың жолын бүгінде жемісті жалғап, тарихи тұлғалар өміріне жаңашыл ғұ­мыр сыйлап келе жатқан Сатыбалды Нарым­бетов бастаған, кейінгі буыннан Серік Апрымов, Дәрежан Өмірбаев жұ­мыстарын батыл атауға болады деп ойлаймын. Мұнда анау айтқандай фольклор болмауы мүмкін, есесіне қазақтың жаны сайрап жатыр. Қазір ұлтымызға сондай фильмдер және шын өнерді бағалап, астарын түсіне білетін сауатты көрермен керек, – десе, белгілі кинотанушы, өнертану кандидаты Нәзира Рахманқызы:  – Біз университетте болашақ режиссерлерді тәрбиелеп жүріп, шәкірттермен үнемі пікірлесіп отырамыз. Сонда байқағаным – қазір еркін ойлы жастарымыздың көпшілігі өзін, жалпы танымын қазақы түсінікпен шектемейді. Олар өздерін әлемнің баласы сезінеді. Яғни жаһандану жалына жармасқан болашақ киногерлер өнерді ғаламдық таным негізінде тудыруға ынталы. Соған ұмтылады. Бір жағынан бұл да дұрыс. Өйткені жаңа ғасырда өнердің, оның ішінде, әсіресе, кино өнерінің аясы кеңейіп, дамып, жаһандық, яғни жалпыадамзаттық сипат алуда. Қанша жерден ұлттық танымды алға тартқанымызбен, жаңа заман ұсынып отырған талаптармен де санасуға, сол стандартқа сай болуға және тиіспіз. Бұл – терең зерделеуді һәм сараптауды қажет ететін мәселе.  Десе де, әр киногер төл еңбегінде ұлттық тамыр-танымнан алшақ кетпей, өнерінің өзегін осыдан шығарып отырса, онда мәселе басқа. Осы тұрғыдан келген кезде жастарымызды өзінің төл әдебиетін жетік меңгеріп, қазақша ойлануына барынша назар аудартуымыз кезек түттірмейтін мәселе. Қазақша ойлай алатын жастан міндетті түрде қазақы қолтаңба қалады, – деген ойды алға тартады.

Иә, бұл мәселе бір ғана мақаланың ауқымына сыймайды. Күрделі де жүйелі һәм кешенді талдауды, пікір­таласты қажет етеді. Осы орайда ал­дағы уақытта айтулы мәселе кино әлемінде жүрген кәсіби мамандардың қатысуымен жалғасын табады деп сенеміз.

Әңгіме әлқиссасына қайта орал­сақ. Кезінде әдебиет белгілі бір идео­логиялық мақсатта ғана емес, ұлт­тың рухын бекітетіндей, өзінің тұғырын нықтайтындай аса бір ма­ңызды рөл атқарса, бүгінде сол жауап­кершілікті кино өнері мойнына алып отыр. Осындай бір жауапты кезеңде біздің кино міндетті түрде ұлттық болуы шарт. Яғни фильм басынан ая­­ғына дейін  діни немесе басқа емес, таза ұлттық мақсатқа, ұлттық мүд­деге құрылуы тиіс. Өйткені кино – идеологияның басты құралы. Осы орай­да ұлы кемеңгер Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық сөзін әңгіме етіп отырған сала­­мызға қарай лайықтап, ел боламыз десек, ең әуелі киномызды түзеу керек-ау дегіміз келеді.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар