Берік Уәли: Ауыр жыл болғанымен, ауқымды іс атқарылды
- авторjambylinfo.kz
- 28 желтоқсан, 2020
- 444
Бүкіл әлемнің тынысын тарылтып, өкпесін қабындырған биылғы жылдың да жал-құйрығы күзелетін кезге келдік. Ел де, елге тұтқа азаматтар да үлкен сынақтан өтті. Жаһанды жүрісінен жаңылдырған індет кезінде мемлекет нақты қандай әрекет жасады? Президент қандай шешімдер қабылдады? Осындай күрделі, қиын-қыстау кезеңде атқарылған жұмыстардың жай-жапсары, ауқымы жайында Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәлимен сұхбаттасқан едік.
– Берік Уәлиұлы, биыл адамзат баласы ең қатерлі індетпен күрескен қауіпті жыл ретінде тарихта қалайын деп тұр. Коронавирус жекелеген адамдардың тұрмыс-тіршілігі түгілі, тұтас мемлекеттердің дамуына кері әсер етіп, әлемді саяси және экономикалық дағдарысқа әкеп тіреді. Президент пандемияға қарсы күресте қандай бағыттарға басымдық берді?
– Расында, бұл жыл тұтас адамзатты тығырыққа тіреген, жер-жаһанды бір тарының қауызына сыйдырып жібергендей әбігерге түсірген, өте бір ауыр жыл болды. Адамзат көзге көрінбейтін «жаумен» алысып, майдан даласында онымен қалай күресерін білмей, біраз абдырады. Сондықтан 2020 жыл әлемнің бір бөлшегі Қазақстан үшін де оңай болған жоқ. Дегенмен дертпен күресте біздің мемлекет те ұтымды шешім қабылдай алды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы коронавирус індетінің өршіп, тез таралуына байланысты халыққа Үндеу жариялап, елімізде 30 күндік төтенше жағдай енгізіп, алғашқы толқынның алдын алғаны сөзімізге дәлел бола алады. Мемлекет басшысы індеттің салдары ауыр болатынын, онымен қатаң тәртіп арқылы күреспесе болмайтынын алғашқылардың бірі болып айтып, соған сәйкес тиісті шаралар қабылдады. Солайша, дер кезінде қатаң карантин жарияланып, сақтық шараларын сақтаудың арқасында эпидемияның белең алуына жол берілмеді.
Мемлекет басшысы өз жұмысында халықтың денсаулығын қорғау, экономиканың тұрақтылығы мен даму қарқынын сақтау, білім беру салаларын басты назарда ұстады. Соған сәйкес маңызды шешімдер жедел қабылданып, оны жүзеге асыруды Үкімет пен әкімдерге жүктеп, нәтижесін жіті қадағалап отырды. Ең алдымен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында шұғыл түрде жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханалары, провизорлық стационарлар салынды. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді. Аймақ әкімдері азық-түлік пен қызмет түрлерінің бағасын бақылау жұмыстарын белсенді жүргізді. Соның арқасында еліміздің азық-түлік қоры Қазақстан халқының қажеттілігін толық қамтамасыз ете алды.
Сонымен қатар халық тұрмысына тікелей әсер ететін коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алды. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, қазақстандық бизнеске несие беру көлемін азайтпау жөнінде шаралар қабылдауға тапсырма берілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. Төтенше жағдай кезінде екінші деңгейдегі банктер әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтануына өз үлесін қосты деуге болады. Ең алдымен, банктер кәсіпкерлерге және азаматтарға берген несиені қайтару мерзімін 3 айға шегерді. Табысынан айырылған азаматтар үшін бұл үлкен көмек болды.
700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды. Осы ретте 2020 жылы 492,5 мың педагогтің жалақысы 25 пайызға өскенін атап өткім келеді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекақы тағы да 25 пайызға ұлғайтылмақ. Ал педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттердің стипендиясы 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көбейді.
Денсаулық сақтау саласы бойынша дәрігерлердің еңбекақысын көтеру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және материалдық қолдау мақсатында коронавирус жұқтыру қаупінің дәрежесіне қарай жалақыларына үстемақы қосылды. Осы мақсатта биыл 196,5 миллиард теңге бөлінді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен коронавирусқа қарсы QazCovid-in вакцинасы әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар дағдарысқа қарсы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы іске қосылды. Оны жүзеге асыру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Пандемияның ауыртпалығына қарамастан, өндіріс көлемі 1,5 есе, ауыл шаруашылығының өнімділігі 2,5 есе, экспорт 2 есе ұлғайды. Осы ретте арнайы тоқталып кететін бір мәселе ретінде IT және туризм салаларына тартылған ірі көлемдегі инвестицияны айта кету керек. Соның нәтижесінде 300 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жалпы Қазақстан Президентінің тапсырмасымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия 500-ге жуық маңызды шешімді жүзеге асырды.
Мемлекет басшысы биылғы жылды «Волонтер жылы» деп жариялағанын білесіздер. Пандемия кезінде волонтерлер еліміз үшін аса қажетті, пайдалы жұмыс атқарды. Осы ізгі іске тартылған волонтерлердің қатары 100 мың адамнан асты. Олар ешқандай қауіп-қатерге қарамай, дәрігерлерге, әскери қызметшілерге, қарапайым азаматтарға көмектесті. Birgemiz Фронт-офисі және волонтерлердің Qazvolunteer.kz онлайн-платформасы ашылды. Қайырымдылық туралы заң дайындалып жатқанын айтуға тиіспіз. Сонымен қатар волонтерлік қызмет еңбек өтіліне қосылып, оқу орындарына түсерде басымдыққа ие болады. Волонтерлерге салықтық және басқа жеңілдіктер жасалады. Президент еріктілердің еңбегін нағыз ерлік деп бағалады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы пандемиядан қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін 13 шілдені жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Осы күні Мемлекет басшысы Ақорда резиденциясының алдында коронавирустан қаза болған адамдарды еске алды. Мұны өліге құрмет, тіріге өнеге болған игі іс деп санаймын.
Қасым-Жомарт Кемелұлы карантин талаптарын қатаң сақтауды өзінен бастап, өзгелерге үлгі көрсетті. Айталық, Президент биылғы шетелдік және ел ішінде жоспарланған ресми және жұмыс сапарларын кейінге шегерді. Мемлекеттік қызметшілер мен басқа да лауазымды тұлғалардың шетелдерге іссапармен баруына тыйым салынды. Тек азаматтарымыздың және мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сапарларға ғана рұқсат берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бюджет қаражаты халықты жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағыттау үшін қайта қаралды. Атап айтқанда, жоспарланған барлық іс-шаралар онлайн форматқа көшірілді. Еліміз бойынша қашықтан оқу, қашықтан жұмыс істеу тәсілі енгізілді. Пандемия кезіндегі үнемделген қаражат экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, дағдарыстан зардап шеккен халықтың әл-ауқатын арттыруға және басқа игі істерге жұмсалды. Президенттің тапсырмасы бойынша пандемияның салдары мен экономикалық дағдарысты еңсеруге 5,9 триллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Біз бұл арада Президенттің пандемия кезіндегі жұмысының бір парасын ғана айтып өттік. Ең бастысы, Мемлекет басшысы осынау қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге, жұртпен қатар талмай-тынбай еңбек етті.
– Пандемия халықаралық қатынастарды тежеуші факторға айналды: көптеген маңызды іс-шаралар кейінге қалдырылды немесе онлайн форматта өткізілді, екіжақты байланыстардың белсенділігі біршама азайды. Әлемде халықаралық және өңірлік ахуал шиеленісе түсті. Мемлекет басшысы сыртқы саяси аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қалай қорғады?
– Дұрыс айтасыз, коронавирус пандемиясы халықаралық қатынастардың даму үдерісіне салқынын тигізді. Есесіне онлайн саммиттер форматын қолдану, телефон арқылы әңгімелесу тәжірибесін арттыру және жазбаша хаттар жолдау сияқты дипломатиялық жаңа стандарт кеңінен қолданылды. Жалпы, Президент жыл ішінде 9 халықаралық жиынға қатысып, телефон арқылы 30-дан астам елдің басшыларымен сөйлесті. Шетелдің 15 елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Дәл осындай қиын-қыстау сәтте сыннан сүрінбей өту үшін Қазақстан алыс-жақын шет мемлекеттермен арадағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтауға, оның ішінде, заманауи қауіп-қатерлерді бірлесе шешуге ерекше көңіл аударды. Сондай-ақ осы дағдарыс кезеңі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір Қазақстан азаматының және бизнестің мүдделерін сыртқы саясатпен үйлестіру туралы ұстанымын айқын көрсетті. Мәселен, Мемлекет басшысы ақпан айында бекіткен Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасында отандық дипломатия қызметінің практикалық, ең алдымен, экономикалық аспектілеріне баса мән берілді.
Әрине, Президенттің шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен жүргізген барлық келіссөздерінде пандемияның әртүрлі салдарына қарсы тұру үшін күш жұмылдыруға назар аударғаны баршаға аян. Пандемия кезінде, ең алдымен, шет мемлекеттерде қалған азаматтарымызды елге аман-есен жеткізу жұмыстары қолға алынды. Шекаралардың жабылып, әуе қатынастары тоқтатылып жатқанда бұл алғашқы сәтті қадамдардың бірі болды. Шетелдік әріптестермен орнатылған тиімді ықпалдастықтың арқасында мыңдаған азаматтарымыз отанымызға аман-сау оралды. Сонымен бірге Қазақстанда қалған шетелдіктерге тиісті көмек көрсетілді. Осындай сын сағатта шетелдік серіктес мемлекеттермен өзара ықпалдастықтың арқасында елімізге сырттан үлкен көлемде гуманитарлық көмек тартылып, кәсіби дәрігерлер келді. Олардың ішінде Ресей, Қытай, Түркия, Қатар және т.б. достас мемлекеттер бар. Қазақстан да халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай және Италия сияқты жақын көршілес және серіктес мемлекеттерге қол ұшын созды. Елімізге коронавирусқа қарсы тиімді және қолжетімді вакциналар алу, жасау және өндіру саласында нақты жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда осы бағытта Ресеймен тығыз ықпалдастық орнатылды.
Президент өзінің сыртқы саясатқа қатысты жұмысында ашықтық, прагматизм және ымыраға келу секілді тәсілдерді қолдану арқылы Қазақстанның ұлттық мүдделерін сенімді қорғайды. Бұл тәсілдің тиімділігі мамыр айында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуына байланысты төтенше жағдай кезінде анық көрінді. Екі елдің түсінісіп жұмыс істеуінің арқасында су тасқынының салдарын қысқа мерзімде жою мүмкін болды.
Тағы бір мәселеге назар аударғым келеді. Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің 19 мамырда өткен отырысы естеріңізде болар. Сол кезде «2025 жылға дейінгі Еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжаттың жобасы ұсынылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған құжатқа ұлттық мүддеміз тұрғысынан қарап, оның кейбір бөлімдерін қайта пысықтап, әлі де ширата түсу керек екенін айтты. Мемлекет басшысы құжаттың Одаққа мүше елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты қамтуы керек екенін жеткізді. Бұл тұрғыда Қазақстанның түбегейлі ұстанымы Одақты «саясаттандырмау» екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының биылғы жұмыс кестесіндегі маңызды шараларға да тоқталып кетейік. Мысалы, Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобының қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан Президенті мамыр айында БҰҰ-ның «COVID-19 дәуірінде және одан кейінгі кезеңде дамуды қаржыландыру» атты жоғары деңгейдегі онлайн іс-шарасына қатысты. Әлемдік деңгейдегі тағы бір маңызды шара ретінде Мемлекет басшысының қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясының жұмысына қатысуын айтуға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөйлеген сөзінде COVID-19 індеті салдарынан туындаған дағдарысқа қарсы қабылдануға тиісті шараларды атай келіп, Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын ұсынды. Осы ретте Қазақстан мұндай орталықтың бірін өз аумағында ашуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар әлемді жаулаған жаһандық пандемияға байланысты биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу және іске қосу мәселесінің өзектілігіне тоқталып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру жөнінде ұсыныс жасады.
Шетелдік көшбасшылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформаларға оң бағасын беріп жатыр. Атап айтқанда, еліміздің Өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қою туралы Мемлекет басшысының шешімі жоғары бағаланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен ұлттық дипломатия елдің тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сыртқы саяси бағытының дербестігін сақтай отырып, өзгермелі құбылыстарға тез бейімделді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы өзінің беделін Еуразия құрлығының геосаяси және геоэкономикалық жүйесінде және Орталық Азия өңіріндегі жетекші мемлекет ретінде нығайтты. Әрине COVID-19 індетінің қатал сынақтары қазақстандық дипломатияның алдына жаңа міндеттер қоюда. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің негізін қалаушылардың бірі ретінде Мемлекет басшысы дағдарыстан кейінгі жаңа әлемдегі ұлттық даму міндеттерін ескере отырып, еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуды көздейді.
– Өңірлердегі жағдай Мемлекет басшысының үнемі бақылауында. Биыл Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар облысқа жұмыс сапарымен барды. Осы сапарлардың мәні мен маңызына тоқтала кетсеңіз.
– Әрине, Мемлекет басшысы еліміздің бүкіл өңіріндегі ахуалды жіті бақылап отырады. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел мен жердің тағдырына, халықтың тыныс-тіршілігіне әрдайым баса мән беретінін өздеріңіз де білесіздер. Әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бірдей көңіл бөліп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шаралар қабылдайды, тиісті тапсырмалар береді. Биыл да ауыр жағдайға қарамастан 9 рет өңірлерге жұмыс сапарымен барды.
Президент облыстарға жұмыс сапарын жоспарлағанда өңірлердегі қалыптасқан ахуалды өз көзімен көріп, індетке қарсы күресіп жатқан жұртшылықпен жүзбе-жүз кездесуді жөн көрді. Мемлекет басшысының өңірге арнайы жұмыс сапарымен келуі дағдарыс тауқыметін тартқан халыққа сенім беріп, еңселерінің түспеуіне ықпал етті деп ойлаймын. Мысалы, жыл басында Жамбыл облысына барды. Онда аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып қана қоймай, Қордай ауданындағы жалпыға белгілі оқиғадан кейінгі атқарылған жұмыстардың барысын көрді. Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде өңірдегі көктемгі егін егу жұмыстарымен, ауыл шаруашылығын, оның ішінде егін және мал шаруашылығын дамыту жоспарымен танысты. Түркістан облысына жасаған сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Сардоба су қоймасының бұзылуынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының ахуалымен, былтырғы Арыстағы жарылыстың салдарын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, өз көзімен көрді. Бұған қоса, бүгінде қарқынды құрылыс алаңына айналған Түркістан қаласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға куә болды. Одан кейін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына барды. Бұл екі өңір елімізді астықпен қамтамасыз ететін негізгі облыстар екені мәлім. Қазіргідей дағдарыс жағдайында халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – негізгі мәселелердің бірі. Сонымен қатар ауылдағы жастарға жағдай жасап, оларды жұмыспен қамту да – өзекті міндет. Осындай мәселелерді ұдайы назарда ұстаған Мемлекет басшысы аймақтарға арнайы барып, егістік алқаптарын аралап көрді. Ал Алматы қаласына жұмыс сапарымен барғанда індетпен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлермен кездесті. Қаладағы медициналық-демографиялық ахуал мен COVID-19 індетіне қарсы күресу үшін қабылданған шараларды көрді. Өндіріс орындарын аралап, жасалған жұмыстарға оң бағасын берді. Биыл Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы сынды біртуар тұлғаларымыздың мерейтойлары ЮНЕСКО деңгейінде кеңінен аталып өтті. Пандемия салдарынан жоспарланған іс-шаралардың дені онлайн режімде өткізілді. Дегенмен Мемлекет басшысы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған Семейдегі жиынға арнайы барып, ұлы ақынның рухына тағзым етті. Сонымен бірге Абай мен оның ұлдарына арналған «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысып, «Жидебай-Бөрілі» мемориалдық кешенінде болды. Абайтанушы ғалымдармен кездесіп, келелі кеңес құрды. Сондай-ақ Абайдың кіндік қаны тамған киелі мекендегі атқарылған игі жұмыстармен танысты. Қараша айында Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, жаңадан салынған 1200 орындық мектеп-гимназияны және бірқатар спорт нысандарын аралап көрді. Мемлекет басшысының бірқатар облысқа жұмыс сапарымен баруы өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға, пандемия салдарымен күресуге және халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған жұмыстардың жүйелі орындалуына зор ықпал етті деуге болады.
Бұрынғы қалыпты өмір кезінде Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерін жоспарға сәйкес қабылдап, атқарған жұмыстарының есебін алатын болса, биыл оларды жиі қабылдап, сәт сайын тапсырма беріп, жасалған жұмыстардың нәтижесін бақылады. Жалпы, Президент өзі жүктеген міндеттердің орындалуын бақылау мақсатында жыл ішінде Үкімет мүшелерімен, мемлекеттік органдардың, өңірлердің және басқа әртүрлі ұйымдардың басшыларымен 200-ден аса кездесу өткізді.
Осы жақында Президент Ақордаға барлық әкімді жинап, кеңес өткізіп, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалына баға беріп, халықты жұмыспен қамтуға, дағдарыс кезінде елдің тұрмыс жағдайын қалыпты ұстап тұруға қатысты нақты тапсырмалар берді.
– Мемлекет басшысы ақпараттық кеңістікті үнемі бақылауда ұстайды. Әлеуметтік желілердегі парақшаларына көңіл бөледі. Біз Президенттің твит арқылы министрлерге, әкімдерге тапсырма беретінін білеміз. Осы тапсырмалар қаншалықты орындалады?
– Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлауалды бағдарламасында да, 2019 жылғы Жолдауында да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы айтты. Жалпы, Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасын қалың жұртшылық жақсы қабылдады. Осы ретте Президент әлеуметтік желі арқылы еліміздің бүкіл өңірінде болып жатқан түрлі оқиғаларға, түйткілдерге дер кезінде үн қатып, тиісті тапсырма береді. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы елдің тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырады. Яғни бұл – Президенттің қоғамдағы болып жатқан әр проблеманы естіп, біліп, көріп отырғанының белгісі. Мұндай жұмыс стилі уақыт үнемдеу тұрғысынан өте тиімді екенін көрсетті. Себебі берілген тапсырмалар дер кезінде назарға алынып, тиісті шешімін табады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желі арқылы тапсырма беруді қолайлы санайды. Осы жылы Президенттің твиттер парақшасында жалпы саны 630-дан астам твиті, инстаграмда 30 жазбасы жарияланды. Айталық, Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақмола облысындағы «Көбейтұз» көліне келтірілген зиянды әрекеттерге алаңдаушылық білдіріп, тиісті министрліктерге тапсырма берді. Соның нәтижесінде көрікті жердегі келеңсіз әрекет тоқтатылды. Бүгінде экологиялық ағарту жұмыстары жүргізілуде. Президент бірқатар депутаттар мен патриот азаматтардың Мемлекеттік рәміздерді, әсіресе Туды күнделікті өмірде кеңінен қолдану туралы ұсынысына назар аударып, Үкіметке қолданыстағы заңнамаларға өзгеріс енгізуді тапсырды. Соның нәтижесінде, Туды қоғамдық, көпшілік орындарда, үйлердің балконына ілуге рұқсат берілген Үкімет қаулысы шықты. Президенттің тікелей араласуымен Маңғыстау облысындағы Бозжыра қорығы аумағында салынатын қонақүйдің құрылысы қайта қаралады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударып, қала әкіміне қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды. Жыл ішіндегі осындай жұмыстарды көптеп келтіре беруге болады. Дегенмен мұның бәрі елдің көз алдында өтіп жатқаннан кейін барлығын бірдей тізіп шығу міндет емес шығар деп ойлаймын.
Осы арада Президенттің akorda.kz сайтындағы Виртуалды қабылдауына да жұртшылықтан көптеген талап-тілектер, әртүрлі өтініш хаттар келетінін айта кеткен жөн. Бүгінге дейін азаматтардан 19 мың 500-ге жуық өтініш келіп түсті. Оның ешқайсысы назардан тыс қалмайды.
Қорыта айтқанда, жалпы осы кезеңдегі орындалған тапсырмаларды саралай отырып, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өз деңгейінде жүзеге асырылып жатыр деп айтуға толық негізі бар.
– Иә, Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын жариялағалы мемлекеттік органдар ашық болуға, елдің алдына көбірек шығуға тырысып жатыр деуге болады. Олар азаматтардың өтініштеріне жылдам жауап беріп, БАҚ пен әлеуметтік желілерде тығыз байланыс орнатып жатыр. Президенттің баспасөз қызметі осы Тұжырымдаманы іске асыруда қандай рөл атқарады?
– Мемлекет басшысының аталған тұжырымдамасынан кейін мемлекеттік органдардың басшылары әлеуметтік желілерде ресми аккаунттарын ашып, кейбірі жеке байланыс телефондарын жариялау арқылы халықпен жедел кері байланыс орнатуға көңіл бөле бастады. Мұны халыққа қызмет көрсетудің, жұртшылықпен байланыс орнатудың озық үлгілерінің бірі деуге болады. Бұл атқарушы билік өкілдерінің халықпен қарым-қатынасы айтарлықтай ілгерілегенін көрсетеді. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру тұжырымдамасы аясында билік өкілдерінің халықпен кездесулері артып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау оңтайлана түсті. Осы ретте, Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам қайраткерлерімен және ғалымдармен 23 кездесу өткізді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аталған тұжырымдаманың іске асырылуына, қоғаммен диалог орнатуға зор үлес қосып келеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде білім беру және денсаулық сақтау мәселелері, сондай-ақ, саяси жаңғырудың негізгі бағыттары талқыланды. «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заң қабылданып, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы» заңдарға өзгертулер енгізілді. Ұлттық кеңестің бастамасымен тоғыз заң қабылданды. Тағы жеті заң жобасы қаралып жатыр.
Сонымен қатар осы жылы Президенттің 3 мақаласы, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына берген 7 сұхбаты жарияланды.
Президенттің баспасөз қызметі барлық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардағы баспасөз қызметімен тығыз жұмыс істейді. Баспасөз қызметі осылайша Тұжырымдама ғана емес, Президент бастамаларының, оның берген барлық тапсырмаларының, өзі атап көрсеткен түйткілді мәселелердің бұрмаланбай, елге түсінікті әрі дер кезінде жетуін қамтамасыз етеді. Осы ретте әлеуметтік желі арқылы жұртшылықтың ой-пікірлерін, ұсыныстарын, талап-тілектерін саралап отырады.
Баспасөз қызметі Президенттің айтқан келелі ойларын, тұжырымдарын, қанатты сөздерінен видеоүзінділер мен модульдер жасап, жұртшылыққа таратып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының апталық жұмысының қорытындысы бойынша бейнероликтер дайындалып, таратылуда.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті қызметіне кіріскенде халыққа «Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу» деген басты үш ұстанымды негізге алатынын айтты. Осыған орай биылғы наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының 1 жылдық жұмысының қорытындысы ретінде «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деген атпен 4 томдық жинақ шығарды. Бұл Мемлекет басшысының бір жылда атқарған жұмысын бір жерге жинақтап, болашаққа аманаттау ниетінен туған игі іс деп ойлаймын. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Сөз орайы келгенде айта кетейін, биыл akorda.kz сайтында Мемлекет басшысының қызметі бойынша 442 ақпараттық хабарлама, Президенттің түрлі жиындарда сөйлеген сөздері мен үндеулерінен 25 ақпарат және Қазақстан халқына арналған 1 Жолдауы жарияланды. Осындай ақпараттың алаңына, жаңалықтың жаршысына айналған akorda.kz сайты алдағы жылдан бастап жаңарып, заманға лайықталып, жаңа дизайнмен шығатынын айтқан да абзал шығар.
– Жылдың соңында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті. Бұл көптен бері ғалымдардың да, жалпы зиялы қауымның да күткен саяси шешімі еді. Комиссияға артылған жүк белгілі, ал нәтижесі қандай болуы керек?
– Иә, бұл қазақ халқы үшін көптен күткен ақжолтай жаңалық болды. Себебі елімізде нәубет зардабын тартпаған отбасы жоқ. Өзіңіз айтқандай, ғалымдар да, зиялы қауым өкілдері де аталған мәселені көп уақыттан бері көтеріп келеді. Сондықтан Президенттің бұл шешімін бүкіл халық зор қуанышпен қабыл алды деп ойлаймын.
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қуғын-сүргін, ашаршылық зобалаңы ел тарихында қасіретті кезең болғаны баршаға белгілі. Ғалымдарымыз қазақ даласында 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісінің болғанын айтады. Халқымыз бастан кешкен бұл тауқыметті жылдар ақтаңдақтар кезеңі деп аталып кетті. Сондықтан тарихи әділдікті қалпына келтіріп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекет басшысы биылғы 30 мамырда үндеу жариялады. Президент сол үндеуінде «Жазықсыз жапа шеккендерді толық ақтау баршамыздың перзенттік борышымыз» деп атап өтіп, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде бүгінге дейін жүргізілген жұмыстарды соңына дейін жеткізуді тапсырды. Соның нәтижесінде Президент Жарлығымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, 3 желтоқсанда оның алғашқы отырысы өткізілді. Мемлекеттік комиссия құрамында Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалымдары бар. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев төрағалық ететін Комиссияға 49 азамат мүше боп кірді.
Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру. Келер жылы Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осы айтулы мереке қарсаңында Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Қазақстанның еркіндігі, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күрескен, сол үшін құрбан болған, зардап шеккен тұлғаларды мемлекеттік деңгейде ақтаудың мәні зор деп ойлаймыз. Комиссия қуғын-сүргін кезеңіне қатысты материалдарды жан-жақты әрі кешенді зерттеп, жазықсыз құрбан болған азаматтарды заңды және саяси тұрғыдан толық ақтайды деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР,
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
821 науқас коронавирустан айықты
Ұқсас жаңалықтар
Елена Әбдіхалықова: Күйінгенім де, сүйінгенім де – өнерімде
- авторjambylinfo.kz
- 25 желтоқсан, 2020