дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 18:46

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Бізге тұлға емес, ұлттық кредо қажет»

«Бізге тұлға емес, ұлттық кредо қажет»
ашық дереккөзі
«Бізге тұлға емес, ұлттық кредо қажет»

Жамбылдық тарихшы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, белгілі Мәдениет қайраткері, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Тәкен Молдақынов.

– Тәкен аға, жуырда ғана жарық көрген Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Президент «Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы» деп атап өтті. Жалпы осы президент айтқан академиялық тарих деген не? Оны неден бастауымыз қажет? – Ұлттық академиялық тарих дегеніміз, ол – ұлттың, адамзаттың түп негізінен, сонау Адам ата, Хауа анадан басталған негізін түгел қамтитын ата тарих. Оның алғашқы нұсқалары үш мың жылдық гректердің, италиялықтардың арғы тарихын жазған Тацит Публий Корнелий деген тарихшылардан кезігеді. Ал бізде сөз көп. Біреу ұлттық тарихымызды 1465 жылдан, Қазақ хандығынан басталды дейді. Өйткені одан арғы тарих бізде әзірше жоқ. Біз кім едік, қайдан келдік? Біреу тегімізді ғұн дейді, біреу басқалардан таратады. Осыларды бір жүйеге келтіретін сол академиялық тарих. Осы жерде Мемлекет басшысының «Жазуды бастау керек» деген сөзіне ерекше мән бергеніміз жөн. Ол еңбек жиырма жыл, отыз жыл бойы жазылуы мүмкін. Өйткені бұл – ауқымы үлкен де ауыр, өте қиын да күрделі құбылыс. Ашығын айтсақ, адамзат тарихының бір тарауына өзгеріс енгізуге жататын мәселе. Жасыратыны жоқ, тарихты жасайтын зиялы қауым, оқығандар. Президент осы ғылыми потенциалымызды есептеп, осылай айтып отыр. – Біздің тарихшыларымыз сол үлкен істің үдесінен шыға ала ма? – Әңгімеміздің арқауы айтып тұрғандай, мен де ашығын айтайын – дәл қазіргі біздің потенциалымыз оған аздық етеді. Өйткені тарихты толықтыру үшін бүкіләлемдік тарихты ғылыми тұрғыдан зерттеу керек, адами тұрғыдан зерделеу керек... Одан кейін өлісі бар, тірісі бар, барлық әлемдік тілдерді зерттеуіміз қажет. Лингвистиканы меңгеруіміз керек. Бұл үлкен академиялық деңгейдегі мамандар тобынан тек біліктілікті ғана емес, сонымен бірге зор жауапкершілікті де қажет ететін шаруа. Біздегі тарих қазір қалай жазылып отыр? «Василий Васильевич Радлов бүйтіп айтты, Семёнов-Тян-Шаньский сүйтіп айтты» деп немесе арабтар, парсылар, ирандық Рәшит әд-Диннен бастап кейінгі Әбулғазыға дейінгі аралықта кітаптан кітапқа көшіп жүрген цитаталар алынады, Әбулғазы немесе әл-Максиди бүйтіп айтты деп кітапты мен де жазамын, сен де жазасың. Кейбіреуі тіпті оны оқымайды да, компьютерден көшіріп алып, кітапқа кіргізе салады. Сондықтан бұл өте ұзақ ұлттық процесс. Ұлттың рухани дамуымен қатар дамитын дара құбылыс. Қазір өзің қатарлы шет тілін білетін жастар көбейіп келе жатыр. Менің өз басымның үміті осындай білімді де білікті жас тарихшыларда. – Аталмыш мақалада Мемлекет басшысы «Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орталықтардың аясында ғана қалып қойған жоқ па?» деген салмақты сауал тастады. Олардың халыққа қолжетімді болуын атап өтті. Оны қалың жұртқа қалай қолжетімді ете аламыз? – Мысалы, сен Гумилевті оқыған болсаң, тарихи кітап жазудың бір жолы, сол кісінің стилі. Арыға бармай-ақ қоялық. Енисей аймағы біліктілерінің (Кызласов, Хара Даван.) еңбектерін оқышы, содан кейін соның ішіндегі қарапайым терминдерді аударып көрші, тарихи кітаптар танымын ежіктеп жеткізу өте күрделі шаруа. Халықтық зердеге сіңімді, жеткілікті болуы үшін ананың руы пәлен, мынаның руы түген, ол Тарбағатайға барған, Ақмолада жүрген дейтін бос сөздің, бір сөзбен айтқанда – құрғақ хронологияның керегі жоқ. Осыған үлкен мән беруіміз қажет. Біздің ұлттық тұлғаларымыздың бірде-біреуінің рухани өміріміздегі орнын, олар не үшін атқа қонып аттандады, ол еңбектің жемісі қай көкейдің шөлін қандырды, олардың келер ұрпақтары ата өсиетіне адалдық жолында не бітірді – оларды толыққанды зерделей алған жоқпыз әлі. Олар әрмен қарайғы жүз, екі жүз жыл мезгілінде өмір сүрер ұрпақтың да арманына айналар мәселелерді өз мезгілінен кешіктірмей қалай көтерді? Бұл жөнінде әңгіме жоқ. Бәрі әншейін жалаң ақпарат. Бір батыр жөнінде, ол қашан, қалай қайтыс болып, қайда жерленді екен деп іздей қалсаң, тіпті өмірден өткен жылы да белгісіз. Әр дереккөз әртүрлі даталарды көрсетеді. Белгілі, нақты, өзгермейтін факт болмағаннан кейін ол ұғым санада қалай қалыптасады? Жай ғана күнделікті дәліздегі үлкендермен әңгіме барысында бір батырды біреулер ана атаның баласы десе, енді біреуі «жоқ, ол мына атаның баласы» деп өзеурейді. Ал біреуі оның жер бесігі Алтайда жатыр десе, екіншісі Арқада деп дауласады. Бұл мысал үшін алынған әншейін ауызекі әңгіме ғой дегенімізбен, бізге ондай шежіренің қажеті шамалы деп ойлаймын. Біздің кезеңге халыққа түсінікті, санаға сіңімді, дәлелі нақты тарих керек. Президент «қалып қойған жоқ па?» деп осыларды меңзеп отыр. – Тасын түртсең, тарихы менмұндалай­тын өңіріміздің, тіпті облыс орталығы Тараз шаһары­ның өзі алдыңғы тауарихтың темірқазы­ғы екендігі көпке аян. Жалпы, өңірімізде әлі де зерттей түсуді қажет ететін Атлах шайқасы, Ақыртас сынды қандай жерлер, оқиғалар бар? – Қазіргі таңда басқасы емес, сен айтып отырған жерлердің өзі әлі толық зерттелмеді. Мәселен, Атлах шайқасы мен Ақыртас жөнінде менен көп ешкім жазған жоқ. Биылғы жылы Атлах шайқасының мерейтойы. Арнайы мақала әзірлеп жатырмын. Ол жерде тарихымыздағы Атлах шайқасына арнап белгі қалдырып, атап өтуіміз қажет деген мәселені көтеріп отырмын. Сол секілді Атлахтан, Қарахан, Айша бибі, Ақыртастан бастап бірде-біреуінің толық ақпараты жоқ. Академиялық тарих дегеніміз де осындай ақтаңдақтарды айқындаудан басталады. – Ал сонда қазір өздерін тарихшымын дейтін тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар не бітіріп жүр? – Олардың көбі «жылан жылғы» конференция, пленумдарды, съездерді жазып, атақ алып алғандар. Содан кейін біздің ұлттық, мемлекеттік болмысымыздан, тарихымыздан осы ғылым кандидаты, докторы, академик деген атақтарды мүлде жою керек шығар. Мүлде! Сонда ғана «таңбалы тарландар» азайып, таза қанды бәсекелестік белең алып ғылым да, білім де алға жылжитын сияқты. Қазір тас лақтырсаң, кандидат пен докторларға тиеді. Бірдеңе сұрасаң «мен математикпін ғой, ойбай, мен политологпын ғой, мен педагогпын ғой» деп сырғақтатып жауап береді, не ғылыми ауқымы тарлықтан тым жұтаң жауап беруі бек мүмкін, тіптен кейде білмеген, естімеген болып шығады. Мен ол сөзіме жауап бере аламын, Себебі оған куәгермін. Арғы-бергі тарихты алып қарағанда біздің осы өңірімізде, кіндік Азия, орталық Азия құрлығы, ежелгі атауы бойынша айтсақ Асия, соның көлемінде өткен ұлы оқиғалардың барлығы біздің өлке тарихымен байланысты болған. Мәселе бұл жерлерде кімдер тұрып өмір сүргендігінде немесе олардың қандай мемлекет құрғандығында емес, мәселе – олардың адамзат тарихындағы ұлы бетбұрыс болған оқиғалардың басы-қасында болуы, тарихи дамуды өзгертіп жіберген, тіпті географиялық атауларға дейін жаңа реңк беріп, олардың көбінің аталған оқиғалардың куәгерлері болуында, сол дәуірлер туралы айтылар нақты ақпараттарда. Мысалы біз үшін, біздің ұрпақ мақтан етер сондай ұлы бетбұрыстардың бірі – жаңа ғана өзің айтқан Атлах (Талас) шайқасы. Өкініштісі Атлах шайқасы туралы кез келген, басқаны былай қойғанда қазақтан сұрашы, білмейді. Ал менің қолымдағы тарихи жылнамада сол оқиғаға қатысушылардың аты-жөніне дейін бар. Қолым босаған кезде төте жазумен, шағатай тілімен жазылған көне кітаптарды ежіктеп отырамын. Бізге осындай кітаптарды оқи білетін біліктілігі ғана емес, азаматтық өресі уақытқа сай тұлғалар керек. Ол кәсіби тарихшы болмауы да мүмкін. Мысалы Тутанхамонның жер бесігін ашқан Шлиман да, ежелгі Трояның қирандыларын тапқан Картер де кәсіпқой археологтар емес қой. Айналысқан істері, тіпті мамандықтары мүлде бөлек. Тарихи интуицияның өзі адамға үлкен парасатпен бірге келетін қасиет.... Мысалы, Гумилевтер, Мұрат Әжілер солардың қатарындағы тұлғалар. Ал Гумилевтің трагедиясы, оның кеңестік идеология аясында өмір сүруі, сол тар шеңберден ұзап шыға алмауы... Мұрат Әжінің тағдыры қасарысқан шовинизм шырмауынан шаршауы. – Өз сөзінде ел Президенті жоғымызды түгендеген «Мәдени мұра» бағдарламасын да айтып өтті. Осы «Мәдени мұра» арқылы көптеген құндылықтарымызды анықтадық, қалыптадық, бірақ көп жұмысты аяғына дейін жеткізбедік. Мәселенің барлығы қаражатқа ғана тірелді ме, әлде оның басқаша да жауаптары бар ма? – Біздің ұлттық мемлекет есебіндегі рухани жағынан да науқаншылыққа ұшырағанымыздың бір белгісі бұл. Ол басында дұрыс басталды, кейін екінші кезеңі де біршама сәтті өтті. Содан кейін оны ұлттық жобаға айналдырдық деген сөз шықты. Сол кезде мен шын қуандым. Ал одан кейін не істедік, түк те істеп жатқан жоқпыз. Үш бұрышты, дөңгелек, «П-үлгі», «С-үлгі» үстелдерді жасап, сол жерде бозадағы бос сөз, беласардың алдындағы бос әңгімеден аса алмадық. Осыдан аулақ болуымыз керек. Мынаның қолынан іс келеді-ау деген адамды қаржыландырып, соны қолдау қажет. Сондай адамдарды табу керек. Менде Азияның бес мың жылдық тарихы бар. Үш-төрт басшыға өзім жолығып, «Төте жазумен жазылған деректерді кириллицаға тегін қотарып, компьютерлік нұсқасын тегін түптетіп берейін, маған ақшаның да қажеті жоқ» деп қайырылған едім. Бекер обалдары қане – үшеуі де уәде берді. Көмекшілеріне (бірі тіпті орынбасарына) тапсырма да берді. Бірақ, сол күйі нәтижесіз қалды. Сол үшін тағы да қайталап айтамын, бізге азаматтық өре керек. «Менің арманым – көк тудың желбірегені» деген пафосты бос сөздерді қайталай берудің қажеті жоқ. Мәселенің мәйегін танып, түсініп, соған байланысты қызмет жасалуы тиіс. Ол жолда бюджеттік, экономикалық, қызметтік заңдылықтарға кейде тіптен қарамау керек. Олармен шектелуге болмайды. Сонау жылдары «Жас Алаш» газеті Испанияның елшісі келіп, конференция ұйымдастырған кезде оның аузынан естіген деректі жерден жеті қоян тапқандай «ойбай, біздің сондай тарихымыз бар екен» деп бірінші бетіне басты. Содан кейін мен газеттің өзіне пікір жаздым. «Әй, орта мектептің оқулығын оқыңдар. Клавихо сапары туралы сол жерде жазулы тұр» дедім. Осыдан кейін не дейсің? Сол жерде қайта елшінің өзінің бетін қызарту керек еді ғой. «Бізді кім деп отырсың, біз ол туралы оқулық та шығарып қойғанбыз» демейді ме сауаттары болса. Өкінішке қарай, біздегі жағдай осындай. – Соңғы жылдары Тараздан шыққан Таразилер туралы көп әңгіме тарады. Осы Таразилерге қатысты ойыңыз қандай? – Ең алдымен, біз ол үшін Тараздың өзін жан-жақты зерттеп алуымыз керек. Тараздың өзін дегенде мен қаланы айтып тұрған жоқпын. Мәселе оның атауында. Қазір мысалы, Шығыс Түркістанда Тараз дейтін жер бар. Осыдан екі жыл бұрын кәсіпкер бір әйелдің турист болып барғанын оқыдым. Соны сол жерге алып барыпты. Қираған тарихи жер, қасында кішкене ауыл бар екен. Сол секілді алдымен осының басын ашып алуымыз керек. Және оның Азия құрлығында қандай баламасы болды? Оның жасы қазіргі Тараздан үлкен бе, кіші ме, соны да зерделеуіміз қажет. Қаламыздың тарихы, расымен, екі мың бір жүз жылға кетті. Іргесін Тәңірқұт Тезек қалады. Ал сол Таразилердің қайсысы қай жерден шығыпты? Қай Тараздан таралды ол, соны анықтауымыз керек. Мысалы, сол Шығыс Түркістанда Астана деген де мекен бар... Біз неге осындай, бір қарағанда болымсыз көрінетін ақпараттарға көз жұма қарауымыз керек?... Академиялық тарих дегенде Қасым-Жомарт Кемелұлы осыларды меңзеп отыр. Соның барлығын бір қалыпқа келтіріп, жағдайды өз тарихымыздың томдарынан басқа құрлықтың ғалымдары да цитата алатындай дәрежеге жеткізуіміз керек, оларға мойындата білуіміз қажет деп ойлаймын. – Мектеп оқушыларына арналған қазіргі тарих пәнінің оқулығы қызықсыз, кілең сапырылған сандардан құралған. Осыған не дейсіз? – Бізде Қазан төңкерісіне дейінгі Ұлы дала тарихында, яғни тарихи өлшеммен алып қарасақ, кешегі Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлының тұсына дейін қазақ тіліндегі әліппе, оқулық дегендер атымен болған жоқ. Алаш қайраткерлері неге шетінен оқулық жазуға ұмтылды?.. Біздегі мектеп оқулықтары жөнінде кейінгі кеңестік дәуірде қалыптасып, бүгінге дейін жалғасып келе жатқан қалып бұл. Соған ұлттық сипат береміз, өзімізше жасаймыз деген талпыныстан туған мүлдем жаңсақ реформалар көбейіп кеткенін мойындауымыз керек. Дұрыс айтып отырсың! Бізге дейінгілер, біз және бізден кейінгілер оқыған көптеген салалық оқулықтар болды. Ондағы математиканы ашсаң, бір ғана фамилия тұратын. Қазір қалай? Бейсенбаев, Сәрсенбаев, пәленше-түгенше дегендер көп. Тіпті кейбір мектептер оқулық шыққан баспаның атын таңдайтын сорақылықты да көзіміз көріп жүр!... Мұны өз басым коррупцияның – «менің атым жүре тұрсын, сенің атың тұра тұрсын» деген жымысқы тәсілінің бірі емес пе екен деп те күмәнданамын...Тендер заңдылықтары деген шеңберді рухани мәселеге келгенде мүлдем қолданбауымыз керек. Оның заңдылықтарын рухани заңдылықтарға сүйеніп «бас жарылмайтын, көз шықпайтын» жолдарды қолдану арқылы жоюымыз қажет бұл тұста. Оның бір жолы – ұлттық кеңістікті түгел қамтитын ұлттық байқау жариялап, солардың ішіндегі ең үздігін таңдауымыз қажет, салалық таңдау түскен авторға барлық жағдай жасалынуы керек, қаржыны да, құрмет пен мадақты да сол есімдер ғана иеленулері керек! Өйткені кітап атауының ең ұлысы – оқулық! «Бесігімізді түзеу» үшін оқулық сапасын бірінші орынға қоюымыз керек. Адамзат бүгінгі біз білетін әдебиетті Аристотельден, Аристофаннан немесе Алаша ханнан, я болмаса басқа да үздік тұлғалардан үйренген жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл халықтардың, бүкіл уақыттардың ең ұлы кітабы «Ламанчалық Дон Кихот» болды. Бүкіл әдеби мектептердің одан кейінгі өкілдері Сервантестен көп үйренді. Менің бұл пікірімді біреу мойындар, біреу мойындамас, мәселе онда емес... Ал өзінің тұстас дәуірі ол кітапты немқұрайды мазақпен, ащы да ашымық мысқылмен қарсы алды... Одан кейінгі әдебиеттің қалай өркендегенін өзің де білесің. Дюма, Бальзактар, орыстағы Толстой, Чехов, Гоголь, кімді алсаң да, Жюль Верннен Булгаковқа дейінгі аралықтардағы кітап жазу негізін қарап отырсаң «Дон-Кихоттың» сүрлеуі сайрап жатады. Композицияны қалай құру керек, қалай баяндау керек, сюжет қалыптастыру деген не, қалай түйіндеу керек деген сияқты... Қарапайым схемасы солай. Сол секілді адамзаттың басқа да ұлы кітаптары қашанда реформа, жаңалық қатарындағы қалып емес, оқулық дәрежесінде қабылданады. Біздің прозадағы Т.Әлімқұловтың «Қараойын», поэзиядағы М.Мақатаевтың «Ақ қайыңын» оқулық емес деп айта аламыз ба? – Жетпістен асқан аға буын ретінде сізді қазіргі қоғамда қандай мәселе қатты алаңдатады? – Мен біздің қоғамның қазіргі дамуына алаңдаймын. Біздің қоғам тырнақшаға алып айтқанда «білімділер», «білгіштер» қоғамына айналып кетіп бара жатыр. Бұл өкінішті. Оған тумысында қалыптаспаған тұлға емес, ұлттық негізде қалыптасқан кредо қажет. Біз кім едік, кім болдық, енді қайда барамыз деген нысананы біржолата белгілеп алуымыз керек. Сондықтан мен дамуымыздың көп саласына алаңдаймын. Қоғамымызға кейінірек келген интернеттің өзі мүлдем миымызды айнал­ды­рып жіберді. Мәселен, жуырда «Mail.ru» әлеумет­тік желісінде «Қазақстандықтар етті көп жейтін болыпты» деген мақала шықты. Ал күні кеше ғана сол сайт «Қазақстанда ет тағы да қымбаттайтын болды» деген материал жариялады. Алдымен алдыңғы жаңалықты жариялап алып, «ойбай, бұларға бір шектеу қоялық, тоқтатайық» дегендей мынадай мақаланы жариялап отыр. Осыны зерделеп түсіне білетін, ақ-қараның аражігін ажырата алатын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Мен ол үшін қазақты кінәламаймын. Қазақ қазіргі интернетте тек қана оқырман. Ал ұстаздары басқа жақта, басқа арман, басқа мақсаттың, басқа ниеттің адамдары. Ол үшін ешкімді кінәлауға болмайды. Аяқ астынан жау тауып алатын кездеріміз болады ғой. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!» деп Абай айтты емес пе? Сонда сен кімге барып өкпелейсің, сен неге Абайды оқымайсың деп? Америкаға барып сенің неге Абайың жоқ деп кінә арта алмайсың ғой? Ал біз, осыны өз шама-шарқымыз көлемінде түсініп отырған ұрпақ ретінде әлемдік санаға құюға талпынуымыз керек. Біздің іс-әрекетіміздің бәрі соған сай болуы керек. – Мәдени, рухани салада талай жыл табан аудармай еңбек еттіңіз. Айтыңызшы, біздің қазіргі мәдени келбетіміз қандай? – Бүгінгі біздің мәдени келбетіміз – «декоративтік». Біз қажет делінген бір концертті қатырып жасап жібереміз. Интернет бар, сценарийді көшіріп алып, жарықтарын жарқыратып жағып тастап ұйымдастыруға машықтанып алғанбыз әбден. Ал ол басқа бұлақтарда емес, біздің өзіміздің сана қайнарымызда қайнап жатуы керек, тұруы керек. Міне, мәселе қайда жатыр. Димаш Құдайберген АҚШ президентінің инаугурациясында «Самалтау» әнін шебер шырқап берді. Қасында екі-ақ сүйемелдеуші – бірінің қолында қобыз, бірінің қолында сыбызғы. Міне, осындай титтей белгілер ұлтты алға сүйреудің, адамзатқа танытудың алғашқы қадамдары. Содан кейін Димаш әнді таза қазақ тілінде айтты. Мен қазақ қазақ болғалы бергі дәуірде елімізді ұлт есебінде басқаға көрсете білген бірінші адам болса, осы Димаш деп айтар едім. Басқалар өкпелемесін. Ұлы философ, данышпан Абай шықты, бірақ Абайды әлемге өз деңгейінде әлі толық таныта алмадық. Әлем білмейді Абайды. Мұқтар Шаханов: «Мен Жапонияға барғанда мектеп алдында жапон оқушылары менің өлеңімді қазақша оқып тұр», дейді бір сұқбатында. Осыған сенесің бе? Декоративті деп отырғаным сол. Абай жөнінде де солай болды. Абай күндерін өткіздік, ана жерде Абайды дәріптедік, мына жерде Абай үйін аштық деп көпіртеміз... Құр есепке құрылған жиындардан арыла алмай келеміз. Шетелдік адам Абайдың кітабын сатып алып, соны жастанып оқып жататындай дәрежеге жеткізуіміз керек. Абай алдындағы ұрпақ парызы деген сол! Ол үшін оған ақша шашудың қажеті жоқ. Мен қазір тегі араб-америкалық автордың «Черный лебедь» деген кітабын оқып жүрмін. Үш миллион тиражбен тарапты. Сондай дәрежеге жеткізуіміз керек қазақ авторларын. Сол секілді ұлттық тарихымызды да осындай сатылымды игерер қауқары бар зерттеу кітаптарымен толықтыруымыз қажет. – Тәкен аға, қазір өзіңіз мүшесі болып отырған облыстық қоғамдық кеңестің жұмысы жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз, алғашқы кездегі мақсат-мүддесіне жете алды ма? – Қоғамдық кеңес – мемлекеттік құрылым­ның өміріне, саяси ортамызға кейін келіп қосылған мемлекеттік институт. Өзінің заңы бар. Негізгі мақсаты – қарапайым әлеуметпен атқарушы билік өкілдері арасындағы алтын көпір, ақылдасу алаңы. Анау Мойынқұмда жүрген шопан облыстың әкіміне немесе орынбасарына кіре алмауы мүмкін. Өйткені олардың миллион адамның тағдырына қатысты мыңдаған басқа да жұмыстары бар... Сондай кезде бізге келіп, бір жапырақ қағазға ойын, ұсынысын, талап-тілегін жазып кетеді. Қоғамның қай саласы болсын өз мәселесін бізге жеткізсе, бағыты бойынша жолдаймыз. Бірақ біз бюджеттік бағдарламалардың иесі емеспіз. Негізі жұмысты қоғамдық негізде ғана атқарамыз. – Биыл тәуелсіздігіміздің отызыншы жылы. Осы белесте елге, оқырмандарға қандай ой-пікір айтар едіңіз? – Тәуелсіздік деген сөздің өзі екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін, бұйыра бермейтін қасиетті ұғым. Ойлап қарасаңыз, тәуелсіздік нышандарының түрлері де, нысандары да көп. Мәселен, менің ұлым менен тәуелсіз болуға ұмтылуы мүмкін. Немесе келінім екеуі киноға бару үшін менен ақша сұрамайтын жағдайға жетсек деп талпынуы мүмкін. Өзінің қолынан осы бір елеусіз нәрсенің бәрі келіп тұрса, олар да тәуелсіздіктің бір нұсқасы... Өз қолында мүмкіндігі бар адамның өрісі кеңейеді, өркені емін-еркін өседі. Сол айтпақшы, бұл үлкен ұғымның Ұлы далада салтанат құрғанына отыз жыл болды. Ес кіріп, етек жиып, азамат болып атқа міне бастаған кезде біз де тәуелсіздік мұратына қызмет етуді діттедік. Қоғамның сан саласында менімен жастылар, менен үлкендер немесе жетеқабылдардың барлығы тәуелсіздік тағылымын ұлықтау жолында еңбек етті. Олардың барлығы менің пайымымда, осы тәуелсіздігіміздің алғы шебіндегі жалындаған жауынгерлер. Бір адамның арқасында ғана емес, сол тұста өмір сүрген бүкіл қазақстандықтардың ниетінің түзулігі, еңбегінің екпінділігі қабыса келіп, тәуелсіздік тәлімдерін отыз жыл бойы сақтап келеміз, сақтай да береміз. Тек оған жиырма жылдық, отыз жылдық қызыл таңбалы той ретінде қарамауымыз керек. Тәуелсіздік – жарық күннің астындағы мәңгілік мереке! Таңертең оянғанда бір мәселемен таяуда тұрған басқармаға, немесе әкімдікке қайырыл­ғысы келген адам мәселесін қиналмай-ақ шешер, шеше алмаған жағдайда, ары кетсе таяқ тастам жердегі астанаға қайырылар. «Апыр-ай, жердің түбіндегі Мәскеуге қалай жетсем екен?» деп қиналмайды. Бұның өзі де қасиетті тәуелсіздіктің бір парасы, жетістігі... Өз бойымызда арагідік болса да кездесіп қалатын қорқақтық, бойкүйездік, жалқаулық, өзара көреалмаушылық, шенқұмарлық секілді аурулардан арылып, біз әрбіреуіміз тәуелсіз болайық, ол үшін мен мынаны істейін, менің балам мынаны жасасын деген ортақ мақсатқа жүгініп, әркім ортақ еңбектен түскен табысының өзін бұл менің тәуелсіздігімнің, бостандығымның жемісі деп есептеулері керек. Әрине, әңгіме ақша туралы емес, ақшаны есептеуге болмас... Бірақ тәуелсіздік айдыны осындай-осындай кішкентай ғана тамшылардан тұрады. Ол өте нәзік ұғым. Байқамай қолыңнан түсіріп алсаң шашылып кетуі бек мүмкін. Одан кейін оны қайтадан жинай алуың неғайбыл... Тәуелсіздік – біздің қалтамызда емес, тек қана мойны­мыз­да тұрар Бойтұмарымыз, киелі Құндылығы­мыз. Сондықтан да, тәуелсіздік жолының алғашқы алаңды жылдарынан бастап бүгінге дейінгі сапарында өткен өмір, кешкен ғұмырларының айшықты жылдарын оның игілігіне арнағандары үшін айналайын еліме, елімнің ақжүрек азаматтарына айтар алғысым шексіз! Ұрпақтар керуеніне Тәуелсіздіктің мың жылдық таңын көруді нәсіп етсін! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар