жұма, 22 қараша, 2024 12:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Байзақ өлкесінің әуендері» жинағының тұсауы кесілді

«Байзақ өлкесінің әуендері» жинағының тұсауы кесілді
ашық дереккөзі
«Байзақ өлкесінің әуендері» жинағының тұсауы кесілді

Өмірімізге кейінгі кезде дендеп еніп, қоғамға қозғау салып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдениет пен өнер үшін бірталай жұмыстардың атқарылғаны анық. Байзақ өңіріндегі өнерге үлес қосып жүрген таланттар табысы қазір талай жерге танылып үлгергені атап өтуге тұрарлық.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын ілгерілету, Байзақ өңірінен шыққан ақын-композиторлардың туындыларын насихаттау, ауданның ерекшелігін айшықтайтын әндерді жинақтап, осы кітапты құрастырған Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Қорғанбекованың еңбегі зор.

Бұл жинаққа Байзақ ауданының ақын – композиторлары Қасқырбай Нарбатырдың, Есжан Әміровтың, Жанатбек Тұрғынбаевтың, Алтынкүл Қасымбекованың, Заман Молдабаевтың шығармашылық жолдары мен танымал әндері енген.

Сарыкемер мектеп-гимназиясының акт залында санитарлық талаптарды сақтай отырып, ұйымдастырылған «Байзақ өлкесінің әуендері» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі ауданның Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатырдың әні мен сөзіне жазылған «Байзақ жері», «Сарыкемерім» әндерімен ашылды. Сондай-ақ, көркемөнерпаздар орындауында ауданның Құрметті азаматы, айтыскер ақын Алтынкүл Қасымбекованың «Мұратым сен» әні екі тілде шырқалды.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Аудан әкімінің орынбасары Дәуір Рысбайұлы мен ауданның Құрметті азаматы, ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін орындап, лентасын қиды. Кітап құрастырушы автор Жанар Қорғанбекова өз сөзінде жинақтың жарыққа шығу тарихын айта келе, жергілікті сазгерлердің сырлы әндері нотасымен жинақталған кітапқа аудан әкімі Нұржан Нұржігітов қолдау көрсеткенін, демеушілер арқылы қаржылай көмек бергенін айтып, аудан басшылығына шынайы ризашылық сезімін жеткізді. Құттықтаулар легі толас таппай, шақырылған қонақтар ретімен ризашылықтарын білдіріп, сый-сияпаттарын табыс етіп жатты.

Шара соңы Заман Молдабаевтың орындауында ақын, жазушы, ауданның Құрметті азаматы Қайыпназар Шотбасовтың әні мен сөзіне жазылған  «Байзақ елі – байтағым»  әнімен қорытындыланды.

Байзақ жерінен шыққан ақын-композиторлардың шығармашылығын өскелең ұрпаққа танытып, оларды отансүйгіштік сезімге тәрбиелеуге, өз жерінің табиғатын сүюге, ата-аналарын құрметтеуге бағытталған, жас ұрпақтың кәдесіне ұсынылған әндер керемет тарту болары сөзсіз.

«Ел іші - өнер кеніші» - дегендей, туған елді, жерді әндеріне қосып, шығармашылықтарына өмір ағысын арқау еткен Қасқырбай Нарбатыр, Есжан Әміров, Жанатбек Тұрғынбаев, Алтынкүл Қасымбекова, Заман Молдабаев және тағы да басқа таланттардың әнсүйер жұртты әдемі әсерге бөлеген еңбектері алдағы уақытта да жарқырап көріне береді деген сенім мол.

Айта кетейік: «Рухани жаңғыру» аясында жарыққа шыққан бұл кітапқа бүгінгі Байзақ еліндегі байыпты бағаланып жүрген ақын-сазгерлердің 36 шығармасы топтастырылып, ақын, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Маралтай Райымбекұлы алғысөз жазған. Алматы қаласындағы «Балауса» баспаханасынан 200 данамен шыққан жаңа кітаптың редакторы Өтеген Спанов болса, компьютерлік нотографиясын фольклор танушы, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы, «Алатау» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Дастан Көреген жасаған.

 

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,

Байзақ ауданы.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар