сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 8:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Кесенелерді кесапаттан құтқарған

Кесенелерді кесапаттан құтқарған
ашық дереккөзі
Кесенелерді кесапаттан құтқарған

Көненің көзі ретінде қазіргі заманға дейін сақталған тарихи ескерткіштер Жамбыл облысында жетерлік. Соның бірегейі – Тараз қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан Айша бибі мен Бабажа Хатун кесенелері. Бұл орындар Х-ХI ғасырларда салынған деген жорамал бар. Бабажа апамыз туралы аңыз да әр түрлі. Солардың қатарында атақты Айша сұлудың қамқоршысы, мазарының шырақшысы болғандығы туралы дерек көбірек айтылады.  Тарихи ескерткіштерді 1897 жылы В.Каллаур, 1938 жылы А.Бернштам, 1953 жылы Т.Бәсенов зерттеген. Нысан барша сән-сәулетімен еріксіз сүйсіндіреді. Оның үстіне, ерекше, арнайы дайындалған кірпіштерден өрілгендігі де талайдың қызығушылығын тудыруда. Бүгінде осынау киелі де, қасиетті болған кесенелерге тәу етушілер көп-ақ. Кесененің сапалы салынуы оның ұзақ сақталуына себепкер болуда.

Сәулет өнерінің әлемге белгілі ғажаптарының бірі ХХ ғасырдың 40-шы жылдары  жер бетінен жоқ болып кету қаупі туындаған оқиғаны бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Бірақ, әр түрлі алып-қашпа әңгіме көп. Анық-қанығына жету үшін біз архив құжаттарын ақтардық, ғасырлар бойы бір әулет шырақшысы болып келе жатқан азаматтармен пікірлестік. Нәтижесінде, назар аударарлық дерекке, айта жүрер оқиғаға қанық болдық.

1938 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында бүкіл Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі ежелгі тарихи ескерткіштерді зерттеп, қорғаумен айналысатын  Археологиялық пункт құрылған болатын. Алғаш оның бір ғана ғылыми қызметкері – Г.И.Пацевич пен қарауылы ғана болды. Пункт Қарахан кесенесінде орналасты. Таластың батыс өңірін, Билікөл аумағын, Берікқара қорғандарына экспедиция жасап, тапқан олжаларын Ленинградтағы Шығыстану Академиясына жөнелтіп жатты. Дәуітбек, Қарахан, Айша бибі, Бабажа Хатун, тағы да басқа тарихи ескеткіштер  Археологиялық пункттің қарамағына берілді. Оның атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Ең бастысы, Бабажа Хатун кесенесін сақтап қалуда ерен еңбек еткен.

Жамбыл облысының мемлекеттік архивінде осы оқиғаға байланысты құжаттармен бірге археолог, пункт меңгерушісі  Героним Пацевичтің Жамбыл облыстық атқару комитетіне жазған баянхаты сақталған. Қазіргі Айша бибі ауылы ол кезде  «Головачевка» деп аталатын. Ұлы Отан соғысы жылдарында осы ауылдың  өкпе тұсында Чугуев атындағы әскери ұшқыштарды даярлайтын мектеп орналасқан еді. Мектептің бастығы Балабай деген нәсілі еуропалық қуыс кеуде біреу болса керек. Ол 1943 жылдың 18 қаңтарында кесене шырақшысы әрі қарауылы Бейсекүл Марайым келініне келіп, монша салу үшін кесенелерден 2 мың кірпіш алатындығын ескерткен. Сонда Бейсекүл не айтарын білмей, жылап жібереді. Ботадай боздап, орыс тілінде шатып-бұтып, кесенені бұзуға болмайтындығын, оның киесі ұратындығын жеткізген.

Сол сәтте ата-бабасынан бастап ғасырлар бойы бүгінгі күнге дейін киелі орынның шырақшысы болып келе жатқан Бейсекүл ері Тойшыбектің көмегімен шыңылтыр аязға қарамастан, Аса өзенін жалдап өтіп, Жамбылға жетеді. Жылап тұрып, Археологиялық пункттің басшысы Героним Иосифович Пацевичке әскерилердің ертең кесенелерді бұзып, кірпішін алатындығын айтады. Хабарды естіген ол шошып кетеді. Ғалым киінер-киінбестен Бейсекүлді жанына ертіп, облыстық партия комитетіне  қарай жүгіреді. Алайда,  сол күні  жиналыс өтіп жатқандықтан, бірінші басшыға кіру мүмкін болмайды. Бұлар түннің бір уағына дейін күтеді. Хатшы жиналыстың таңға жуық қана бітетіндігін айтады. Героним тезірек әрекет ету үшін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына баянхат  жазып, хатшыдан жедел басшысына беруді өтінеді. Түннің бір уағы болғанына қарамастан, обкомнан құстай ұшып, әскери мектепке келеді. Мектеп басшысы кесенені бұзуға обкомның бірінші хатшысы Ткаченко жолдастың өзі ауызша рұқсат бергендігін айтады. Героним Балабайға кесенелерді бұзуға болмайтындығын, оның  тарихи маңызы бар ескерткіш екендігін шегелеп айтады. Бірақ, әскери адам ниетінен қайта қоймайды.

Сол жылдың 20 қаңтарында  жүк таситын мәшинемен келген әскерилер  алдымен Бабажа Хатун мазарын бұза бастайды. Бейсекүл апаның жанайқайына да, жылағанына да қарамастан, олар  кесененің шатырын талқандап, мыңға жуық кірпішін әкетеді. Кесененің төбесі  құлап, бір жақ қабырғасы үңірейіп қалады. 21 қаңтар күні таң атар-атпастан Бейсекүл темір жолда жұмыс істейтін жасөспірім баласы Әбділда екеуі Жамбыл қаласына тағы да келіп, Геронимге болған жағдайды баяндайды. Ол Бейсекүлді жанына ертіп, екеуі тағы да обкомға келіп, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы  Ткаченкоға жедел кіргізуді талап етеді. Әупірімдеп обкомның басшысына кіреді. Жағдайдан хабардар болған М.И.Ткаченко өз тарапынан ондай рұқсат берілмегендігін, жедел түрде мектеп басшысын шақырып,  түсініктеме алатындығын жеткізеді. Осылайша ол Головочевка ауылдық кеңесіне телефон шалып, жүгенсіздікті тез тоқтатуын талап еткен.

Нәтижесінде, алынған кірпіш қайтарылады. Бейсекүлдің немересі Мәдінің айтуынша осы оқиға өткен екі күннен кейін мазарды бұзған екі ұшқыш ұшағымен құлап, мерт болған. Оларды сол кезде құрметтеп, кесененің жанына көміпті. «Бұл оқиғаны маған апам айтып, олар жерленген жерді де көрсеткен. Апам дүниеден өткенше Айша бибі мен Бабажа Хатун кесенелерін күтіп, баптап ұстап, шырақшысы болды. Қайтарылған кірпіштің орнына қойылмағаны жанына бататын. Кесенені сақтауды бізге аманаттап кеткен еді» – дейді Мәді ақсақал.

Жоғарыдан кесенені қалпына келтіру туралы тапсырма болғанымен, ол жұмыс дер кезінде атқарылмаған. Ол сол кезде оңай шаруа да  емес еді. Бастапқы келбетіне келтіру үшін сәулетшілер қажет еді. Құрылысты жүргізетін маман да, қаржы да жоқ болатын. Сұрапыл соғыс кезінде барлық қаражат майданға, Жеңіс үшін жіберіліп жатқанда кесенені қалпына келтіруге көңіл бөлінбеді.  Ал, Г.И.Пацевич өз баянхатында: «Мною, немедленно же, было составлено отношение на имя областного военного комиссара, как начальника гарнизона, с просьбой о запрещении разборки мавзолеев в поселке Головачевка»  деп жазған екен.

Осындай әрекеттің нәтижесінде, Айша бибі мен Бабажа Хатун кесенелері толық бұзылмай, аман сақталып қалды. Кесенелер еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалпына келтірілді. Биыл екі кесене де Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы тізіміне енген.

Материалда тілге тиек етілген деректерді Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің қызметкерлері шығарған «Тараз: Археологиялық зерттеулер» атты құжаттар жинағынан толық оқуға болады. Ал, Бейсекүл апаға қатысты деректер оның немересі Мәді Тойшыбековтен алынды. Жинаққа 1938-1945 жылдар арасындағы Александр Бернштамның, Героним Пацевичтің СССР Ғылым Академиясының Н.Я.Марр атындағы Деректі мәдениет тарихы институтының Алматы филиалына жолдаған баяндамалары енгізілген. Құжаттардағы мәлімет құндылығымен ерекшеленеді. Кітапқа енген  деректер өлкетанушылар мен тарихшыларды қызықтырары анық.

Сағындық ЗЕЙНУЛЛАҰЛЫ,

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

«Келші, айым...»
Алдыңғы мақала
«Келші, айым...»

Ұқсас жаңалықтар