сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 0:59

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Айдалада ақбоз үй...

Айдалада ақбоз үй...
ашық дереккөзі
Айдалада ақбоз үй...
Қазақия қиырында Ұлы жұт орағыта өткен отбасы кемде-кем шығар-ау, сірә! Ой мен қырымызда, ой-санамызда, жадымызда, жүрегімізде «қызыл қырғыннан» қалған із көп-ақ. Тарих бетінде «қарғыс таңбасындай» мөрленіп қалды ол! Еске алсақ, бір ұлы шердің кең байтақ даламыздың аза бойын қаза етіп, жан дүниемізді сыздата өтері хақ. ГОЛОЩЕКИНДІК ГЕНОЦИД Кешегі кеңестік кезеңде еліміз бір емес, екі мәрте аштық қырғынын бастан өткергені тарихтан белгілі. Әрине, ең үлкен аштық қырғыны өткен ғасырдың 30-жылдарында орын алды. Ол тарихта «Ұлы жұт» деген атауымен қалды. Дегенмен 1919-1922 жылдары орын алған ашаршылықты да ұмытпауға тиіспіз. Тарихшылар осы аталған кезеңде Қазақстанда миллионнан астам адам аштықтың құрбаны болғанын айтады. Бұл – сол кездегі қазақтар санының шамамен 20-22 пайызын құрайды деген сөз. Алаш арыстарының көсемі Ахмет Байтұрсынов 20-жылдардағы аштық жөнінде 1922 жылғы «Қазақ календарында» жарияланған «Тәні саудың – жаны сау» атты мақаласында «...Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқты бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...», деп жазған екен. Ал нағыз қасапты қырғын қазақтың басына 30-жылдары келгені белгілі. Бұл жылдардағы нәубет қазақ халқының тең жарымын қырып кетті. Аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз күйзелген қазақтың жартысы жер ауды, қашты, босып кетті. Сол жылдардағы Ұлы аштық жайында жазылған шығармаларды оқып көрсеңіз, жаныңыз түршігер еді. РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің жанынан құрылған комиссияның төрағасы Тұрар Рысқұлов 1933 жылдың наурызында Сталинге жолдаған хатында Қазақстанда қазақ халқының белгілі бір бөлігі душар болған мұндай мүшкіл жағдай өзге өлкелердің, не өзге республикалардың ешқайсысында да болмағанын ашына жазған екен. Алайда бұл арзу хат «халықтар көсеміне» тым кеш жетті. Ол кезде (1933 жылдың ақпаны айында) қазақ түгелімен дерлік қырылып, қалғандары босып, амандары сол жерде қалып, түсініксіз нәубет біржола аяқталып біткен еді. «Кіші қазан» төңкерісінен ығып, туып-өскен жерінен ауа көшкен қазақтың «қызылтабан шұбырындысы» әлемдік халық қасіретнамасының ең күштісі ретінде атағы шықты. Өзінің ауқымы бойынша ол халқымыздың басынан кешірген көп тақсыретінің ішіндегі ең ауыры болды. Елді негізгі күнкөрісі – алдындағы малынан, аузындағы асынан айыру мұның көрінеу қолдан жасалған қиянат екенін де айғақтай түсті. Т.Рысқұловтың Мәскеуде ірі қызмет атқара тұрып, сол кездегі қазақ халқын ашаршылық апатына ұшыратқан геноцидтің тікелей иесі Сталинге жүрек жұтқан қаһармандықпен қаймықпай хат жазуы – теңдессіз ерлік. Ол кезде Сталинге тіке келіп, қатесін бетке айту тұрмақ, сыртынан сөйлеу мүмкін емес болатын. Қазақ ауылын қан қақсатып, зар жылатқан ұлы зұлмат тікелей сталинизм идеясынан туындаған еді. Мәскеуден әдейі жіберілген қызыл миссионер Филипп Голощекиннің қолымен сормаңдай қазақ халқы осылай алғашқы болып казармалық социализмнің құрбандығына шалынды... БІЗ ОЛ НӘУБЕТТІ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ Алайда оның күні кеше ғана өзіміз әңгімелесіп сұхбаттасқан, қазір де арамызда жүрген көзі тірі куәгерлерінің, әке-шешелеріміздің айтуы бойынша санамызға сіңісті болып қалған кейбір көріністерінің өзі аза бойымызды қаза етіп өтері бар... Жалпы халқымыздың дәл сол тұстағы тұрмыс-жағдайы қандай деңгейде еді? Не ішіп, не жеді? Қоғамдық құрылымның алға қойған мақсаты не? Оны да тап басып айта қоюымыз қиындау. Әрі кеткенде, социалистік кезеңнің «кірпішін қаласқандардың» естелік-жазбаларына, айтқан әңгімелеріне қарап, біраз жайларға қаныққандай боламыз. Оның өзі де толыққанды емес. Жоғарыдағы сауалдарға 1931 жылдан СОКП мүшесі, елімізде Кеңес үкіметі орнай бастаған кезде ауылдық жерде алғаш ячейка ұйымдастыруға ұйытқы болған, сол кездегі Союз қосшы мүшелерімен бірлесе жұмыс істеп, ауылды советтендіру, халықтың мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту, «тап жауларының қарсылығын тойтару» сияқты жұмыстарға белсене араласқан ақкөлдік Алтыбай Тоқтарбаевтың Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде 1972 жылы КСРО-ның 50 жылдық мерейтойына орай жарияланған «Бақыт жолында» атты мақалада айтқандарынан біраз жауап та таптым. «Туған жердің бүгінгі келбеті неткен нұрлы. Төрт түлік мал анау өріс толған. Қисапсыз байлық. Тоқшылық, шат көңілді тұрмыс. Осының бәрі өздігінен келе қойған жоқ. Мұндай халге жету үшін талай-талай белестерден өтіп, талай-талай қиыншылықтарды бастан өткеруімізге тура келді. «Елу жылда – ел жаңа» деп өте орынды айтылған. Иә, осы жарты ғасыр уақытта Отанымыз шарықтап өсіп, кемеліне келді. Жас совет өкіметіне қиындық туған алғашқы кезеңде және одан кейінгі дәуірде де халқымыздың қаһармандығына бүкіл әлем қол соқты. Сондай қиын кезеңнің бірін біз коллективтендіру дәуірі деп білеміз», деп ағынан жарылады қарт коммунист. Оның айтуынша, ауданда 1930 жылдың күзінде колхоздастыру басталған. Аудандық партия комитеті ауылдарға арнайы өкілдер жібереді. Олар кедейлерді колхозға мүше болуға үгіттеді. «Мен де сол кездегі өкілдің міндетін атқарушылардың бірі болдым. Біздің үгітімізге, жалпы колхоздастыру саясатына бай-кулактар қарсы шығып, «мал- мүліктерің ортаға түседі, бір қазаннан ас ішіп, бір көрпенің астында ұйықтайтын боласыңдар. Колхозға мүше болғанда табатын пайдаң жоқ» деген сипатта лақап әңгімелер таратты, аяқтан шалды. Кейбіреулер оған иланып, «көрмегеніміз колхоз болсын» деп, бірігуден ат-тонын ала қашты. Рас, алғашқы ұйымдасқан колхозда күш-көліктің, соқа-сайманның жетіспеуінен экономикасы бірден өрге баса қоймады. Осы алғашқы қиындықтарды пайдаланып, байлар колхозшылар арасында іріткі жасау әрекеттерін тоқтатпады. Ол кездегі коммунистер колхоз құрылысында әрі үгітші, әрі ұйымдастырушы болды. «Көш жүре түзеледі» дегендейін, колхоз шаруашылығы кейін келе қалыптаса бастады. Кедейлер қауымы болып, бірлесіп атқарған еңбектің жемісін көзбен көріп, қолмен ұстады. Байлардың үгіті іске аспады. Өткен күннің елесі – бастан кешкен қиындықтар толып жатыр. Сығырайған майшам, қол диірмен, жапырайған шым үй, өгіз арбамен жүк тасымалдау – барлығы да келмеске кетті. Колхоздарымыздың шаруашылығы мен мәдениеті өрге баса бергенде апатты соғыс киіп кетті. Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау кезеңнің де куәсі болдық», дейді қария одан әрі өз дәуірінің құрылып, қалыптасуы, дамуы тұрғысында сөз сабақтап. Сол кездегі көзқараспен қарағанда, бәрі де дұрыс секілді еді. Кезінде бізге де солай көрінген. Дегенмен әлдебір нәрсенің бүркемеленіп, құпия күйінде қалдырылғанын беймәлім бір түйсікпен сезінетінбіз. Әсіресе небір айбозымдарымыздың «жеке басқа табыну кезеңінің құрбаны» болып кеткені түсініксіздеу еді. Тарихымыздың сол бір «ақ таңдақтары» бертінде белгілі болды ғой. Кеңес үкіметін құрып, жоғарыда айтылғандай, «қисапсыз байлыққа, тоқшылық пен шат көңілді тұрмысқа» кенелу үшін қазақтың тең жартысын қолдан жасалған аштықтың құрбаны ету де жетістік пе? Қарт коммунистің өзі айтқан әңгімесінде колхоздарымыздың шаруашылығы мен мәдениеті өрге баса бергенде апатты соғыс киіп кетті деп, Ұлы жұт – ашаршылық жылдарын белден бір-ақ басып, көктей өте шыққан. Неге, не үшін? Қынадай қырылып, сайда саны, құмда ізі қалмайтындай, қазақтың басы, қазақ елінің тағдыры – ғұмыры сұраусыз ба еді? Жетпіс жыл салтанат құрған кеңестік кезеңде бір бас мал шығын болса да малшының, совхоз басшысының мәселесі майшаммен қаралғанын ескерсек, бұл қаншалықты әділетті? Қанқұйлы Голощекиннің қазақта қай атасының құны қалды десеңізші! Оған да Кеңес үкіметін орнату үшін аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз күйзелген қазақтың жартысы жер ауып, қашып, босып кететіндей ахуал туғызу өте-мөте қажет болды-ау.Тарихи ақтаңдақ, қоғамның һәм адамның саясатқа сай құбылуы дегеніңіз, міне, осы. Алғашқы колхоздастыру кезінде «бай-кулак», «тап жауы» ретінде атқа теріс мінгізіліп, жұртқа жеккөрінішті етіліп көрсетілгендер де басқа емес, қазақтың өздері, еңбегін емген жұртшылық өкілдері. Талай ғасырлар бойы тұтас халықты аштыққа ұрындырмай, суыққа тоңдырмай келген де солар емес пе еді? Сөйтсек, социалистік қоғам дегеніңіз сорлы қазақтың саудыраған ақ сөңке сүйегінің үстіне орнаған екен... Сан жылдар бойы соны ашық бетке айта алмай, үнсіздік аймағында өксікпен, мұңмен еңіреу ғұмыр кешкен екенбіз. АНАМНЫҢ ӘҢГІМЕСІ Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында орын алған осынау зауал-зұлматты Талас ауданының халқы да айналып өте алмады. Осы тұрғыда Т.Рысқұлов өзінің атышулы Сталинге хатында «... Сарысу ауданындағы 7 000 түтіннен 500 түтін қалған. Өзгелерінің өзі Әулиеата және өзге де аудандарға, ал бірсыпырасы тіпті Қырғызстанға қоныс аударған» («Лениншіл жас», 13 қазан 1989 жыл) деп жазыпты. Сол тұста Талас бойын жайлаған ақтылы қойы мен алалы жылқысы тәркілеуге ұшыраған айтулы Сыздық байдың қызы, менің анам Лайықтың да қырғызға барып паналап, аман қалғаны жөніндегі әңгімесі есімде. Ақтаңдақ жылдар елесі оны көрген адамдардың жүрегінде, жадында сақталынып қалды. Анамның әңгімесі де сол бір зауалды шақтың бүгінгі күнге шағынғанындай, өткен күннің ащы сабағы, ақиқи шындығындай шерге толы еді. Әкем орта шаруа болды. Бар дүниесін адал еңбегімен жиып-терді. «Байлық – бір жұттық» деген. Әкемнің ақтылы қой, алалы жылқысының құмға сіңгендей қалай бір демде көзден ғайып болғанын айтайын енді, – деуші еді жарықтық. – Сол тұста қанқұйлы Голощекиннің құйыршықтары ауыл-ауылды бүйі тигендей бөрліктіріп жатты. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген жарлық та сол тұста қылыштың жалаңаш жүзіндей басымызға әңгіртаяқ ойнатып, жасындай жарқылдаумен болды. Шолақ белсенділеріміздің – өзіміздің өзімізге жасаған қысастығымызды қайда қоярсыз. Міне, солар әр үйдің түтінін аңдып, түтін шықса-ақ «мыналар жасырып ет асып жеп отыр екен» деп ізінше жетіп келіп, астын үстіне шығарып тексеріп кететін болған. Сөйтіп, қазақтың қараптан-қарап отырып аштан өлуіне «өлшеусіз үлестерін» қосқан ғой! Қазір ойлап отырсам, «қызылдардың» арасында да қанша жерден кедейшілік тақсыретін тартты дегенмен, халықтың қамын жеген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар болған екен. Олар өз ағайындарына, қандастарына әнебір әпербақан әріптестері секілді азуын батырмады. Кедейдің де, байдың да жағдайын ақыл таразысына салып бақты. Бекежан Төлдікұлы, Құйқабай Шоқыбасұлы секілді ауыл белсенділері шын мәніндегі ел тірегі, қамқоршысы бола алды. «Жалаңашжақтықтардың» айтағына ілесіп, беталды үрмеді. Міне, солар алдағы болар қауіп-қатердің, ел ішін іріңдей кеулеп келе жатқан індеттің «дауасыздығын» алдын ала болжамдап, халықтың «голощекиншілер» құрығына, «жаптым жала, жақтым күйе» науқанына нақақтан-нақақ ілігіп кетпеуі жолында қолдарынан келгеннің бәрін де жасап бақты. Сол бір арда азаматтардың айтуы бойынша, бақуаттылар малын сойып, етін сүрлеп, қыстық қамын ғана емес, бірер жылдық азықтық қорын да жасап жатты. Бірнеше ауыл бір түнде Іргеқұмды сағалап, көшіп те кетті... Ал біздің әулетіміз әкемнің бастауымен қырғыздар жағына қоныс аударып, біржола сонда тұрақтап қалуға ұйғарысқан. Біз жол-жөнекей не қиындық көрмедік десеңізші! Жол азабы, ауызсу тапшылығы да бар. Аш-жалаңаш адамдар, кісі өліктері аяқ басқан сайын кездесіп отырды. Бірде айдалада сәулеті ерекше көз тартарлықтай алты қанат киіз үйге тап болдық. Қызылды-жасылды жасауын көрсең сен оның! Құрылған ақ шымылдық ішінде құшақтасқан күйлері бақилық сапарға аттанып кеткен ерлі-жұбайлыларды көрдік, сонда. Ал шымылдық қол тиюі мұң екен, іріп түсті. Айдаладағы ақ боз үй өңімнен, түсімнен бір кетпейді... Біз бір әке, бір шешеден он ұл-қыз едік. Сол бір үйлі жаннан аман-сау қалғанымыз некен-саяқ. Әкем сол сапарда тап болған індеттен көз жұмды. Қырғыз жеріне барған соң, бауырларымның бірінен өлідей, екіншісінен тірідей айырылып қала бердім. Қай детдомға (балалар үйіне) алынғанын да білмеймін. Зейнеп, Қалампыр секілді бауырларым осы өңірде тұрады. Олардан тараған ұрпақтар бар. Ал өзіме тетелес інім Үрмарал Күмістақ деген жерде бір жапырақ нанын ала қашпақ болғанында, базаршы шоң қырғыздың соққысына тап болып, көз алдымда үзілді. Бір кесе талқан жүз сом еді. Қырғыздар жүгері, бидай, асбұршақ, картоп егеді. Соның масағын теріп, қыстық қор жиған боламыз. Сонда мен он үш жаста ғана едім. Әкем менің де, басқа ұл-қыздарының да бешпенттерінің ішкі астарына, о жер, бұ жеріне сатқан малының ақшасын, алтын таналарды тықпалап берген еді. Мен де сол «қазынамды» біртіндеп нанға, жармаға айырбастап, күнімді көрдім. Қазір жұпыны ғана бешпентім астарындағы сол «байлықты» бірде бір басбұзардың, тісқаққан әккі ұрының байқамағанына таңғаламын. Көрер таң, татар дәмімнің таусылмағандығынан ғой, бәрі де... ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ МӘЙІТТЕР... 1932 жылғы елдегі жаппай ашаршылық, әсіресе малды негізгі тіршілігінің көзі етіп, шаруа баққан жұртқа ауыр тигені анық. «Сонау-у Арқадан ауған жұрт Іргеқұмды көктей өтіп, Талас ауданының Ойық ауылы тұсынан Әулиеатаға, Ташкентке, Қырғызға лек-лек болып жаяу-жалпылап ағылып өтіп жатты», дейтін көне көз, кәрі құлақ қариялар. Арқадан бергі, Әулиеатаға дейінгі көш жолы мен Ойық – Ақкөл сым жолының ұзына бойында талғау, нәр іздеп сапарға шыққандарында ашаршылық өмірін қиып, қаншама адам жер томпайтып қалды десеңізші! Осылай бір кездері талай айбозым қолдан жасалған аштықтың құрбанына айналған еді. Білетіндер ілгерідегі ескі «сым жолы» бойынан қадам сайын кісі өлігі кездескенін айтады. Тек құран оқытылып, сүйектері тереңдеу жасырылды демесең, бастары да қарайтылмаған. Елдік жасап із-тозсыз кеткен осынау мұңлық жандарға арналып бұл тұста Бозқақ бойында бір үлкен ескерткіш арканың еңсе көтерер кезі пісіп жетілген секілді. Заманның зауалын арқалап, ешбір гүлін аша алмастан, өмір деген өксігін баса алмастан, арманда өткен есіл ғұмырлар-ай! Сендер қанша едіңдер, қандай едіңдер? Осындайда әкемнің де аңға, құсқа қақпан салып, әр кезде де қанжығасы майланып, құр қайтпайтыны, бір өзі ауылды асырап, ашаршылық құрығынан құтқарып қалғаны жөніндегі әңгімесі есіме түседі. «Сол жылдары, Құдайдың құдіреті, мына құмда қар қалың жауып, қоянды келдекпен ұрып алған да кезім болды. Несібеміздің таусылмағаны да», деп отыратын жарықтық. Біз ашаршылықты көрген жоқпыз. Алпысыншы жылдардың төліміз ғой. Әкемнің қасқырға, шибөріге, түлкіге, қоянға салатын қандыауыз қақпандары бертінге дейін үлкен тал басында шынжырлары сүйретіле ілінумен тұрды. Оларға әкемді, біраз ауыл адамдарын ашаршылықтан құтқарғаны үшін құрметім шексіз еді. Қазір де сондай көзқарастамын.

Баймаханбет АХМЕТ, журналист, Талас ауданы

     
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар