дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 13:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Композитор рухына тағзым

Композитор рухына тағзым
ашық дереккөзі
Композитор рухына тағзым

Қазақ вальсінің королі атанған атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығы туралы елге белгілі жазушылар, композиторлар, журналистер талай дүние жазды. Композитормен қазақ халқының көрнекті ақындары шығармашылық байланыста болып, әндеріне өлең шығарды. Өнерсүйер дүйім жұрттың ән ағасына айналған композитор өмірінің соңғы жылдарын облыс орталығының іргесіндегі жергілікті және дүнген ұлтының өкілдері мекен ететін бүгінде Жалпақтөбе аталатын ауылда тұрғаны жайлы да жазылған дүниелер аз емес.

Қазақтармен бірге туған бауырдай болып араласып кеткен дүнгендердің құрмет-қошаметіне ризашылығын «Дүнген қызы» әнімен жеткізген композитордың халық жүрегінен орын алған 300-ге жуық әндерінің ішінде бұл туындысы да белгілі өнер шеберлерінің орындауында сахнада шырқалып келеді. Жалпақтөбелік дүнгендер отбасылық басқосуларда, түрлі мәдени іс-шараларда болсын осы әнді шырқайтындарын көріп те жүрміз. Бұл енді отаным – Қазақстан, туған жерім – Жамбыл деген әрбір дүнген ұлтының қазақтың аса талантты композиторының рухына тағзымы.

Осыдан он бес жылдай бұрын «Казфосфат» ЖШС-нің «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінде кезінде «Жаңа Жамбыл фосфор» зауытының бас директоры, облыстық партия комитетінің хатшысы, Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы болған Тұйғынбек Темірбековпен бірге ем алғаным бар. Ол кісінің Шәкеңмен сыйлас дос болғанын бұрыннан білуші едім. Композитордың Жамбылдағы тіршілігі туралы сөзге тарттым ағаны бірде.

– Шәмші Қалдаяқов Дунгановкада бір дүнген кісінің үйінде тұрып жатыр деген әңгімені ести салып, жетіп бармаймын ба. «Алматының у-шуынан, елдің қаңқу сөзінен алыстап осында келдім, мынау бір жанға жайлы мекен екен. Мұндағы жұрт та құшағын жайып қарсы алды. Шығармашылықпен айналысуыма да оңаша, жақсы жер», деді жарықтық. Мұндай қазақтың бір туар перзентін кісінің қолына қаратып  қойғанымыз елдігімізге сын болар деп облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғановты құлағдар еттім. Хас ан Шаяхметұлы іскер ұйымдастырушылығымен қатар өнерге де жақын еді. Оның үстіне Шәмшінің өзін де, өнерін де қатты сыйлайтын. Содан Шәмшіге жер бөлдіріп, үй салып беруге бірден тапсырма берді. Әттең, есіл ер үйіне кіре алмай, іргетасын қалаған соң-ақ мына жалған дүниеден өтіп кетті ғой. Кейде досымды аңсағанда дүнген ағайын алып, тап-тұйнақтай етіп тұрғызып алған үйді көріп қайтатыным бар, – деген еді Тұйғынбек аға.

Шәмші Қалдаяқовтай даңқты композиторға «облысқа арнап ән шығаршы» деген де осы Тұйғынбек ағамыз.

Баяғы кеңес заманында қазақи қаймағы бұзылмаған Мойынқұм ауданына екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевқа «малшылар маршалы туралы шығарма жазамыз, сәлем береміз» деп қазақтың атақты ақын-жазушылары, композитор-әншілері жиі баратын. Алматыдан арнайы атбасын бұрған мәртебелі қонақтар Жаз-атаның үйінде қонақ болған соң, ауданды ұзақ жыл жемісті басқарған Айтбай Назарбековтың өзі бастап, Шу өзеніне қармақ салдырып, аңға алып шығып, серуен құрдыратын. Шәкең де Мойынқұмның талай рет қонағы болды. Ән аға аудан орталығына сапарға шыққанда жолдың бойындағы «Амангелді» совхозының директоры, досы Нармахан Тоққұлиевтің шаңырағын аттап өтпейтін.

Бірде осындай бір сапарында Айтбай Назарбеков «аудан туралы бір ән шығаршы», – деп қолқа салады. Содан көп ұзамай «Мойынқұмда ауылым» әні туды. Әннің тұсаукесері ауданда өткен соң Айтекең Шәкеңді қайын көріп, қалжыңға бұрып, «Шәмші-ау, мына әніңде «Мойынқұм туралы айтылмайды» ғой демей ме, сонда сөзге де шебер композитор: «Айтеке, ауданның аты бір емес, үш рет қайталанып» тұрған жоқ па депті. Алыс өңірдің бейнетқор да, сауыққой халқының той-думаны мен мәдени іс-шараларының шымылдығы содан бері осы әнмен ашылып келеді.

...Бірде жұмыста отырған Сарысу аудандық ішкі істер бөлімі қоғамдық мүлікті талан-таражға салушыларға қарсы күрес бөлімшесінің бастығы, ақын әрі әуесқой композитор Төлеу Үшқоңыровтың телефоны шыр ете қалады. Трубканы көтерсе Нармахан ағасы. «Төлеу, тез жет, үйге Шәмші түсіп жатыр», дейді. Бұл кезде Нармахан көкеміз зейнетке шығып, туған ауылы Саудакентке келген. Қазақ елі болып Шәмшінің әнімен оянып, ұйқыға жататын кез. Атағы аспандап тұрған ұлы композиторға сәлем беруге Төкең жеңіл көлігіне міне салып, құстай ұшпай ма. Ағасының үйіне кіріп келсе, төрде Шәкең бір өзі отыр. Нармахан ағасы пештің жанында қалың көрпе салдырып, тымауратып жатыр екен. « Ассалаумағалейкум, Шәмші аға» деп, қос қолын ұсынады. «Шәке, менің жақын інім еді, бұл жігіт. Әнші әрі ақын, оның үстіне ән шығаратыны бар, өзіңмен әңгімелесіп отырсын деп әдейі шақырдым», дейді Нармахан ағасы. «Дастархан дәмнен қайысады, ананың ағы да, қызылы да самсап тұр. Стаканға жартылай құйып, өзіме су құйып композитор ағамен соғыстырып жатыр едім, сен ше» деп қалды Шәкең. «Ішпеуші едім» дедім, қайран аға жалт қарап, «мұңсыз адам екенсің» деп әлгіні тартып жіберді», – дейді Төкең. Содан Төлеу Үшқоңыров өзінің және Мұқағалидің сөзіне шығарған екі-үш әнін орындайды. «Нағыз талант ел ішінде, айналайын. Сарысудың даласы да ән салып тұрады. Өркенің өссін, өнерің шарықтай берсін!» деп батасын береді. Саудакенттегі ағайын-туыстарына келген сайын бірінші досы Нармахан Тоққұлиев көкеміздің шаңырағына соғатын Шәкеңнің бұдан достыққа да берік екенін аңғарасың.

Сарысудағы ағайын-туысы, Нармахан досы даңқы жер жарған композитордан «ауданға арнап бір ән шығарыңыз» деп өтініш жасамады дейсіз бе. Тағы бір атақты композитор Илья Жақанов досының өзі жоғары бағалап, тамсанған «Жайлаукөл кештері» әні бір ауданға жетеді, ертең ол әні бүтіндей бір өңірдің гимніне айналатынын білді ме екен есіл ер, қайран Шәмші!

Амангелді ӘБІЛ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар