жұма, 22 қараша, 2024 18:23

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Электр қуатын өндіретін ең үлкен станса Сарысуда салынып жатыр 

Электр қуатын өндіретін ең үлкен станса Сарысуда салынып жатыр 
ашық дереккөзі
Электр қуатын өндіретін ең үлкен станса Сарысуда салынып жатыр 

Төменгі Шу бойында Шығанақ, Қамқалы және Жайлаукөл аталатын үш ауыл бар. Кезінде үш бірдей кеңшардың орталығы болған ауылдар нарықтық қатынастың өтпелі кезеңінде қиыншылықты көрудей-ақ көрді. Шаруашылықтар тараған соң,тұрғындардың көбі екі қолға бір жұмыс іздеп облыс орталығына қарай үдере көшіп жатты. Дегенмен, ауыл халқының ішінде ғұмырының бір белесі өткен кейбір аға буын өкілдері атамекенді қимай, сонда қалып қойды. Олар төменгі Шу бойы төрт түлікке жайлы қоныс, еңбек етемін дегенге мол табыс екенін білді. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген сөздің қадірін ұғатын алдыңғы толқын Шу өзеніне қармақ салса да ұрпағының аш қалмайтынын сезді. Қамқалының тұз кен орындарына да ертең ел еңсесін көтерген соң жүздеген жұмыс күші қажет болатынын да болжады. Сөйтті де, мал-саққа үйір, еңбекке бейім ұлдарын қолдарында ұстап қалды. Бүгінде ол балалар өсіп-өніп, отағасы болып отыр. Құдайға шүкір, бүгінде үш ауылдың тұрғындарының да алдында мал, қарны тоқ, көйлегі көк дегендей. Ауданға жаңадан тағайындалған әкімнің алғашқы жұмыс сапарларының бірін осы шалғай өңірге арнайтын дәстүр бар. Бақытжан Жақсылықов та сөйтті. Алыс ауылдардың адамдарын да, тыныс-тіршілігін де бұрыннан жақсы білетін ауданда басшылық қызметтер атқарған аудан әкімі Қамқалы ауылдық аймағында болғанда қарияларға сәлем беріп, тұрғындармен емен-жарқын әңгімелесті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзіне жүктеген міндеттерінен хабардар етіп, ауданның тыныс тіршілігін баяндады. Карантиндік шектеулер, індеттің алдын алуда атқарылып жатқан шараларды сөз етті. Жайлаукөл ауылын ауыз сумен қамтамасыз ететін «Итеке» жерінде орналасқан ауыз су бас тоғанының жұмысымен танысты. Шығанақ ауылының орталығындағы Сарыарқа көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауылдағы медициналық пунктке ауыз су жүйесін тарту, Қамқалы ауылындағы Т.Әубәкіров атындағы негізгі мектептің спорт залына және «Итеке» жеріндегі ауыз су бас тоғанына жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма берді. Жайлаукөл өңірінде жұмыс істеп жатқан «Миллениум Сокол» агенттігі» ЖШС жұмысымен танысып, агенттіктің жұмысын жандандыру мақсатында біршама міндеттер жүктеді. Жал өңірінің іргесінде жатқан Досбол ауылының қашаннан бағы тайып, базары тарқамаған. Бұл аймақ малға да, жанға да жайлы. Аса өзенінен су мол келген жылдары балық ырғын, аң-құс та жетеді. Досбол мен Тоғызкенттің тегенедей келетін қарбызын айтсай, одан үйме-үй қысы-жазы үзілмейтін қауыншегі қандай! Жол-жөнекей осы Досбол ауылдық округіне қарасты ауылдарды аралағанда да тұрғындардың өтініш, ұсыныстарына ден қойып, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының жұмысымен танысып, «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабының жай-күйін көрді аудан әкімі. Әрине, өмір болған соң, тіршілік қайнап жатса да мәселе деген таусылмайды. Аудан орталығы мен Төменгі Шу бойының ортасында жатқан ауылдарда да проблема бар. Мәселен, Досбол орта мектебіне газ кіргізуді қолға алу, Шағалалы ауылдық медициналық пунктіне құдық қазу, Досбол ауылдық клубының жылыту қазандығын жеделдетіп ауыстыру туралы мәселелер шықты әкімнің алдынан. Тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма берілді. Үлкен Көкдала ауылындағы мектеп, кітапхана және медициналық пунктке жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарындағы бірқатар кемшіліктер де аудан әкімінің назарынан тыс қалмады. Мердігерге тез арада қалпына келтіру жөнінде ескертілді. Түркістан ауылдық округі аймағынан 233 гектар алқапты алып жатқан «Жаңатас Жел Электр станциясы» ЖШС ел экономикасының дамуына үлес қоспақ. Инвестициялық жоба аясында жергілікті халықтың жағдайын жақсартумен қатар, ауданның да әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен серпін бермек. Аудан әкімі осы «Жаңатас Жел Электр станциясы» ЖШС-де болып, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысты. Электр стансасының құрылысы биылғы төртінші тоқсанға қарай толығымен аяқталған соң, 40 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Жобаның құны-130 миллион АҚШ долларын құрайды. Қуаттылығы — 100 МВТ электр энергиясын өндіру. Бұл аса ауқымды жоба жүзеге асқан соң, Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы желден электр қуатын өндіретін ең үлкен станса болмақ. Жалпы жоба бойынша орнатылатын 40 жел турбинасының бүгінгі күнге 20-сы орнатылған. Сонымен қатар, әкімшілік-тұрмыстық кешен құрылысы аяқталған. Ендігі кезекте, қалған турбиналарды орнату барысында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін Қытай мемлекеті мамандарының келуі күтілуде. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 23 Қазақстан және 66 шет ел азаматы жұмыс атқаруда. Келер жылдың бірінші жарты жылдығында жобаның екінші кезеңінде «Шоқпар жел электр стансасы» жүзеге асырылмақ. Бүгінде жоба бойынша аудит жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң, бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімшарт жасалады деп күтілуде. Іргелі стансада болған да аудан әкімі Б.Жақсылықов мердігерлермен ортақ шаруа жөнінде ақылдасып, алдағы атқарылатын жұмысты пысықтады. Іргелі жобаны жүзеге асырып жатқан инвестор былтыр аудандық орталық ауруханаға жедел-жәрдем көлігін сыйға тартып, өндірістік аймақтағы 2 мекенжайдағы тұрғын үйдің шатыры және бес пәтерге 10 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Жаңатас қаласындағы «Ынтымақ» аллеясына 19 миллион теңгеге абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға да қайырымдылық көрсетіп келеді.

Амангелді ӘБІЛ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар