дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 20:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Марленнің рухани махаббаты

Марленнің рухани махаббаты
ашық дереккөзі
Марленнің рухани махаббаты

Гетеден Паустовскийге дейін

Марлен Дитрих кітап оқу­ды жақсы көріп, сүйікті қа­лам­герлеріне Тәңіріндей сы­йын­ған деседі. Оның «ұлы» жа­зу­шыларының ең басында Иоганн Вольфганг Гете тұрып­ты. Актриса өзінің өмірлік қа­ғи­даттары мен адамдық ұстаным­дарын жастайынан оқыған кі­тап­тарынан түйгенін жиі айта­тын. 1920 жылы 19 жастағы Ма­рия Магдалена Дитрих скрип­кашылық өнерін дамыту үшін туған жері – Берлиннен кетеді. Қоныс аудару ол үшін әрі ауыр сынақ, әрі үлкен қуаныш болды. Қуаныш дейтініміз, актриса Гетенің теңдессіз шығармалар жазған Веймар қаласына кел­ді. Ол ешқашан өз «тәңір-жазу­шы­сымен» мұндай рухани жақын­дықты сезінген емес.

Марленнің келесі әдеби махаббаты – ақын Райнер Мария Рильке. «Рилькеден кейін ме­нің жанымның тереңін қозғай­тын поэтикалық шығарма тууы мүм­­кін еместей», дейтін Дит­­рих. Олар замандас болғаны­мен, актриса ақын­мен кезде­сіп үлгермеді Һәм бұған өмір бойы өкін­ді. Рилькенің шығар­ма­шылығымен таныс­қан уақытта Марлен кәсіби музыкант болудан бас тартқан еді.

Ал атақты актриса атанған соң Дитрих ХХ ғасырдың талантты жазушыларымен – Эрнест Хемингуэй, Эрих Ма­рия Ремаркпен араласа бастады. Әсіресе – екінші адаммен Вене­цияда бастау алған таныстық ұзақ әрі баянды достық пен ма­хаб­батқа ұласты. Бұл туралы Ремарк «Салтанат қақпасы» («Триумфальная арка») романында жазады.

Дитрихтің оқырмандық жа­нын жаулаған соңғы жазушы – Нобель сыйлығына төрт рет ұсы­нылған Константин Паус­тов­ский. Онымен кездесуді көптен бері ойлап жүрген актриса­ның қалауы тек 1964 жылы ғана орын­далды. Алайда «мен оны тым кеш жолықтырдым», деп өкінеді. Әлқисса.

Сахнадағы кездесу

Гастрольмен әлемді аралап жүрген голли­вудтық актри­са Марлен Дитрих бірде жо­лы түсіп, Кеңес Одағына келе­ді. Әдеттегідей, аэропортта ки­но­­жұлдызды камера арқа­ла­ған журналистер мен алқы­зыл шоқ гүлдер қарсы алады. Сонда репортерлардың бі­рі: «КСРО-да кімді немесе не­ні көр­гіңіз келеді? Кремль, Үл­кен театр, Мавзолей?» деп сұ­­рай­ды. Жаттан­ды әрі қа­ра­­па­йым сұрақтың жауабы өте шы­­найы боларын ешкім күт­кен жоқ. Дитрих өзінің Паус­товский қаламына деген құр­мет­і шексіз екенін һәм оның ағыл­шын тілінде оқыған «Те­леграмма» әңгімесінен сұмдық әсер алғанын айтады. Қалаға көшкен соң ауылдағы анасын ұмытқан жас әйелдің мұңды оқиғасына тебіренген актриса сүйікті авторының еліне ке­ліп тұрып, қалай кездеспей кетсін?.. Талайдан бергі ізгі ар­маны орындалар шақта әлем жұл­дызы 62 жаста еді. Бұл 1964 жылдың жазы болатын.

Әдебиетшілердің Орталық үйіндегі концертте Дитрих сах­наға шықпас бұрын аудармашыдан Паустовскийдің залда отырға­нын естиді. Инфарктан енді тұрған адамның осында келгеніне қатты таңғалады. Сахна­ға Паустовский көтеріл­генде Дитрих бір ауыз орыс­­ша­сын айта алмай, тізе бүгіп, жазу­шының қолын сүйеді. Бұл тарихи сәттің естелігі қалам­гер музейінде сақталған.

«Телеграмма» әңгімесіндегі мына бір сюжет голливудтық актрисаның бұл шығармаға неге сонша ынтық болғанын көр­сететіндей. «Қымбаттым ме­нің, – деп жазады Катерина Пет­ровна. – Мен бұл қыстан аман шықпайтын сияқтымын. Ең құрығанда бір күнге келіп кет: қолыңды ұстап, жүзіңді кө­ре­йін. Қартайдым, бойымнан қуат кетті. Жүру тұрмақ, жантаю мен отырудың өзі мұңға айналды. Өлім маған келер жолды ұмытқан сияқты. Бақ қурап жатыр – бұрынғыдай емес. Тіпті оны көрмеймін де. Биылғы күз де сүреңсіз. Бар ғұмырым осы күздей ұзақ болмаған секілді».

Осы сапар туралы әнші: «Ма­ған шығарма да, жазу­шы да беймәлім болды. Әңгімені оқы­ған соң сол бір бөтен есім­дер мен оқиғаларды ұмыта ал­ма­дым. Алайда автордың бас­қа да кітабын іздеп табу бұйыр­мады. Ал гастрольмен Ресейге барғанымда Паустовскийді арнайы сұрадым. Ол сол уақытта ауруханада жатыпты. Кейін «Өмір туралы ертегінің» екі то­мын да оқып, оның прозасы­на мас болдым. Содан бері осы шы­ғармаларды жазған ав­тор­дың қолын сүюді мақсат тұт­тым. Қысқа ғұмырда сол ой-арма­нымды орындап үлгергеніме қуа­ныштымын», деп жазды.

Ақиқатында, Паустовский үшін де Дит­рихтің таланты ерек­ше орын алған екен. Ол сү­йікті акрисасының өнерін бет­пе-бет тамашалаудан құр қал­мас еді. Сол үшін де аурухана дәрі­герінің сөзіне құлақ аспай, әйелі мен үй дәрігерін ертіп, концертке келеді. Айтпақшы, жазушы сонда 72 жаста болатын.

Сол кездесуде Дитрих жа­зушыға автографпен сурет қал­дырса, Паустовский «Жоғалған романдар» шығармалар жи­на­ғын сыйлай­ды. Онда «Мар­­лен Дитрих, егер мен енді «Теле­грам­ма» сияқты жақсы шығарма жаза алсам, оны міндетті түрде Сізге арнаймын» деп жазылған. Алайда қаламгер бұл «уәдесін» орындай алмады.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар