дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 20:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстан әлем чемпионаттарының ордасына айналды

Қазақстан әлем чемпионаттарының ордасына айналды
ашық дереккөзі
Қазақстан әлем чемпионаттарының ордасына айналды

Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ спортының жылнамасына көз жүгіртер болсақ, Қазақстан егеменді ел ретінде ең алғаш әлемдік дүбірлі доданы 2002 жылы қабылдаған екен. Сол жылы еліміздің бас қаласында бокстан Әлем кубогы бәсекесінің жалауы желбіреді. Бірақ кейіннен халықаралық спорт ұйымдары өзге ірі додаларды елімізде өткізуге аса құлықты болған жоқ.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың спортқа көңіл бөлуінің, ерекше қолдауының арқасында республикада спорт саласы өте қарқынды дамыды. Нәтижесінде, спортшыларымыз Олимпия ойындарында, шетелдерде өткен түрлі әлем, Азия біріншіліктерінде толайым табыстарға жету арқылы спорттық ұйымдардың басшылығын мойындатып, әлем чемпионатын Қазақстанда да өткізуге болатынын дәлелдеді. Сөйтіп кейінгі 10 жылдықта елімізде бір емес, бес бірдей ең үлкен спорттық оқиға саналатын әлем чемпионаттарының жалауы желбіреді.

Тәуелсіздіктің үшінші он жылдығына қадам басқандағы алғашқы әлемдік дода – бокс бәсекесі болды. Қазақстанда тұңғыш рет өткізілген 2013 жылғы бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионаты Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өтті. Халықаралық бокс қауымдастығының (АIBA) дерегі бойынша, Алматыға 116 елден 576 боксшы келіп, чемпионаттар тарихында ең көп спортшы қатысқан жарыс ретінде рекорд тіркелді. Қазақстан бокс федерациясының 80 жылдығымен қатар келген жаһандық чемпионат жанкүйерлер есінде шлемсіз өткен алғашқы біріншілік ретінде қалды.

Өзге додаларға қарағанда, былғары қолғап шеберлері арасындағы жаһан біріншілігінің орны ерекше. Өйткені Лондон Олимпиадасынан кейінгі буын алмасу процесінен соң құрамаға жаңа күш иелері қосылған болатын. Тіпті кейбірінің әлемдік деңгейдегі тәжірибесі болмаса да, Алматыдағы аламанда ешбірі аянып қалмады.

Екі аптаға созылған Алатау бөктеріндегі дүбірлі додада Біржан Жақып, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов және Жәнібек Әлімханұлының асығы алшысынан түсіп, әлемдік сында атой салғаны күні бүгінгідей көз алдымызда.

Чемпионат қорытындысы бойынша 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте тұңғыш рет көш бастады. Ал Куба (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) – екінші орын, Әзербайжан (2 алтын, 1 қола) – үшінші орын, Ресей (1 алтын, 2 күміс, 1 қола) төртінші орынды иеленді. Әлем чемпионатының жабылу салтанатында сөз сөйлеген AIBA-ның сол кездегі басшысы Чинг-Куо Ву «Турнирдің ең үздік боксшысы» атағын Данияр Елеусіновке, ал «Үздік бапкер» атағын Мырзағали Айтжановқа берді.

Араға жыл салып әлем чемпионаты тағы да Алматыға, тағы да сол Балуан Шолақ спорт кешеніне қайта оралды. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасындағы қазақстандық зілтеміршілердің жеңісінен кейін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы әлем біріншілігін Алматыда өткізу туралы шешім қабылдады.

Алатау баурайында ұйымдастырылған жаһандық додада Қазақстан құрамасы үш алтын, екі күміс, бір қоламен жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды. Алғашқы екі орынды Қытай (4 алтын, 1 күміс, 6 қола) мен Солтүстік Корея (4 алтын, 1 күміс, 3 қола) өзара бөлісті.

Әйелдер арасындағы бәсекеде Лондон Олимпиадасының чемпионы Зүлфия Чиншанло (58 кг) 2013 жылғы әлем чемпионы қытайлық қарсыласы Ли Яцзюньді артқа тастап, чемпиондық тәжді тартып алды. Яцзюнь бір жыл бұрын Польшада өткен бәсекеде 221 килоны еңсерген болса, Чиншанло Алматыда 232 кило зілтемірді басынан асыра көтерген-ді. Тағы бір айта кетерлігі, жерлесіміз серпе көтеруде талай жылдан бері мұрты бұзылмай келе жатқан әлем рекордын жаңартты. Жалпы, сол чемпионатта төрт бірдей жаңа әлем рекорды тіркелген болса, соның екеуі жерлестерімізге тиесілі болды.

Ерлер арасында екі бірдей өреніміз дара шықты. Оның бірі сол уақытқа дейін үш дүркін әлем чемпионы болып, төрткүл дүниеге өзін әлдеқашан мойындатып үлгерген Сыр өңірінің сырбазы Илья Ильин болса, екіншісі көптің көзіне түсе қоймаған жас талант Жасұлан Қыдырбаев еді. 94 кило салмақта өнер көрсеткен Ж. Қыдырбаев 2012 жылы допинг қолданды деп айыпталып, екі жылға спорттан шеттетілген. Жарыстардан тыс қалдым екен деп еңсесін түсірмеген 20 жастағы «толағай» жігіт спорттық бабын сақтау үшін бір сәтке болсын жаттығудан қол үзген жоқ. Жаза мерзімі 2014 жылы қарашаның 11-і күні аяқталып, төрт күннен кейін, яғни 15 қарашада өзінің алғашқы бәсекесіне қатысқан қандасымыз спорт сарайына жиналған дүйім жұртты таң қалдырып, әлем чемпионатының алтын медалін қанжығасына байлады.

Ал 105 килода жеңілістің не екенін білмейтін Илья Ильин өзінің әлемде теңдесі жоқ спортшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Үш бірдей әлем чемпионатының жүлдегерлері арасында өрбіген сайыста жерлесіміздің бағы жанды. Қос сайыс нәтижесі бойынша өзбек Руслан Нуриддинов екеуі бірдей 432 килоны көтергенімен Ильинге қарағанда салмағы 30 грамға артық болғаны үшін Руслан күміс жүлдені місе тұтты.

Алматыдағы екі бірдей дүниежүзілік додадан кейінгі әлем чемпионаты 2015 жылы ресми астанаға ойысты. Елордада шымылдығы түрілген дзюдодан жаһандық сайысқа дүние жүзінің 137 мемлекетінен келген 823 спортшы бір апта бойы жарыс көркін қыздырды. Елімізде өткен бұған дейінгі төрт құрлық чемпионаты сияқты бұл жолғы байрақты бәсеке қазақ спортшылары үшін табысты аяқталды. Олай деуге негізгі себеп, балуандарымыз бір алтын және бір күміс медаль еншілеп, 2009 жылдан бері жаңармай келе жатқан нәтижеге түзету енгізді. Сол жылы Нидерландтың Роттердам қаласында өткен әлемдік додада қазақстандық Максим Раков 100 килоға дейінгі салмақта атой салған еді. Бұл Қазақстанның дзюдо тарихындағы алғашқы алтын жүлдесі болатын. Міне, араға алты жыл салып Елдос Сметов (60 кг) әлем чемпионатында топ жарған екінші қазақстандық спортшы деген атаққа ие болды. Ал финалда Елдостан жеңіліп, күміс медаль алған Рустам Ыбраев ел тарихында күміспен күптелген екінші спортшы атанды. Бұған дейін 2013 жылы Азамат Мұқанов Рио татамиінде дәл осындай нәтиже көрсетіп еді. Жалпы бұл біріншілік екі қазақ спортшысының тарихта алғаш рет финалда өнер көрсетуімен көпшіліктің есінде қалды. Жарыстың салтанатты жабылу рәсімінде Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер қазақ елінің қонақжайлығы мен біріншіліктің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс айтып, әлемдік дзюдоның дамуында Қазақстан үлкен рөл атқаратынын да атап өтті.

Тәуелсіздік тарихындағы төртінші әлем чемпионатының жалауы да дәл осы елордамызда желбіреді. Дүние жүзінің ең мықты деген бұрымды боксшыларының басын қосқан дүбірлі додада қыздарымыз үш жыл бұрын ерлер көрсеткен толайым табысты қайталады. Яғни 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен Қазақстан құрамасының 4 боксшысы жаһанның теңдессіз спортшысы деген атаққа ие болса, екі спортшымыз ел қоржынына қола жүлде салды.

Атап айтар болсақ, Назым Қызайбай (48 кг), Дина Жоламан, (54 кг), Валентина Хальзова (69 кг) және Ләззат Күнгейбева (+81 кг) алтыннан алқа тағынып, қазақтың тек жігіттері ғана емес, күрзі жұдырықты қыздары да мықты екенін баршаға паш етті.

Қазақ топырағындағы әзірше ең соңғы әлем чемпионаты 2019 жылы ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтанда өткен күрес түрлерінен жаһан біріншілігіне төрткүл дүниенің ең мықты деген 1002 балуаны келді. Бас қаладағы әлемнің басты жарысы Токио Олимпиадасына жолдама беретін алғашқы лицензиялық турнир болған соң, көпшіліктің назары елордаға ауды. Өкінішке қарай, ел намысын ту еткен 30 балуанымыздың ішінде үш өреніміз финалға шыққанымен, барлығы да қолда тұрған алтын медальды уысынан шығарып алды. Нәтижесінде, жерлестеріміз үш күміс, төрт қола медальды қанағат тұтты. Алтын алмадық деген өкініштің үлес салмағы басым болғанымен, бақандай сегіз спортшымыздың Токио Олимпиадасына тікелей жолдама иеленгенінің өзі қазақ балуандары үшін нашар нәтиже деп айта алмаймыз.

Әуесқой бокс. Әлем чемпионаты. 2013 жыл. Алматы
1 Біржан Жақып Бокс 49 кг Алтын Алматы
2 Мерей Ақшалов Бокс 64 кг Алтын Алматы
3 Данияр Елеусінов Бокс 69 кг Алтын Алматы
4 Жәнібек Әлімханұлы Бокс 75 кг Алтын Алматы
5 Әділбек Ниязымбетов Бокс 81 кг Күміс Алматы
6 Иван Дычко Бокс +91 кг Күміс Алматы
7 Қайрат Ерәлиев Бокс 56 кг Қола Алматы
8 Берік Әбдірахманов Бокс 60 кг Қола Алматы
Ауыр атлетика. Әлем чемпионаты. 2014 жыл. Алматы
1 Зулфия Чиншанло Ауыр атлетика 53 кг Алтын Алматы
2 Жасұлан Қыдырбаев Ауыр атлетика 94 кг Алтын Алматы
3 Илья Ильин Ауыр атлетика 105 кг Алтын Алматы
4 Жазира Жапарқұл Ауыр атлетика 69 кг Күміс Алматы
5 Владимир Седов Ауыр атлетика 94 кг Күміс Алматы
6 Кирилл Павлов Ауыр атлетика 77 кг Қола Алматы
Дзюдо. Әлем чемпионаты. 2015 жыл. Астана
1 Елдос Сметов Дзюдо 60 кг Алтын Астана
2 Рустам Ибраев Дзюдо 60 кг Күміс Астана
Әйелдер боксы. Әлем чемпионаты. 2016 жыл. Астана
1 Назым Қызайбай Әйелдер боксы 48 кг Алтын Астана
2 Дина Жоламан Әйелдер боксы 54 кг Алтын Астана
3 Валентина Хальзова Әйелдер боксы 69 кг Алтын Астана
4 Ләззат Күнгейбаева Әйелдер боксы +81 кг Алтын Астана
5 Жайна Шекербекова Әйелдер боксы 51 кг Қола Астана
6 Айжан Қожабекова Әйелдер боксы 57 кг Қола Астана
Күрес түрлері. Әлем чемпионаты. 2019 жыл. Нұр-Сұлтан
1 Дәулет Ниязбеков Еркін күрес 65 кг Күміс Нұр-Сұлтан
2 Нұрқожа Қайпанов Еркін күрес 70 кг Күміс Нұр-Сұлтан
3 Қорлан Жақанша Грек-рим күресі 55 кг Күміс Нұр-Сұлтан
4 Нұрислам Санаев Еркін күрес 57 кг Қола Нұр-Сұлтан
5 Мейрамбек Айнағұлов Грек-рим күресі 60 кг Қола Нұр-Сұлтан
6 Алмат Кебіспаев Грек-рим күресі 67 кг Қола Нұр-Сұлтан
7 Валентина Исламова Әйелдер күресі 50 кг Қола Нұр-Сұлтан

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар