жұма, 22 қараша, 2024 18:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мені «ARAI»-мен табыстырған «динозавр»

Мені «ARAI»-мен табыстырған «динозавр»
ашық дереккөзі
Мені «ARAI»-мен табыстырған «динозавр»

«АRAI»-мен алғаш 11 сыныпта таныстым. Қалай екенін қайдам, әйтеуір қолыма жастар газеті түсті. Оқи кеттік. Ұнады. Содан соң... Иә, жылдар өтіп Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінде еңбек етіп жүргенбіз. Редакцияға жастар басылымы кеп тұрады. Өркен Кенжебек, Хамит Есаман, Салтанат Әлімқұлова, Есет Досалы бастаған «жаяу әскердің» жазбаларын оқи жөнелеміз. Сөйтіп жүргенде... Бір күні «Құлан таңының» қабылдау бөліміндегі телефон шырылдап қоя берді. Қоңырау шалушы да қояр емес. Қайтара қайтадан телефонды безек қақтырады. Қарасам, хатшы қыз орнында жоқ екен. Тұтқаны көтердім. Даусы жуандау жігіт ағасы: «Үйдің ауласынан динозаврдың қаңқасын тауып алдық. Келесіздер ме?», – дейді даусы дірілдеп. Ұрыста тұрыс жоқ. Фототілшіні ерттік те, көнетоздау «Волга»-ға қарғып мініп, айтқан мекенжайға дереу жетіп бардық. Таң қалдық. Беймәлім бір мақұлықтың қаңқасы. Шағын. Бір қарағанда шынында да динозаврға ұқсайтындай көрінді. Содан «Құланда динозавр болған ба?» деп ақпарат жазып, кейін аудандық және республикалық басылымдарға шықты да кетті. Облыстық «АRAI» жастар газетінде де жарияланды. Жерден жеті қоян тапқандай айдарын «Сенсация» деп қойғанмын. Кейін мамандар зерттеп, оның басқа мақұлық екенін анықтады. Арада аз ғана уақыт өткенде редакциядан қоңырау шалды. Кім екенін сұрамаппын. Бас редактор Болат Бекжанов жұмысқа алғысы келетінін, Таразға жетуім қажеттігін айтты. Келдік. Басшының кабинетіне кірдік. Сұқ саусағын біресе шекесіне, біресе кеудесіне қойып Бөкең отыр. Орынтағын әрлі-берлі ырғалтып отырып анкеталық сауалдарын жаудырды. «Қанша жастасың? Бойдақсың ба?» деген секілді бірнеше сұрағына рет-ретімен жауап бере келе, жұмысқа қабылданғанымды білдім. Бірақ мен жұмысқа орналасу туралы шешім қабылдамаған болатынмын. Сосын «АRAI»-дың бір нөміріне қатыстым да, «екі желеу, бір сылтаумен» ауылыма тайып тұрдым. Шамамен бір-екі ай өткен соң ауданға келген Болат Бекжанов редакциямызға соқты. «Бір-екі айдан соң бас редакторым Мұратбек Арыстанбеков жіберсе ауысып келермін» дегенмін алғашында. Амандық-саулықтан соң «Дайынсың ба?» дейді. Көне шаһарға аттап басқым келмеген болуым керек. «Бастығым жібермейді» деп өтірікті соғып жібердім. Болат ағамыз Мұратбек Арыстанбековке кірді. Сөйлесті. Ол да қарсы болмады. Сөйтіп «АRAI»-ға келдік. Әйтпесе ауылды қимай жүре берер ме едік... Жастар басылымында өткен жылдарымды ойласам, ең алдымен газет шығаратын қарбаласқа толы күндеріміз еске түседі. Сәрсенбі – газет күні. Газетіңіз ең ерте дегенде түнгі бірде бітеді. Кейде қате кетеді. Келесі күні Болат Бекжанов кезекші редакторды тікесінен тік тұрғызып қойып ұрсады. Бірақ кейбір дөкейлер сияқты ешқайсысына «ескерту», «сөгіс», «қатаң сөгіс» деген жазаларды қолданбайды. Мұнысы – азаматтығы. Бір күні менің кезекшілігімде де қате кетті. Қате деген ұры ғой... Ерте келгем. Бастық шақырды. «Әй, сен білесің бе мұның не масқара екенін?» дей берген. Жиырма бір жастағы жанып тұрған қасқаңыз саспады. «Ұрсудың қажеті жоқ. Өтінішіңізді былай-ақ жазып берем», – дедім. Күлді де: «Батыр екенсің, жұмысыңды істей бер», – деді. Тағы бір нөмірде Дәулет Төленді екеуміз он алты беттік газетке кезекші болдық. Сойқан қате жіберіппіз. Негізі қате мен оқыған бетте болып шықты. Дәулеттің де оқыған бетінде қате бар. Алайда мен жіберген қате өрескел. Бірақ маған ұрыспады. Есесіне есінде қалған қалжыңына басты. Дәулетке дауыс көтеріп сөйлеп жатып сұқ саусағымен мені көрсетеді. «Әй, бұл деген батыр ғой. Бұған бәрібір. Сен неге қарамайсың?» дейді. Ал мені күлкі қысып барады. «АRAI»-дың редакциясында қызыққа толы бес жылым өтті. Болат Бекжанов қызмет ауыстырған соң белгілі журналист Оралхан Дәуіт бас редактор болып бекіді. Жаңа бастық жаңа командамен келеді деген ой санада қылаң берген. Күні бұрын жұмыстан кету туралы өтінішімді жазып қойғам. Күні мен қолын ғана қою керек. Сөйтіп «АRAI»-дан мен кетем бе деп жүргенде Оралхан Дәуіттің бірінші бұйрығымен Дәулет Төленді кетті. Әрине ешкім қуған жоқ. Бөкең «Жамбыл-Таразға» аттай қалап жауапты хатшы қызметіне шақырды. Сосын Орағаның бас редактор ретіндегі соңғы бұйрығымен «АRAI»-ға қайта жұмысқа қабылданды. Ал Оралхан ағамыз жұмыстан босаймын ба деп жүргенде керісінше сенім артып, қолдау білдірді. О бастан жұмысқа Нұрболат Әлдибеков екеуміз тым кешігіп баратынбыз. Оралхан Дәуіттің жылы шырай танытқаны бізге күш берді ме, қайдам. Жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаева шырылдап қоңырау шалып жатса да кейде сөйлесемін, сөйлескім келмесе телефон тұтқасын көтермей қоямын. Кейін қойдық қой... Шолпан Бөгенбаева қазір де «АRAI»-да жауапты хатшы қызметін атқарып жүр. Әлі күнге қызметкерлердің телефонын безек қақтырып жатқанын көріп қаламын. Бұрын бізге мазасыз көрінетін Шолпанның бұл тірлігін енді жауапкершілік деп білемін. Иә, жастар газетін басқарған әр редактордың өз ізі бар. Гүлнұр Ембердиева да қолынан келгенше газетті мазмұнды етіп шығаруға күш салды. Бүгінде Дәулет Төленді бас редакторлық қызметін атқарып отырған газетіміз 15 жасқа толыпты. Жас та болсақ, сол газетте 11-12 жыл бұрын еңбек еткенімізді бәлсініп, өзімізді «ардагер» сезініп отырмыз. «АRAI»-дың жастардың бойына дарытқан жылуы сөнбесін!

Табиғат АБАИЛДАЕВ, облыстық «Aq jol» газетінің мәдениет және спорт бөлімінің редакторы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар