Тіл қарым-қатынас құралы болғандықтан күнделікті өмірде аса мән бере бермесек те, қоғамдағы атқарар рөлі ерекше. Әсіресе мемлекеттік тілді сол республика тұрғындарының құрметтеуі, меңгеруі елдің болашағының жарқын болуына жол ашатыны сөзсіз. Бабалардан қалған «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген өсиетті ұстанған облыстық орыс драма театрының ұжымы өнердегі өрісті кеңейту үшін тіл меңгеруге ерекше ден қойған.
Ақын Қадір Мырза Әліше айтсақ, өз тілімізді құрметтей жүріп, өзге тілдің бәрін білуге бүгінде мүмкіндік мол. Ақылы негізде үйрететіндерден бөлек, мемлекеттік негізде тегін оқытатын тілдерді оқыту орталықтары да жұмыс істейді. Азаматтардың өзін-өзі жан-жақты дамытып, білімін жетілдіруге жасалған бұл мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып отырған облыстық орыс драма театрының ұжымы алдымен мемлекеттік тілді меңгеруді мақсат етіпті. Театр директоры Ақылдос Тәжиевтің айтуынша, театрдың ішінен оқу сыныбы да ашылыпты. – Театрдың 50 жылдық тарихы бар. Мұнда қазақтармен бірге орыс, кәріс, татар, өзбек ұлтының өкілдері де қызмет етеді. Өзім қазақ тілді болғаныммен ұжымымызда бірнеше ұлт өкілдері жиналғандықтан ортақ қарым-қатынаста ресми тілде сөйлесеміз. Әйтсе де ұжымның өздерінің қалауымен мемлекеттік тілді үйрену үшін облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының тілдерді оқыту орталығына сұраныс жасап, орталықтың оқытушылары осында келіп сабақ өтіп жүр. Ұжым мемлекеттік тілмен қатар ағылшын тілін үйренуді де ұсынды. Сондықтан біздің ұжым қазір осы екі тілде сабақ оқуда. Екі жылдан бері өтіп келе жатқан тіл үйрену сабағымызға бүгінгі таңда 12 адам қатысады. Тілдерді үйреніп, өзге облыстағы, тіпті шет елдердегі әріптестерімізбен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істеп, тәжірибе алмасудың арқасында біз өзімізді өзіміз дамытып отырмыз. Бұл бастама театрымыздың жетістіктерге жетуіне де өзіндік септігін тигізуде. Осы тұста карантиннің де бізге көп нәрсені үйреткенін айта кеткім келеді. Әлеуметтік желі арқылы өнерімізді ел назарына ұсынып, қызығушылық танытқан көрермендердің саны артты. Қазір бұрынғыдай мектептерге барып, билет тастап кету деген жоқ. Оқушылар мұғалімдерімен бірге осында келіп, билетті кассадан алып, таңдаған қойылымдарын тамашалап жүр. Тіпті қайталанып қойылған қойылымға өзіндік қызығушылығымен келетін көрермендер де бар. Біз кейде «Сіз бұл қойылымды өткенде көріп едіңіз ғой?» деп сұрасақ, «Бұл жолы жаңа құраммен қояды екенсіздер, сол себепті көргім келді» дейтіндер де табылады. Осыған қарап қазіргі көрерменнің талғамы биіктегенін байқаймыз. Ендеше театр да көрерменнің талғамына қарай дамып, біліктілігін арттырып отыруы керек. Сондықтан тіл үйрену бізге көп пайда әкелді, – дейді Ақылдос Тілеубайұлы. Қазақ тілі курсына қатысып жүргендердің бірі Нұрзия Сибагатуллина ана тілін құрметтеу, білу әрбір қазақстандықтың парызы екенін айтады. – Ұлтымыз қандай болса да құқығымызды қорғап, жұмыс беріп отырған, өмір сүріп жүрген мемлекетіміздің тілін білуге міндеттіміз. Және бұл бір жағынан өзіміздің қабілет-қарымымызды шыңдауға да үлкен септігін тигізеді. Ұлтымыз бөлек болғанымен, бір шаңырақ астында тату-тәтті, тең құқылы өмір сүрген азаматтардың бәрі де бір-біріне бауыр деп білемін. Ал бауырлар бір-бірін жақсы ұғынуы үшін бәріне ортақ мемлекеттік тілді білуге тиіс. Қазақ тілінен сабақ беретін Гауһар есімді мұғалімнің дәрісті өте қызықты өтетіні соншалық, үйренуге деген құштарлығымыз күн сайын артып, жаңа сабаққа кіргенше асығамыз. Егер барлық үйретуші оқытушылар осылай қызықты етіп үйретсе, адамның меңгермейтіні болмайды деп ойлаймын, – дейді ұстазына шексіз алғысын білдіріп.
Қ.Рахметуллина
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Саусақ ұшындағы әлем
Ұқсас жаңалықтар
Мәдениет министрі Аида Балаева халыққа үндеу жасады
- авторМағжан Орынбасар
- 17 желтоқсан, 2024
Бүгін қазақтың аңыз әншісі Бибігүл Төлегенованың туған күні
- авторjambylinfo.kz
- 16 желтоқсан, 2024