сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 19:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Саусақ ұшындағы әлем

Саусақ ұшындағы әлем
ашық дереккөзі
Саусақ ұшындағы әлем

Луи Брайль қарпімен кітап шығарып, көз жанары әлсіз болғанымен көкірегі ояу жандарға қызмет ететін облысымыздағы арнайы кітапхана қазір үлкен істерді атқарып отыр. Аталмыш кітапханадағы тифлология бөлімінде басылып шығатын кітаптар қорды толықтырып, соңғы жаңалықтарды, мемлекеттік бағдарламаларды да оқырмандарына ұсынуда тынбай еңбек етуде.

– Тифлология бөлімі – көру қабілеті бұзылған оқырмандарға, көру мүмкіндігі шектелген жандарға ақпараттарды толығымен жеткізу, оларға көбірек көңіл бөлу, психологиялық көмек көрсету, қоғамға бейімдеуге ықпал ету мақсатында жұмыс істейді. Бөлім қоры мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау және құқығын қорғауға қатысты арнайы мерзімді басылымдармен, тифлология материалдарымен қамтылған. Сонымен қатар бөлім қызметкерлері мүгедек оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсету мәселелерін шешетін конференция, семинар-тренингтерге қатысып, тәжірибемізді толықтырып отырамыз, – дейді аталмыш бөлімнің меңгерушісі Жанар Мотаева. Ал көз жанарынан айырылған редактор-тифлолог Ербол Бегимов кітап шығару жұмысын атқара жүріп, Брайль қарпі басылатын кітаптар байқауына қатысып, жүлделі орындарды да иеленіп жүр. Біз сұхбаттасуға барғанда А.Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Жастар және Абайдың рухани құндылықтары» атты байқаудан ІІІ орын алғаны туралы сүйінші хабар жетті. Енді Павлодар қаласында өтетін байқауға «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» кітабын жібермек. Одан да олжалы боларына сенімді. Көзі көрмесе де жаны жаңалыққа құмар, ілім іздеген адамдар үшін мұнда арнайы 2 жоба жүзеге асырылып отыр. Бірі «Ерекше балаларға ерекше кітаптар» және «Ұлы даланың жеті қыры» жобаларын жүргізетін Гүлнар Сейтбаева тактильді кітаптар мен бұйымдарды өзі жасайды екен. – Негізі мұндағы қызметім – кітапхана қорын өңдеу, жинақтау және каталогтарды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігі. Бірақ қолөнермен шұғылданғанды ұнатамын. Алғашқы меңгерген мамандығым да инженер-технолог. Өткен жылы басталған 2 жобаны жүргізуді қолға алғалы ертегі кейіпкерлерін және «Ұлы даланың жеті қырында» айтылғандарды түрлі материалдармен бейнелеуге кірістім. Мысалы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына арнап жасаған тактильді кітабымда кітаптың әр бетін қатты қағаздың сыртын мақпал матамен қаптап, оның үстіне барлық ер-тоқымдарымен жасақталған тұлпардың, кең далада жайқалып өскен қызғалдақтарды, нарттай қызыл алмаларды түрлі материалдармен тігіп, майда металдармен безендіріп, салдым. Әр ертегінің де кейіпкерлерін, керекті заттарын осылай жасап, бір кітапқа жинақтадым. Оқырмандарымызға арналған әрбір іс-шарада әрқайсымыз өз үйімізден түрлі тәтті-дәмділерді дайындап келіп, оқырмандарымыз үшін дастарқан жайып, көңілді кеш ұйымдастыруға барымызды саламыз. 15 қазан мен 15 қараша аралығында «Ақ таяқ» айлығын ұйымдастырдық. Артық қаржы жинаған бай-бағлан болмасақ та осы алып жүрген айлығымыздың Алла берекесін берсін, мүмкіндігі шектеулі жандар тартқан азап өзгелерге де түспесін деген ниетпен қолдан келгенінше қайырымдылықпен айналысуға тырысамыз, – дейді Гүлнар Жарғаққызы.

Жарық дүниені бір көру арман болғандардың білімін жетілдіруге қызмет етіп ғана қоймай, жабырқаған жандарын жұбатуға ұмтылған арнайы кітапхана қызметкерлеріне шексіз алғысымызды айтамыз.

  Қамар Қарасаева
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар