Президент Асанәлі Әшімовті "Атаманның ақыры" фильмінің түсірілгеніне 50 жыл толуымен құттықтады
- авторjambylinfo.kz
- 17 қараша, 2020
- 274
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кино және театр өнерінің майталман актері, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовті миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленген "Атаманның ақыры" көркем фильмінің түсірілгеніне 50 жыл толуына орай құттықтады.
Мемлекет басшысы дарынды режиссер Шәкен Аймановтың және үлкен шығармашылық ұжымның бірлескен күш-жігерінің арқасында өмірге келген бұл туындының отандық кино өнері саласында алатын орны айрықша екенін атап өтіп, оны детектив жанрында түсірілген алғашқы фильмнің бірі деп бағалады.
"Өзіңіз аталған кинотуындыда чекист Қасымхан Шадияров рөлін өте ғажап сомдап шықтыңыз. Арпалысқа түскен қоғамда жауапты қызметкердің өзіне жүктелген құпия тапсырманы орындау жолындағы батырлық пен қайсарлық танытқан іс-әрекетін шынайы көрсете білдіңіз. Сізді аса көрнекті актер ретінде КСРО ғана емес, бүкіл әлемдік кинематография қауымдастығы мойындады. Сонымен қатар қазақстандық әйгілі әртістер Елубай Өмірзақов, Нұрмұхан Жантөрин және Алтынай Елеуова да өздері ойнаған рөлдерін асқан шеберлікпен орындай білді", - деп жазылған құттықтау хатта.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Халық әртісіне алдағы уақытта да отандық кино мен театр өнерін және халқымыздың рухани байлығын дамыту жолына өз үлесін қосып, елдің айрықша құрметіне бөлене беруіне тілектестік білдірген.
Құттықтау соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Асанәлі Әшімовке зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына құт-береке тіледі.
tengrinews.kzjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз