Мәдениет
Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні Жамбыл жерінде дүниеге келген бе?
- авторjambylinfo.kz
- 18 тамыз, 2020
- 528
Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні Жамбыл жерінде дүниеге келген бе?
Өтірік бірдеңені естісем шыдай алмайтын әй, менің осы қу әдетім-ай! Сол мінезім үшін «отқа да, суға да түсем», бірақ бәрібір қоя алмаймын.
Бұл жолы да үндемей-ақ қоя салуға болар еді. Бірақ, тағы да шыдап отыра алмадым. Өйткені...
«Немногие знают, что будущий Гимн Казахстана – патриотическую песню «Менің Қазақстаным» Шамши Калдаяков сочинил в возрасте 26 лет, проживая в маленьком селе на юге Жамбылской области»
дегенді оқып отырып, қалай үндемейсің?!
«КАЗИНФОРМ» сайтынан дәл осылай басталған сұхбатты еліміздегі көптеген адамдар, мәдениет пен өнердің мұқым жанашырлары, талай тарихшылар да оқыған шығар-ау, бірақ, міне, екі-үш күн өтсе де, солардың ешқайсысы әлеуметтік желіде немесе газет, теледидар арқылы мақала жазып, сұхбат беріп, «бұл өтірік» деген жоқ.
Әрине, Жамбыл өңірінің тумасы, Тараз қаласының тұрғыны болғандықтан «Шәмші ағамыздың «Менің Қазақстаным» деп аталатын атақты әні Жалпақтөбеде туыпты» деген жаңалыққа бүйрегім бұрып, қуануым да керек шығар.
Бірақ ақиқат ше? Біліп тұрып білген ақиқатымды айтпасам, сол ақиқат бір күні болмаса бір күні өзімді алқымымнан алып, буындырып өлтіріп қоймай ма?
Бұл жерде, бірден басын ашып алатын нәрсе, ол ел өмірінің мәдени тыныс-тіршілігінен қалыс қалмайын деген ниеттегі «КАЗИНФОРМ» сайтына да, оның облыстағы тілшісіне де ешқандай өкпе жоқ. Мәселе - белгілі суретші Мұхаммед -Омар Паншаевтің «қазақ вльсінің падишахы» атанған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні туралы айтқан кестім, бітті, үзілді деген сияқты сөзінде болып отыр. Тілшінің:
«Расскажите, пожалуйста, о годах жизни Шамши Калдаякова в селе Жалпак-тобе, каким Вы лично его запомнили?»
деген сауалына ол:
«Поселился Шамши Калдаяков в нашем селе в начале восьмидесятых годов прошлого столетия»
деп бастайды да:
«...Жил в небольшом доме №2 неподалеку от современной школы № 27 имени Маншук Маметовой. Ныне эта улица носит его имя. Именно здесь он и сочинил свою патриотическую песню «Менің Қазақстаным» - будущий Гимн Республики Казахстан»
деп "тарс" еткізеді.
Ал ақиқат не дейді?
Әрине, ел аузында бұл белгілі әннің қай жылы және қалай дүниеге келгені туралы бірнеше нұсқа бар. Бірақ ол қанша болса да, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің жары Нәсіп апаның сөзіне сенем. Ол кісінің сөзін «Менің Қазақстаным – Жұмекен» атты деректі эссе-толғамдар кітабының авторы, қарарғандылық заң қызметкері Марат Азбанбаев:
«Жұмекен Қарағандыға 1955 жылдың қыркүйегінде коммсомолдық жолдамамен келіп, көмір шахтасында еңбек жолын бастайды. Көркемөнерпаздардың Бүкілодақтық байқауының Мәскеудегі қорытынды концертінде КОКП XX съезі делегаттарының алдында күй тартып, «Қараторғай» әнін шырқайды. Өмірмен етене танысады, тың игерудің тынысына қанығады, Қазақстанның алғашқы миллиард пұт астығы мен туына тағылған алғашқы орденін де көреді, кеудесіне ұлттық намыс-жігер ұялатады. Кәсіподақ жетекшісі, мықты қазақ Әукебай Кенжиннің қамқорлық көмегімен Алматыға, консерваторияға аттанады.
Жұмекеннің өмірлік жары Нәсіп апайдың айтуынша, «Менің Қазақстаным» әні мәтінінің екі шумағы Қарағандыда, 1956 жылы жазылыпты. «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы» деп басталатын бұл шумақтар сарғыш тартқан парақтарда Жұмекеннің Мәскеуден әкелген, болашақ туымыз түстес көгілдір шабаданында Нәсіп сыйлаған кестелі ақ орамалмен бірге сақталыпты. Ал көп уақыт айтылмай жүрген үшінші шумақты Нәсіп апай Қазақ радиосының алтын қорынан 2001 жылы жаздыртып алды. «Айнала қарасам, Асықты жүрегім. Заманға жарасам, Жарасып тұр елім. Біздің ел орденді, Көтерді туларын. Елмен ол тербелді, Тербеле жырладым».
Мұнда елдің ерлік және еңбек қуанышы көрсетілді. Бәрі 1956 жыл оқиғаларына сай келеді. Қазақ жерін бөлшектеу де сол кезде орын алған. Консерваторияда тәңірім табыстырған досы Шәмші де осындай идея ұсынып, ол әнді марш әуенімен жазған... Ән Қазақ радиосынан алғаш рет 1959 жылы орындалған».
Бұл деректі біз белгілі ақын, журналист Қорғанбек Аманжолдың мақаласынан алып отырмыз.
Ал осыдан кейін ақын жары Нәсіп апаның сөзін өтірік деп көр.
Тағы бір дерек былай дейді.
«Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихы да ерекше болған. Алматы қаласында 1956 жылы Ұлы Қазан төңкерісіне арналған парад боп жатқан алаңда Шәмші мен Жұмекен кездесіп қалады. Мерекедегі халықтың көңіл күйін көріп екеуіне табан астында «осыған орай неге бір ән жазбасқа?» деген ой келеді. Кенет Шәмші Жұмекенге «жүр, кеттік» деп, өзі жалдап тұрып жатқан пәтеріне ертіп келеді. Сөйтіп сол жерде бірнеше сағаттың ішінде «Менің Қазақстаным» деген ән дүниеге келеді».
Мұны ШҚО «Дидар» газетіне Кәрім Жұмағалиев жазыпты.
Іздестіре берсек, Шәмшінің «Менің Қазақстаным» атты әніне байланысты мұндай деректер мен дәйектер көп. Сондықтан, нақты деректерден мысал келтіруді осымен доғара тұрып, Мұхаммед-Омар Паншаев кім деген сауалға жауап берейік.
Мұхаммед Омар-Паншаев - еліміздің сурет өнерінде өзіндік қолтабасы бар талантты қылқалам шебері. Қазақ журналистері ол туралы республикалық, облыстық газеттерге талай рет жақсы мақалалар жазды. Мысалы, мен, осы жолдардың авторы 2011 жылы 5 сәуірде республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Дүнген сюитасы» деген мақаламда:
«Мұхаммед-Омар Паншаев – дүңген ұлтының өкілі. «КСРО Суретшілер одағының мүшесі» деген билетті жас кезінде-ақ қолына ұстаған талант иесі Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылында 1957 жылы дүниеге келген. Ол 1972-1976 жылдары Чуйков атындағы Бішкек мемлекеттік көркемсурет училищесінде оқыды. 1976 жылы Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтына түсіп, оны Ресей халық суретшісі В. Г. Цыплаковтың класы бойынша 1982 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Мұхаммед-Омар Бішкекте оқып жүрген кезінен бастап-ақ республикалық, халықаралық көрмелерге өз шығармаларын ұсына бастады. Бүгінде оның жүзден астам туындылары ТМД мен Еуропа, Қытай және Араб елдерінің музейлері мен галереяларында талғампаз қауым назарын өзіне аударуда. Ол бүгінде ғажап полотноларды өмірге әкелумен бірге жамбылдық талапты жеткіншектерді сурет салу өнеріне баулумен де шұғылданады. Яғни 1989 жылдан бері Тараз қалалық көркемсурет мектебінің директоры болып абыроймен қызмет етуде.
Суретші Мұхаммед-Омар Паншаев өнерінің «екінші тынысы» Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ашылды. Ой бостандығы, шығармашылық еркіндік, «жабық тақырыптар» тізімінің жойылуы оны шығармашылық тың ізденістерге құлшындырды. Әсіресе, дүңген ұлтының халық болып қалыптасу тарихына үңіліп, оны өзінше өрнектеуге ден қойды. Аңыздағы араб жігіті мен қытай қызынан дүниеге келген ұрпақтан тараған ұл-қыздар, бүгінде, Қытай мен Қазақстанда ормандай халық болып отыр. Бұл тарихи әфсана оның «Араб сериясы» және «Иран сериясы» деп аталатын суреттерінде шынайы көрініс тап-қан. Туған халқының төл тарихына байланысты осы тақырыпты ол, мысалы, Кеңес өкіметінің тұсында батылы барып жаза алмас еді. Бұл қазір ғана мүмкін болып отыр.
Дүңген суретшісіне Қазақ елінің тәуелсіздігі сыйлаған тағы бір бақыт – алыс-жақын шет елдерге бару, көрме ұйымдастыру бұрынғыдай қиын болмайтын болды. Қазір кез келген талантты жан үшін Шығыстың да, Батыстың да «есігі» ашық. Суреттерін сатып алушылар мен көрмесін ұйымдастыруға ықылас білдірушілер төл қаласы Тараздан бастап Астана, Алматы, Мәскеу, Бейжін, тіпті, Тунис, Сауд Арабиясы, Иран елдерінен де табылды. Өткен жылы оның «Шығыс ырғақтары» атты жеке көрмесі Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы музейде табыспен өтті. Суретшінің «Дүнген сюитасы» атты портреттер сериясын толқымай, тебіренбей көру мүмкін емес. Туған жердің ғажайып көріністері, бір атаның баласындай болып біте қайнасып кеткен ауыл тұрғындарының шынайы келбеттері және еңбекқор дүңген халқының ықылым замандардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүрі суретші көзінен өткенде, жұрт байқай бермейтін жаңа қырынан айшықталады...» деп ары қарай кетіппін.
Осы Мұхамед-Омар Паншаев маған биыл көктемде ме екен бір рет келген. Жоғары оқу орнында қызмет істеп жүр екен, соның бір кафедрасының жұмысы туралы жазу, газетке шығару керек болды-ау шамасы. Сонда атақты суретшімен біраз әңгімелесіп, дүнгендер ауылы саналып кеткен Жалпақтөбеде бір жылдары атақты Шәмші Қалдаяқовтың тұрғанын, бүгінде оның атында көше бар екенін айтып айтып ем. Содан кейін көрген де, кездестірген де жоқпын. Тек «КАЗИНФОРМ» -дағы сұхбаттан кейін есіме түсіп отыр.
Ата сақалы аузына түскен абыз тарихымыз халқымыздың мәдениеті мен өнерінде қаттап, қадағалап отырады. Деректер мен дәйектердің дәл болуын талап етіп, оған қиянат жасауға болмайды дейді.
Ендеше, Мұхаммед-Омар замандасқа мұндайды біз айтпасақ, кім айтады?
Көсемәлі Сәттібайұлы
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Мәдениет
Бүгін қазақтың аңыз әншісі Бибігүл Төлегенованың туған күні
- авторjambylinfo.kz
- 16 желтоқсан, 2024