Жамбыл облысы негізінен ауыл шаруашылығы саласына қолайлы аймақ болғандықтан, мұнда асыраушы саланы алға бастыратын бастамалар көп. Олар мемлекет қолдауының нәтижесінде жыл сайын өркен жайып, өрістеп келеді. Мәселен, Мойынқұм ауданында орналасқан «Агрофирма Түрікпен» ЖШС бұл күнде асыл тұқымды мал бағып, санын көбейтумен айналысуда.
Бүгінде тірлігі тіктеліп, шаруасы шалқыған серіктестік мал басын көбейтіп қана қоймай, жергілікті жұртшылықты да жұмыспен қамтуда. Аталған шаруашылық осыдан 20 жыл бұрын, яғни 2000 жылы құрылған екен. Нәсібін кәсіптен тауып отырған шаруашылық басшысы Бауыржан Әбілдаев кәсібін дамытып қана қоймай, еңбек адамдарына да тиісті жағдай жасап отыр. Бүгінде «Агрофирма Түрікпен» шаруашылығында 74 адам жұмыс істейді. Малшылардың орташа айлығы – 180 мың теңге.
Қазіргі кезде аталған шаруашылықта мал саны 6 225 бас мүйізді ірі-қараға жеткен. Сондай-ақ серіктестікте 724 бас жылқы және 680 бас ұсақ қара мал басы бар. Оның ішінде 5 334 бас қалмақ сиыры мен 930 бас қазақтың ақбас сиыры бар. Ал 2015-2020 жылдар аралығында салынған жалпы инвестиция көлемі 3 миллиард теңгеден асқан. Оның ішінде асыл тұқымды мал сатып алуға 2,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Сонымен қатар техника сатып алуға 200 миллион, ал қоражай, құдық, ұңғыма және малшылар үйін салуға 400 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Ауылшаруашылық мақсатында 6 бірлік трактор, 13 бірлік тіркемелі шалғы, жатка, пресс-жинаушы, тиегіш, арба және тырма бар. Сондай-ақ 4 бірлік КамАЗ, HOWO, Huanghe ауыр жүк көлігі алынған. Аталған шаруашылықта 131 ЗиЛ, 12 жеңіл автокөлік жұмыс істейді. Жалпы, жер көлемі 12 508 0,44 гектарды құрайды. Оның ішінде 120 192,26 гектар жайылым, 4 888,18 гектар егістік жер бар. Талай жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан серіктестік бұл күнде дамыған, көркейген шаруашылықтардың қатарында.
Еңбек адамдарының ерлікпен бірдей еселі еңбегі ел басшылығының тарапынан да тиісті деңгейде бағалануда. Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Агрофирма Түрікпен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Құрмет» орденімен марапатталды. Жоғары мәртебелі сыйлықты Тәуелсіздік күніне орай Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен салтанатты жиында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аталған серіктестіктің басшысы Бауыржан Әбілдаевқа арнайы тапсырды. Бұл құрмет те талай жылғы төккен тердің, аянбай еткен еңбектің жемісі екенінде дау жоқ.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз