сенбі, 23 қараша, 2024 10:06

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мемлекеттік сыйлық туралы қаламгерлер пікірі қандай?

Мемлекеттік сыйлық туралы қаламгерлер пікірі қандай?
ашық дереккөзі
Мемлекеттік сыйлық туралы қаламгерлер пікірі қандай?
Желтоқсан айы жақындаған сайын екі жылда бір берілетін Мемлекеттің сыйлықтың көркі қызып келеді. Күнде баспасөз бетінде ақырғы кезеңге өткен қаламгерлердің шығармалары туралы мақалалар беріліп жатыр. «Кім лайықты?» деген сауал да қойылып үлгерді. Сыйлыққа ұсынылып, ақырғы кезеңнен аты көрінбеген қаламгерлер де өз пікірін айтып жатты. Жалпы Мемлекеттің сыйлыққа келгенде, осы ортаның – ақын-жазушылардың даусы қаттырақ естіліп қалады. Қызу тартыс та жүреді, талас та болады. Біз әр кезеңде Мемлекеттік сыйлық туралы айтқан қаламгерлердің пікірін ұсынбақпыз. *** «Осы сыйлыққа өзімді ұсынбайын-ақ деп жүргем. Кезінде, көзі тірісінде Тұмағам мен Қадыр ағам: «Біз барда ұсынсайшы…» деп талай айтқан… Бірақ, өзіме емес, өзгеге деген үміт, сенім… Онбес жыл бойы жазып келген, жанры да бөлек «ОЙТҰМАР» ой-толғам, ішінара пәлсапалық қомақты дүниемді үкілеп ұсынып едім, алғашқы іріктеуден-ақ омақаса құлады. Қайдан білейін, «көш түзелген шығар…» деп ойлағам ғой. Сөйтсем… Өзіме де обал жоқ. Есесіне ылғи да өзегіме у тамызып келе жатқан өлеңнен өшімді алдым».

Исраил Сапарбай, ақын

  «Прибалтика елдерінде ақын­дар біздегідей өзін сыйлыққа ұсын­байды. Тұрақты комиссия жыл сайын ақын-жазушылардың кітаптарын оқып отырып, лайықты деген авторға өздері береді. Ал біз­де Мемсыйлықты қарайтын комиссия ке­рек десең кітабыңды оқымайды. Қашанда қа­зақы әдетімізбен араға кісі салу, сақал бұлдаулар болады. Әрі фамилияңа қарап баға береді. Былтыр алпысқа келгенімде Серік Қирабаевтан бастап, сыншы Құлбек Ергөбек, ақын Ұлықбек Есдәулет, менімен бірге бәйгеге түскен Рафаэль Ниязбектер шығармашылығымды талдап, кемшілік жоқ екен деп құлаш-құлаш мақала жазды. Ертең Мемсыйлықтың мәжілісі болғанда, мұның бірі де ескерілмейді, білемін. Екіншіден, же­ке бастың араздығын салады».

Жүрсін Ерман, ақын

  «…Қазақ ешқашан тұлпар мен жабыны бір бәйгеге қоспаған. Біздің заманда сол мүмкін болып тұр. Мысалы, анау бір кісінің мынау бір туысы, інісі, құдасы Мемлекеттік сыйлық алады, оған ешкім таңғалмайды. Есесіне, Тынымбай Нұрмағамбетов, Серік Ақсұңқарұлы немесе Жәркен Бөдеш алмай қалуы мүмкін. Баяғы заманда мұндайға таңғалатын едік, қазір таңғалатын түк те жоқ. Сол заманда Тынымбайдың, Серіктің,  Жәркен Бөдештің, Тыныштықбек Әбдікәкімовтың намысын қорғайтын, солардың жыртысын жыртатын әдеби сын, әдеби орта – Жазушылар Одағы бар еді. Қазір ол  жоқ».

Есенғали Раушанов, ақын

  «…Ол жоғары сыйлыққа бір-екі рет ұсынылдым. Бермеді. Жасым болса келіп қалды. «Енді ұсынбаймын» дегенім өкпе емес, наз еді… Реніш болды… аздаған. Енді ұсынбай-ақ қояйын. Жолды жастарға берейін деген тоқтамға келдім».

                                                                                                Жәркен Бөдеш, ақын

  «Шешендер» атты жыр-дастаным «Жібек жолы» баспасынан 10000 данамен жарыққа шықты. 2000 данасы қазақ тілінде, 8000 данасы орыс тілінде. Ол кітапты күйзелген халыққа қазақ елінің демеуі болсын деп тегін тараттық. Шешендер өздерінің ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлығы «Ұлт намысы» орденімен марапаттады. Бір жылдан кейін поэмамның көркемдік ерекшелігі үшін Мемлекеттік сыйлық берді.  Ол бәйгеге түрлі ұлттардан 120 ақын ат қосты. 120 ақынның үшеуіне ғана Мемсыйлық бұйырды. Соның біреуі мына менмін. Жаңа сен айтып отырған өзге ұлттың мемлекеттік сыйлығы маған осылай келген. Ал өзге елдің мемсыйлығына лайықты болғанда, өз елімнің сыйлығына неге лайықты емеспін? Мемсыйлықтың бәйгесіне сондықтан да түстім. Мен шешендер туралы бір-ақ кітап жаздым. Сол бір кітаппен шешендердің батыры атандым. Ал өз еліме арнап отыз үш кітап жаздым. Мемсыйлық алуға тұрарлық еңбегім бар ғой деп ойлаймын». Рафаэль Ниязбек, ақын   «Мемлекеттік сыйлық біз ойлап тапқан дүние емес, қалыптасып қалған, дәстүрге Мемлекеттік сыйлық, біріншіден, қазақ әдебиетінң беделін көтеріп, қаламгерлерді ынталандыру үшін қажет. Шығармашылық адамы үшін бұл бір шың. Қаламгерлердің қаламын шыңдайтын ұлы белес. Әркім сол шыңға шыққысы келеді. Оған тапсыруға, өзін-өзі ұсынуға құқылы. «Неге ұсындың?» «Неге ұсыныласың?» деп зиялы қауымның бірін-бірі мүйіздеп жатуы дұрыс емес. Ұсынылғандардың лайықты-лайықсызын айналып отырған өте мәртебелі мемлекеттік марапат. Меніңше, ол керек. мемлекеттік мәртебелі комиссия қарайды. Туындылардың барлығы да комиссияның қатаң сүзгісінен өтеді. Жан-жақты қаралады. Ең соңында лайықтысы ұсынылады».

Несіпбек Айтұлы, ақын

  «Қазір мемлекеттік сыйлыққа шығармасын автордың өзі ұсынатыны ешқандай құпия емес. Әрине, олардың бәрі де Жазушылар одағының қолдауына сүйенеді. Осы мемлекеттік сыйлық біраз ақын-жазушыларымыздың бас ауруына айналғаны рас. Әжептәуір ақша ғой енді. Шамалы уақыт талғажау қылады, аздаған абырой алып береді дегендей. Осы сыйлықты ала алмадым деп уайымдап, жүрегіне салмақ түсіріп өліп кеткендер де бар. Ал алғандарының ішінде біреулері бұл абыройға лайықты, біреулері лайықсыз. Оны, мен айтпасам да, елдің бәрі біледі. Бұл өзі әйгілі Қазан төңкерісінің 50 жылдығы қарсаңында кеңестік идеологияны тереңдете жүргізу үшін ойлап табылған шара еді. Сол жылдары мемлекеттік сыйлыққа ие болған мемуарлық шығармалардың бірінде Алаш ардақтыларын елден қалай аластағаны туралы егжей-тегжейлі жазылса, енді бірінде әйгілі революционердің кеңес өкіметін құру жолындағы күресі суреттелетін. Тағы бір үлкен жазушы көркем шығарма жазуды қойып кеткен соң «Ой әуендері» деген мақалалары мен баяндамаларынан құрастырылған кітабына мемлекеттік сыйлық алды. Бертінірек бір драмашы ағамыз Ленин өмірі мен қызметіне арналған «Өліара» деген шығармасымен абыройға бөленсе, «Революция және мен» деген өлеңдер циклі үшін мемлекеттік сыйлық алған ақынымыз да бар. Кейін әртүрлі саланың өкілдері жасаған салалық терминологиялық сөздіктерді шығарғаны үшін мемлекеттік сыйлық алған жазушымыз да бар. Ал кейбір ақындарымыздың мемлекеттік сыйлықты қалай алғаны жөнінде мерзімді басылым беттерінде жазылды да. Мемлекеттік сыйлық алған абыройлы ағаларымыздың кейбіреуі жалғызаяқ жолдың екі жағындағы жантаққа кезек-кезек мойын созатын түйе секілденіп меценаттардың тәуелсіз «Тарлан» сыйлығынан да сыбағасыз қалған жоқ. Ақшаны мен де жек көрмеймін, ол және тектен-текке берілмейтін шығар, бірақ менің шығармаларым көркемдігі жөнінен сол мемлекеттік сыйлық алған шығармалардың талайынан жоғары тұрғанына қатты қуанамын».

Байбота Қошым-Ноғай, ақын

  «Мемлекеттік сыйлық алғандар «сүйкімсіз» көрінеді» деген сөз бар, оның рас. Бұлай айтылуына қарағанда оның астарында бір шындық бар шығар. Мемсыйлықтың берілу жүйесінде де өзің айтқан «ақсақализм», рушылдық көп. Бұдан ешкім де айналып өте алмас».

Несіпбек Дәутайұлы, жазушы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар