жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президент Жолдауында қойылған жаңа міндеттер – еліміздің цифрлық дәуірге нық қадам басуына бағытталған

Президент Жолдауында қойылған жаңа міндеттер – еліміздің цифрлық дәуірге нық қадам басуына бағытталған
Фото: Jambylinfo.kz
Бүгін елімізде жаңа саяси маусым басталды. Дәстүрге сай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің кезекті сессиясын ашып, Қазақстан халқына Жолдауын жолдады.

Президент өз сөзінде әлемнің жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанын ерекше атап өтіп, еліміздің цифрландыру саласындағы негізгі басымдықтарын нақтылап берді. Бұл бастамалардың түпкі мақсаты – қазіргі заманның түрлі сын-қатерлері жағдайында еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Сен технологияны басқармасаң, технология сені басқарады» демекші, Мемлекет басшысының пікірі – заманауи кезеңнің шындығы. Сондықтан Қазақстан алдағы үш жылда жаппай цифрлық мемлекетке айналуға міндетті. Бұл – ауқымды жауапкершілік пен жүйелі жұмысты қажет ететін маңызды тапсырма. Осы мақсатта елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болады. Бұл шешім – цифрлық дәуірге бейімделіп, ұлттық мүддені жаңа деңгейде қорғаудың маңызды қадамы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізуді тапсырды. Бұл бағыт – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы басты тетік. Президент атап өткендей, бірінші кезекте елге қомақты инвестиция тарту қажет. Бірақ бұл жолы басымдық дәстүрлі шикізат секторына емес, өңдеу өнеркәсібіне берілуі тиіс. Бұл – экономиканы әртараптандыру мен ұзақ мерзімді тұрақты дамудың негізі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ұлттық қордың рөлін қайта қарау қажеттігін айтып, оны елдің тұрақты даму құралына айналдыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

 Жолдауда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – онлайн алаяқтық. Соңғы жылдары киберқылмыстар көбейіп, салдарынан азаматтар түрлі қаржылық қиындықтарға ұшырап жатыр. Осыған байланысты Президент интеллектуалды қорғаныс жүйесін құру қажет екенін атап өтіп, қажет болған жағдайда заңнама мен құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру туралы бастама көтерді.

Мемлекет басшысының «Alatau City» қаласын салу туралы бастамасы – ерекше мәнге ие. Бұл жоба ел болашағының көрінісі болмақ. Жаңа қалада заманауи технологиялық даму мен өмір сүруге қолайлы жағдайлар үйлесім тауып, инновациялар мен жайлы инфрақұрылым қатар дамитын болады.

Президент «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының маңыздылығына тоқталып, оны ұлттық идеологияның өзегіне айналдыру қажеттігін атап өтті. Осы бағытта «AMANAT» партиясы өткен жылдан бері «Таза бейсенбі» эко-акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді. Биыл өңірде акцияға 1600-ден астам сала мамандары мен партия мүшелері қатысып, 29 тоннадан астам қалдық жиналды.

Мемлекет басшысы азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесінің өзектілігін атап өтіп, бұл бағытта «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастыру қажеттігін тапсырды. Аталған жоба аясында облыста жыл соңына дейін 25 200 азаматты қамту көзделсе, бүгінге дейін 18 мыңнан астам адам қаржылық білім алып үлгерді.

Жолдауда игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі де назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайтарылған жерлер иесіз қалмай, нақты мақсатқа сай пайдаланылуы қажет екенін атап өтті. Яғни, бұл жерлер өндіріс орнына, инвестиция тартатын алаңға және белсенді еңбекке негізделген орталыққа айналуы тиіс. Осы бағытта «AMANAT» партиясы «Жер аманаты» жобасын жүйелі түрде іске асырып келеді. Биылғы жылы бұл жоба аясында 90 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланса, бүгінгі күнге дейін оның 31,5 мың гектары қайтарылып, тиісті заңдық рәсімдер жүргізілді. Алдағы уақытта мемлекет меншігіне өткен жерлерді әділ бөлу мақсатында, олар цифрлық форматта, электронды конкурс арқылы үлестірілетін болады. Осыған байланысты Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға қажетті өзгерістер енгізуді қолға алады.

Президент бір палаталы Парламент құру бастамасын көтеріп, бұл ұсыныстың азаматтық секторда, сарапшылар қауымдастығында және қазіргі Парламенттің өзінде жан-жақты талқыланатынын атап өтті. Мемлекет басшысы мұндай Парламент тек партиялық тізім бойынша сайланатынын да нақты айтты. Алайда бұл мәселенің шешімі уақыт еншісінде екенін де ескертті.

Жаңа Жолдаудың мемлекеттік басқару жүйесіне және бүкіл қоғамға серпін беруі – заңды құбылыс. Біздің алға қойған асыл мұратымыз – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру. Осы жолда бірлік пен ынтымақ таныта алсақ, кез келген биік мақсаттарға қол жеткізетін боламыз.

Дауыл Бейсенқұлов,

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық

филиалының төрағасы

 

Бөлісу:
Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар