дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 11:58

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Республика күні – ұлттық рухты көтеретін мереке

Республика күні – ұлттық рухты көтеретін мереке
фото - ашық дереккөзден
Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына биыл – 34 жыл.

Республика күні «ұлттық мереке» мәртебесін алып, қайта оралғанына – екі жыл толып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемендік декларация¬сы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық баса» отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткіздік» деген еді.

Осы орайда Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы - археолог Сауран Қалиев жалпыұлттық мереке жайында пікірін айтып, маңызына айрықша тоқталды.

РЕСПУБЛИКА КҮНІНІҢ БЕКІТІЛУІ

Жалпы тәуелсіздіктің ең алғашқы баспалдағы егемендіктен басталады. 1990 жылы 25 қазанда Кеңестер одағы ыдыраудың алдында тұрды. Сол уақытта Қазақстан өз егемендігін жариялады. Егемендік – үлкен бір орталықтың уысында, тоталитарлық жүйенің қыспағында болған ел үшін үлкен қуаныш, мақтаныш болды. Бұл егемендік туралы толғаныстың шығар шыңы сол еді. Егемендік – тәуелсіз, дербес ел болудың алғашқы шарты еді. Сол кезден ел егемендігі аталып, сол кездегі билік басындағы Қазақ ССР орталық комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті жарлыққа қол қойып, Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің депутаттары мұны бірауыздан қолдағанда қуанышымызда шек болған жоқ. Алғашқы шекараны белгілеу мәселесі сол кезден басталды.

Ал, бұл мерекені мемлекеттік мереке ретінде 1995 жылы 25 қазан тәуелсіз елдің Республика күні деп белгіледі. Араға біраз уақыт салып, бұл мерекені қайтадан алдырып тастады. Яғни, Республика күнін 16 желтоқсан күні тойланатын Тәуелсіздік күніне апарып қосып қойдық. Әрине, біздің қателескен жеріміз осы болды. Республика күні өз алдына ұлттық, халықтың меркесі, ал, Тәуелсіздік күні 16 желтоқсан болып қалуы керек еді. Енді араға біраз жыл салып, 2022 жылы Түркістанда өткен құрылтайды мемлекет басшысы осы мерекемізді арнайы жарлықпен мерекемізді қайтарды. Әрине, бұл тәрихи дата, маңызды күн болып, тарих қойнауына кете береді.

«ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ МЕРЕКЕСІ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ»

Бұл жалпы ұлттық мереке болып есептелінеді. Ал, 16 желтоқсан мемлекеттік мерекелердің қатарында қалады. Біз бұған қалай қарасақ та, бұл күн тарихқа сол қалпында енеді. Қанша бұрмалауға ұшыраса да, біз ол күнді өзгерте алмаймыз. Ол қазақ халқының тәуелсіздік алғандағы алғашқы мерекесі болып қала береді. Сол үшін бұл мереке шын мәнінде республикалық деңгейде аталып өтуі керек. Мен мұны тарихшы ретінде және тәуелсіз Қазақстан республикасының азаматы ретінде де қолдаймын. Бұл күн, Әділетті Қазақстанның табалдырығын аттап тұрғанда, егеменді еліміздің жаңа тарихи беттері ашылып тұрған кезінде тарихқа жазылуы керек. Сол үшін де тәуелсіздігін алған, шекарасын шегендеген, мемлекеттік тілін белгілеген, жарқын бұлашаққа бет бұрған елдің шынайы мерекесі болып қалуы керек. Біз осыдан айнымауымыз керек. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ та, қазақ хандығынан бергі егемен елдің айшықты көрінісі болып қалуы қажет.

Ғасырлар бойы халқымыз азаттықты аңсап, күтті. Қаншама қан төгілді. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұлан байтақ даланы қорғап қалдық. Біз сол байлықты мызғымастай етіп, келешек ұрпаққа аманат етуіміз керек. Бұл тәуелсіздіктің, алғашқы елдіктің бірінші күні деп мен есептеймін. Бұл жөнінде мемлекет басшысы дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын. Бұл солай болуы да қажет.

ӨЗГЕ МЕМЛЕКЕТТЕР АРАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ КҮН

Мынау алпауыт елдердің бәрін қарасаңыз, АҚШ, Франция, Ұлы Британия, Еуропа елдері, Жапония, көрші мемлекеттер бар, алдыңғы Азия мемлекеттерінде Республика күні ерекше тойланады. Тәуелсіздіктен бұрын, Республика күніне ерекше мән береді. Тарихта да солай. Республика деген мемлекеттің, ел болып құрылудың мерекесі деп есептелетін дүние. Сондықтан біз осы мәселеге тарихи жағынан да, ақиқат жағынан да терең мән беруіміз керек.

«АУҚЫМЫН КЕҢЕЙТУ КЕРЕК»

Республика күні, жалпыұлттық мерекеде өтетін іс-шаралардың ауқымын кеңейту керек. Әсіресе, осы күні кейінгі толқынға тағылымды, танымдық іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуы керек. Тарихи күннің маңызын арнайы, орта мектептерде, жоғарғы оқу орындарында, кәсіптік-техникалық колледждерде үлкен іс-шаралармен жастардың санасына сіңіруіміз керек. Бұл қоғамдық қатынастардың шешімін таппай отырған мәселелерінің бірі болуы бек мүмкін. Өйткені, бұл мереке келешек ұрпаққа тәуелсіз ел екеніңді, тәуелсіз елдің азаматы екенін ұғындыратындай мереке болуы қажет. Әрбір жастың бойына шоқ салып, селт еткізетін, тұла бойы елжіреп,Республика күні дегенде құлшыны тұратындай мерке болуы қажет.

Өкінішке қарай, қазір бұл күні өткізілетін шаралар әшейін жоспарлы дүние. Концерттер арқылы біз тарихи күннің маңызын ұмытамыз. Олай болмауы керек. Кәдімгідей, насихатталу бағыты да тереңнен сермелуі керек. Патриоттық сезімді оятатындай іс-шаралардың көп болуын мен қалаймын. Ал, мынау Республика күніне орай, еліміздің амандығы мен еліміздің тыныштығын тілегім келеді. Әсіресе, қазір мемлекет басшысының халыққа Жолдауында да, жүйелі жоспарларына да біз арқау болуымыз керек. Бұл мемлекет үшін атқарып жатқан жұмысымыз деп білуіміз керек. Әбір азамат отаншыл болуы керек. Сондықтан ел бірлігі артып, татулығы мәңгілік болсын. Елдің амандығында, бақытты, шуақты күндеріміз көп болсын деп тілегім келеді,- дейді Сауран Қалиев.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар