Облыс орталығындағы «Арман» жатақханасы тұрғындарының арманы көп. Мұнда электр жарығы екі күнде бір сөніп, кәріз суы жертөлесін көл еткені былай тұрсын, қысы-жазы ыстық сусыз отырғандарына да отыз жылға жуық уақыт өтіпті.
Тоқсаныншы жылдары құбырлары тоналып, ыстық суға зар болған жұрт күні бүгінге дейін осы мәселенің шешімін күтуде.
– Бұрын «Арман» жатақханасы былғары өңдеу комбинатының балансында болған. Қазір әркім пәтерлерін жеке меншікке сатып алды. Басты мәселенің бірі ыстық су мен электр энергиясына қатысты. Өзім алты жыл бойы үйдің шаруашылық жағына жауапты болып келе жатқандықтан жарықтың ақысын жинаймын. Тараз қаласының әкімдігі, қалалық электр желілері, қала әкімдігінің тұрғын-үй коммуналды шаруашылық бөлімінің өкілдері жиналыс өткізіп, жарықтың ақысын жинауға мені жауапты еткен. Талай жыл бойы әркім өзінің жеке жарық шығынын есептегіш құрылғысымен төлеп жүр. Тараз қалалық электр желілері мекемесіне айтсам, олар басқаға сілтейді, қалалық әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне қайырылсам «біздің баланстан кеттіңіздер» дейді. Кезінде бізде трансформатор болмаған. 40 миллион теңгеге әкімдік қолдау көрсетіп орнатылды. Енді тек абоненттердің төлеу жүйесін бірізді ете алмай келеміз. Әрқайсысы бір-біріне жұмсайды. Әкімдікке де қаншама рет қайырылдық. Өз басым 5-6 жыл бойы осы мәселенің шешімін таппай келемін. Ес білгелі осы үйде тұрып келе жатырмын. Қазір мұнда 142 тұрғын бар. Әр пәтерде кем дегенде екі адам тұрып жатыр. Ыстық су бұрын болған. Кеңес үкіметі кезінде кіргізілген. 1993-1994 жылдары қайта өшірілген. Сол күйі қосылған емес. Біреулер оның құбырын кесіп алып өткізіп жіберген. Әйтпегенде ыстық су маңымызға келіп-ақ тұр. Былтыр газды 175 мың теңгеден жинап, кіргіздік. Ал ыстық су қысы-жазы жоқ. Бәрінің үйінде бірдей су ысытатын құрылғы қайдан болсын? Ол құрылғы электрді көп шығындайды. Салқын судың құбырларын пластикке өз күшімізбен ауыстырып жатырмыз. Ай сайын мен жарықтың ақысын жинауым керек. Ал ресми түрде мен ақша жинайтын өкіл емеспін. Жинап өткізбесем жарықты қиып кетеді. Бір адам үшін бүкіл үй жарықсыз отырады. Электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған мекемеге арнайы өкіл қойыңыздар деп те талай айтқан болатынбыз. Оларды бұл жайт қызықтырмайтын секілді. «Бастысы есептегіш құралды қойдық, барлығына сен жауаптысың» дейді маған. Менің жеке пәтердің жарығын қиюға ресми құзіретім жоқ, ол үшін айлық та төленбейді. Одан кейін олар жарықты ескертусіз түгел өшіріп тастайды. Ылғи осындай жағдайдың соңы дауға айналып жатады. Сондай-ақ бізге модернизациялау деп 18 милллион теңгеге шатырды жауып берді. Оның негізгі құны тоғыз-ақ миллион теңге екен. Оны да кейін шатыр жөндеумен айналысатын таныстарымыздан сұрап білдік. Соның қарызын 8 жыл төледік. Енді қайтадан модернизациямен жарықты кіргізейік дейді. Ол тағы қарызға белшеден батыратыны анық. Адам қайбір жетіскеннен жатақханада тұрып жатыр дейсіз. Олардың басым көпшілігі аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы аналар, – дейді тұрғын Марат Шәкетов.
«Кемедегінің жаны бір» демекші, мұндағы көпшіліктің айтары ортақ, өтініші бір. Кейбіреулері тіпті көшіп кетейін десе, аламын деп келгендер ыстық судың жоқтығын біліп, жертөленің жайын көріп-ақ теріс айналып кетеді екен. – Жертөлеміз талай жыл бойы адам шошитын күйде. Құбырлардың барлығы шіріп кеткен. Ылғи су алып жатады. Кәріз жүйесі де жертөлеге ағып жатыр. Оның иісі қолқаны қабады. Өзім осында 1992 жылдан бері тұрып келе жатырмын. Біздің жайымыз ешкімге керек емес. Сондықтан қазір шағым айтудан да шаршадық. Себебі нәтиже жоқ. Қысы-жазы газға су жылытып жуынамыз. Балалар мектепке барады, үлкен кісілер бар. Барлығымыз ыстық суға мұқтажбыз. Электр жарығы да екі күнде бір өшіп қалады. Бір адам қарыз болса барлығымыз шаммен отырамыз. Кейбіреулер мұндағы пәтерін жалға беріп кеткен. Ал олар уақытылы төлемейді. Ол да бізге проблема. Бұл мәселемен учаскелік полиция инспекторлары да айналыспайды. Қасымызда сәулетті «Арбат» соғылды. Қала көркі күннен күнге артуда. Бірақ сол «Арбаттың» қасында тұрып, осындай күйде ғұмыр кешіп келеміз. Және үйдің қасынан өтетін, балабақшаға қатынайтын жол да көңілімізден шықпайды. Бұрын ешқандай ой-шұқыры жоқ тәп-тәуір жол болатын. Газ, су тартатындар қопарып кетіп, сол күйі бірнеше жыл шаңы шығып жатты. Енді екі көлік сыймайтын жол төсеп қойды. Балаларды көлік қағып кетер ме екен деп те алаңдап отырамыз, – дейді тұрғын Хадиша Идирисова. Шынтуайтында ыстық су беру еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары осындағы тұрғындардың қарызына бола тоқтатылған. Дегенмен қазір олар ыстық суға қолдары жетсе уақытылы төлеуге уәде беріп отыр. XXI ғасырдағы жарықтың мәселесі де жанға әбден батқан.
– Кейде бір емес, екі, үш күнге жарық өшіп қалады. Соған қарамастан бізге электр энергиясы қымбат беріледі. Қалада тұрып жатсақ та ауылдағылардан екі есе көп төлейміз. Бір бөлмелі пәтерімнің жарығына жазғы мезгілдің өзінде 2900 теңге айына төлеймін. Үйімде тоңазытқыш пен теледидардан басқа артық қуатты қажет ететін техника да жоқ. Пәтеріме электр үнемдейтін шамдар орнатып тастағанның өзінде жағдай осындай. Бала күнімнен осы үйде тұрып келе жатырмын. Балаларымның барлығы осы үйде өсіп, өнді. Ыстық судың қай кезде өшірілгенін ұмытып та қалдық. Отыз жылға жуықтап қалды десем өтірік емес. Естуімізше қарыз салдарынан өшірілген болуы керек. Ал тоқырау жылдарында құбырларды біреулер ұрлап кетіп, сатып жіберген. Енді Тараз қаласы әкімдігінің өкілдерінен ыстық су мен жарықтың мәселесін шешіп беруді өтінеміз. Жаңа шатырымыз сапалы, бірақ шолақ жасап қойған. Жауынды күндері қырынан су сорғалап, кеңестік кезде қаланған қалың қабырға кірпіштерін үгітіп жатыр. Алғаш жоспарлағанда шатыр үйдің көлеміне шақталмаған. Мейлі шатырды айтпаған күннің өзінде бізге бүгін бірінші кезекте ыстық су мен жертөлені жөндеу мәселесінің шешімі аса қажет болып тұр, – дейді №87-ші пәтердің тұрғыны Маулия Сатымбаева.
Жарығы жиі сөнсе де үміті сөнбеген, ыстық су арман болған мұндағы халықтың талап тілегі осы. Өз кезегімізде біз де «Арман» жатақханасы тұрғындарының өтініші жауапты мамандардың назарына алынады деген сенімдеміз.
Нұржан Қадірәлі
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз