Банк жүйесі мен құқық қорғау органдары құжаттарының басым бөлігі әлі күнге дейін орыс тілінде жүргізіледі
- авторjambylinfo.kz
- 2 желтоқсан, 2020
- 268
Бұл туралы бүгін ӨКҚ-ң ақпарат алаңында Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова баяндап берді Спикердің сөзінше, тоқсан сайын өңірдегі сан саланың тіл қолданысы жіті зерделенеді. Яғни тілдік ахуалды мониторингілеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттары қадағаланады. Бұл ретте ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлес салмағы – 99,5% құраған. Дегенмен қаржы және құқық қорғау қызметі саласында қазақ тілінің қолданысы көңілден шықпайды. Құжаттар орыс тілінде жүргізіледі екен.
«Бүгінде үш тіл бойынша барлығы 3 433 тыңдаушы тегін оқу курстарымен қамтылды. Мемлекеттік тілді оқытудан 2 340 тыңдаушы курстан өтсе, оның ішінде 92,9%-і өзге ұлт өкілдері. 121 мемлекеттік қызметші, 1 372 бюджеттік сала қызметкері, 592 әр түрлі сала қызметкері, 255 студент тіл курстарында болды»,- деді Рахия Тұрмаханбетова.
Сондай-ақ, орыс тілін оқу курстарына 288, ағылшын тілін үйрету курстарына 805 тыңдаушы тартылған. Мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 48%-ды құрап, 28% артқан. Биыл бұл жоспарды жүзеге асыру В2 деңгейінде 20% болса, меже артығымен орындалды деген сөз. Мемлекеттік қызмет көрсететін өзге ұйымдардағы қызметкерлер үлесі 62,2%-ды құрап, 26,7%-ке артқан. Ал жыл жоспарына сәйкес, В1 деңгейінде – 35,5% болуы тиіс болған.
Кәмшат ҚАДЫРjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз