сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 4:24

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Дала өрті дабыл қақпасын десек…

Дала өрті дабыл қақпасын десек…
ашық дереккөзі
Дала өрті дабыл қақпасын десек…
Шіліңгір шілденің аптабының әзірге аптығы басылар түрі көрінбейді. Әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінде ауа температурасының жоғары көтерілуі байқалады. Халық арасында «Жазғы шілде» аталатын бұл мезгілде күннің күрт ысуы заңдылық. Әйтсе де ми қайнатар осы бір шақта дала өрті бой көтереді. Қамданғанның қапы қалмайтынын ескерсек, дала өртінің дабыл қақпауы бұл науқанға мінсіз дайындықтан басталады. Өткен аптада ғана Мойынқұм аумағында тұтанған өрт мәселені назардан тыс қалдыруға болмайтынын кезекті рет еске салды. Құмды өлкедегі құрғақ шөп пен сексеуілдің тұтануынан туындаған тілсіз жауды ауыздықтауға 150-ге жуық адам жұмылдырылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері өңірдегі 2 орман және 3 дала өрті тіркеліпті. Қызыл жалын 360 гектардай аумақты шарпып, тілсіз жаудан келген шығынның көлемі 500 мың теңгеге жуықтаған. Соған қарамастан төтенше жағдай қызметі мамандары орман өртінің өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға, ал дала өртінің 25 пайызға төмендегенін айтады. – Дала және орман өрттерін болдырмау, алдын алу шаралары облыс әкімі жанындағы төтенше жағдайдың салдарын жою, алдын алу жөніндегі комиссия отырысында қаралып, нақты тапсырмалар жүктелді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мемлекеттік орман қоры мен далалы алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтау, алдын алудың бірлескен жоспарын бекітті. Мұнда жоспарда мемлекеттік, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары арасындағы өрт кезінде өзара іс-қимыл алгоритмі нақтыланады. Департаменттің жеке құрамының, жергілікті полиция қызметі мен атқарушы орган өкілдерінің мүшелігімен 18 бірлескен мобильді топ құрылған. 84 мүшесі бар топ өз жұмысында табиғи өрттің алдын-алу бойынша рейдтік шаралар жүргізеді. Бүгінге дейін 220 рейдтік шара ұйымдастырылып, олардың барысында 35 құқықбұзушылық орын алды. Сондай-ақ 1120 адамды қамтыған 220 оқу-жаттығу жиындары өтті. Сәйкесінше мұндай шаралар ауыл шаруашылығы нысандарының жетекшілерімен де өткізіліп тұрады. Облыс аумағында космостық мониторинг жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 5 миллион 246 мың теңге қаржы қарастырылған. Мұнан бөлек мамыр айынан бастап аумақтық орман шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, мемлекеттік орман қоры аумағын тікұшақпен бақылауға алынды. Бақылаудың бұл түрі 3,2 миллион гектар аумақтың қауіпсіздігін назарда ұстауға мүмкіндік береді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы М.Қосыбаев. Сала мамандары табиғи өрттің азаюының тағы бір себебін мемлекеттік орман қоры аумағын қорғауға жергілікті билік тарапынан лайықты жағдай жасалуымен түсіндіреді. Мәселен биыл аталған аумақтағы өрт қауіпсіздігін сақтауды ұйымдастыруға 80 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Соның нәтижесінде орманды және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінде 15 орман өрті бекеті құрылған. Бұл бекеттердегі штаттық бірлік 135 адам құрайды. Ал олардың материалдық-техникалық базасында 18 өрт сөндіруші көлік, 36 трактор, 174 өрт сөндіргіш құрал, 24 мотопомпа және 246 радиостанса бар. – Дала өрттері бола қалған жағдайда оның кең таралмауына ауылдық округтерде құрылған өртке қарсы ерікті жасақтардың да қосар үлесі жоғары. Қазір облыста осындай 165 ерікті жасақ болса, оның құрамында 2128 адам бар. Ерікті жасақтардың материалдық-техникалық базасы да жоғары деңгейде жасақталған. Бұл іске облыстық департаментке қарасты авариялық құтқару қызметінің техникалары да көмек көрсетуге әзір. Бірлескен жоспарға сай өңірдегі жолға қызмет көрсету мекемелерімен бірлесіп, облыс аумағындағы республикалық маңызға ие автожолдардың 638 шақырымына, ал облыстық маңызға ие жолдардың 712 шақырымына өртке қарсы жолақтар жүргізілетін болады, – дейді М.Қосыбаев. Өз кезегінде өңірдің тұмса табиғаты мен табиғи аумақтарын көздің қарашығындай қорғау міндетін мойнына алған облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы да тілсіз жауға күресті жүйелі жолға қойған. Басқарма мамандары табиғи өртті болдырмау, таралуының алдын алу мақсатында салалық министрлікпен бекітілген ережеге сай қызмет атқарады. Атап айтқанда ағымдағы жылдың мамыр айында басқарма мамандарының бақылауымен ені 4,5 метр, ұзындығы 11 150 шақырым болатын минералдандырылған жолақтарға күтім жасау жұмыстары және 4,5 шақырым жолға жаңадан минералды жолақтар төсеу толық орындалған. Сонымен қатар мамандар тілсіз жаудың алдын алуда әлемдік тәжірибеде қолданылатын жаңа ғылыми технологияларды кәдеге жаратуды ұсынып келеді. Дала немесе ормандағы өрт сол табиғи аумақтағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне орасан зор шығын әкеледі. Тіпті жақын маңдағы елді мекен тұрғындарының өміріне қатер төндіріп, стратегиялық маңызға ие нысандардың істен шығуына себепші де болуы мүмкін. Сондықтан мұндай аумақтардағы тілсіз жаудың таралуының алдын алғаннан ұтарымыз да көп болмақ. Ш.Атыханұлы
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар