сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 17:11

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мобильді топтарға бар мүмкіндік жасалуы керек

Мобильді топтарға бар мүмкіндік жасалуы керек
ашық дереккөзі
Мобильді топтарға бар мүмкіндік жасалуы керек
Кезінде пандемияға байланысты медициналық мекемелер жанынан құрылған науқастарды амбулаториялық бақылауға арналған жылжымалы мобильді топтардың пайдасы мен жұмысына аса мән берілмей келсе, қазір олардың саны артып келеді. Өрт шалған аумаққа қанатымен су сепкен қарлығаштай жұмысқа кіріскен жылжымалы мобильді топтар облыста шілде айының басынан құрылған-ды. Бүгінгі таңда аймақта 214 мобильді топ жұмыс істейді. Олардың құрамына негізінен учаскелік дәрігерлер мен медбикелер кіреді, сонымен қатар науқастарға үйде қызмет көрсету кезінде атқаратын қызметіне байланысты өзге де мамандармен толықтырылады. Орта есеппен бір мобильді топ тәулігіне таңғы 8:00-ден кешкі 18:00-ге дейін 30-дан астам үйге қоңырау соғып, қызмет етпек. – Бұл топтар тіркелген халықтың санына байланысты амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда уақытша құрылған. Мобильді топтың негізгі функциялары – шақырту түскен үйлерге қорғаныс киімдерімен барып қызмет көрсетіп, науқастардың көзбе-көз хал-жағдайын сұрап, кеңес беріп, күмәнді науқастардан биологиялық материалдардың үлгілерін алады. Сонымен қатар сырқатына дәрі-дәрмектер тағайындап, қажет болған жағдайда сол дәрі-дәрмектерді жеткізіп беріп, алғашқы медициналық көмек те көрсетеді, – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі берген мәліметте. Сондай-ақ мобильді топ пациенттің жағдайының нашарлау барысы мен басты көрсеткіштері туралы ақпарат жинап, оны сол аумақтың учаскелік дәрігеріне немесе учаскелік медбикесіне беріп отырады. Бұл өз кезегінде науқасқа тиісті ем-шараларды қайта қарап, қажет болған жағдайда емдеу жоспарын түзете отырып, одан әрі қашықтықтан бақылауды күшейтуге негіз болмақ. Жалпы коронавирус инфек­ция­сы­ның таралу қарқыны бәсеңдемейтін болса, онда осы мобильді топтарға артылар жүк жедел жәрдем қызметінікінен кем болмайтын түрі бар. Себебі соңғы уақытта арнайы ауруханаларға сыймай үйінде емделіп жатқан науқастар аз болмай тұр. Ал өкпесі қабынып, дене қызуы түспей үйінде шарасыз жатқан жандарға қарайтын, ем тағайындайтын дәрігердің жұмысына жеделдік ауадай қажет. Міне мобильді топ осындайда керек. Өзінің аты-жөнін мақалада көрсетпеуді өтінген тараздық дәрігер мобильді топтардың көбейе түскеніне қуанғанымен, топ жұмысын үйлестіру жағы көңілінен шықпайтынын айтып қалды. Бірден айта кетейік, медицина қызметкерлеріне, яғни әріптестеріне айтар еш уәжі жоқ. Тек көңілін күпті еткені – көліктердің жетіспейтіні екен. – Емханалардың өз көліктері тыным таппай, ары-бері жүріп жатыр. Енді мобильді топтардың жұмысына әкімдікке қарасты мекемелердің де көліктерін қосымша жұмылдырмақшы екен. Бірақ естуімізше кейбір жүргізушілер вирустың қаупінен қорқып, бастарын ала қашып жатқан көрінеді. Әрине мұндайда ешкімді жазғыра аламаймыз. Әркімнің өз шешімі, өз өмірі ғой. Дегенмен мобильді топтардың жұмысы жедел түрде жүйеленсе екен дейміз. Себебі үйінде емделіп жатқан науқастарымыз қаншама. Шынын айтқанда қазір телефонымызға тыным жоқ. Бізге қазір телефонды бір сәтке де өшіруге болмайды. Бекітілген хаттама шеңберінде пневмонияға шалдыққан немесе коронавирус жұқтырған жандарға телефон арқылы қашықтықтан ем тағайындап, барынша күнделікті бақылауға алып отырмыз. Бірақ барып көрмеген соң, өзгерістерін дәрігер ретінде жақыннан сезінбеген соң да пациентке қате диагноз қойып, бір нәрсені бүлдіріп аламыз ба деп те қорқамыз. Жасыратыны жоқ ондай жағдай да болған. Өйткені кейбір науқастар өзінің денсаулығындағы нақты жағдайды айтып, түсіндіре алмай жатады. Диагноздың дұрыс, дәл қойылмауы осындайдан шығады, – дейді дәрігер. Әрине учаскелік дәрігерлерді де түсінуге болады. Себебі қазір екінің бірі ауырып жатқан соң, олар көліксіз қайсыбіріне барып үлгереді. Ұзынқұлақтардан естуімізше кейбір ауылдық жерлердегі мобильді топ мүшелері жаяу көше аралап жүрген көрінеді. Бұған күмәніміз жоқ. Өйткені жуырда облыс әкімдігінде аймақ басшысының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша өткен кеңес отырысында Тараз қаласы мен бірқатар аудандардың аты аталып, бұл іске немқұрайлы қарап отырғаны сөз болды. Е.Жылқыбаев аудан әкімдерінің орынбасарларына мобильдік топ дәрігерлеріне қайткен күнде де көлік тауып беруді шегелеп тапсырған болатын. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов облыстың медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарында COVID-19 инфекциясы бар науқастарды қадағалап-қарау бойынша құрылған 214 мобильдік топтың 118-і автокөліктермен қамтылғанын және оның 69-ы медициналық ұйымдар, 49-ы аудан әкімдіктері тарапынан бөлінгенін айтып еді. – Тараз қаласы және Меркі ауданы әкімдіктері мобильдік топтарды автокөліктермен қамтамасыз ету бойынша тиісті іс-шаралар атқармаған, автокөліктер бөлінбеген. Байзақ, Жамбыл, Қордай және Талас аудандары әкімдіктері тарапынан мобильдік топтарды автокөліктермен қамтамасыз ету ішінара жүргізілген, қосымша автокөліктерді қажет етеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 96 автокөліктің қажеттілігі туындап отыр, – деген-ді М.Жұманқұлов. Сол 96-ның 60-ы Тараз қаласына қажет болса, аудандарға әлі 36 көлік жетпей тұр. Тапсырма берілді, нәтижесі алдағы уақытта белгілі болмақ. Сол жиында Ержан Жұматұлы Ресей елі осы жылжымалы мобильді топтардың көмегімен-ақ науқастардың басым бөлігін емдегенін, ауырған азаматтарының небәрі екі-ақ пайызы ауруханаға жатқызылғанын мысал етіп келтірді. Яғни мұндай шешім нәтижесін беріп отыр. Тоқетерін айтқанда мобильді топтарға жұмылдырылған дәрігерлерге артар айып жоқ. Бар мәселе көлікпен қамтуда болып тұр. Жуырда әлеуметтік желіден Түркістан қаласы әкімі өзінің қызметтік жол талғамайтын «Toyota Land Cruiser» көлігін мобильді топқа қосқаны жайлы ақпаратты оқып, ішіміз жылып қалған еді. Бәлкім оларда да көлік мәселесі қиын болған-ау шамасы. Егер қажет болып отырған 96 көліктің әңгімесі толық шешілмесе, біздің әкімдер де қарап отырмай, осындай азаматтық танытар деген үміттеміз. Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар