сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 5:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Елбасы және ел тәуелсіздігі

Елбасы және ел тәуелсіздігі
ашық дереккөзі
Елбасы және ел тәуелсіздігі

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Иә, біздің Қазақстан мемлекеті үшін ел Тәуелсіздігі мен Елбасы – егіз ұғым. Біздің алдыңғы толқын және орта буын өкілдері мен олардың ұрпақтарына ұлттық тарихымызда ұлы оқиға деңгейінде орнығып, барша халқымыздың жүрегіне орап айтатын бұл парасатты пайым-түсініктің мазмұны терең, мән-мағынасы ерекше естіледі. Қазақтың бағзы заманнан келе жатқан бай сөздік қорында «Айналайын» деген сөздің шын пейілден айтылу құдіреті ешбір елде баламасы да жоқ, өзге тілде аударуға да болмайтын тек таза табиғи қалпында ұлттық бояуымен естілуі тиіс болса, жаңа үшінші мыңжылдықта Қазақстанның дербес, тәуелсіз мемлекет болып қадам басуымен және нығайып, қалыптасу кезеңінде саяси тың ұғымдар пайда болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Елбасы деген жалпыұлттық мәртебе жаңа ай туғандай жарқ етті. Жүрекке жылы, ойға қонымды. Ұлт көшбасшысына ғана жарасатын ұлы бақыт ұлағаты. Туған халқының өз Отанында бейбітшілік пен тыныштық заманда, өркениетті дәуірде өмір сүріп, әлемде дамыған мемлекеттермен терезесі тең мемлекет құру жолында Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған қызметі ұшан-теңіз, тарихи еңбегі орасан зор. Азаттықтың ақ таңы атып, егемен ел болдық деп бөркімізді аспанға атып шексіз қуанғанымыз бір төбе. Ал енді мемлекет құру, халықаралық қарым-қатынасты тиімді жүргізіп, өзара сенім мен түсіністікті тиянақтай түсу, ішкі елдік тұтастыққа сындарлы саясат пен ұлтаралық келісім арқылы қол жеткізіп, дағдарыс пен тоқырауға ұшыраған экономиканы қат-қабат қиындықтарға қарамастан реформалық өзгерістер нәтижесінде бірте-бірте ес жинатып, қарқынды даму жолына алып шығудың қиямет-қайымы айтуға ғана оңай. Әлеуметтік-рухани бірлік пен қоғамдық құндылықтардың қадір-қасиеттерін қазақстандық патриотизмді күшейтуге бағыттап, ел тарихының тағдырлы тағылымдарын адамдардың ой-санасына сіңіріп, жасампаздық деңгейге көтеру мақсатымен жаңа идеялық бағдарламалар жүзеге асырылды. Біз тәуелсіз Қазақстанның отыз жылға жақын тарихындағы ірі саяси табыстары мен ел дәулетінің мол жетістіктерін әрбір қазақстандық мақтаныш етіп, жер дүниенің қай бұрышында жүрсе де әлемнің ең танымал саясаткерлері мойындап, құрметтеген Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі арқылы елімізді таныта алатын дәрежеге жеткенімізді айтқанымыз жөн. Бұл – тарихи шындық. Жұрт білетін тағы бір өмір шындығы бар. Тарихты ұлы адамдар жасайды. Егемен Қазақстанның тарихын жасаған – Ұлт көшбасшысы! Қазақстан лидерінің жалпы адамзаттың мүддесі жолында Біріккен Ұлттар Ұйымының аса мәртебелі мінберінен, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының, беделді халықаралық саммиттердің ресми жиындарының төрінен айтқан ұсыныстары мен батыл әрі жарқын пікірлері әлемнің тісқаққан саясаткерлері мен мүйізі қарағайдай кәнігі қайраткерлерінің өздерін талай мәрте қалың ойға қалдырып, қатты назар аударуына ықпал еткенін дүниежүзінің ақпарат құралдары жарыса жазып жатты. Бұл – тәуелсіздік жылдары қайта жаңғырған Ұлы Дала Елінің мәңгілік ұлттық мақтанышы. Бір баласы тұлпарға мініп, бәйге додасына қосылса, бір қауым ағайын қиқу салып, қуанбаушы ма еді?! Ал енді Қазақ елінің атынан жер жаһанның құлағына жетіп, көкейіндегі ойын тап басатын қазақ сөздерін қуаттап, қуана қолдаған кілең ығай мен сығай мемлекет басшылары мен өңкей халықаралық дипломатияның тәжірибелері мол өкілдері екенін ескеретін болсақ және бұл көп жылдан бері құрметтеп, құлақ асу, санасу тұрғысында жалғасып келе жатқанын айта кетейік, біздің бойымызда сөз жоқ, разылық сезімі тулайды. Қазақстанның тәуелсіздік жылдары ішкі және сыртқы саясатта парасаттылық пен төзімділік танытып, ел бірлігін сақтай отырып, өсіп-өркен жайғанынан өте көп мысал келтіруге болады. Солардың бірегейі деп Сарыарқа төсінде жаңадан салынған елорда сәулетін айтуға болады. Өркениет биігінде нағыз заманауи қалаға қарап еліңді таниды. Кезінде Қазақстан Үкіметін он төрт жыл басқарған Бәйкен Әшімов бізбен болған бір сұхбатында: «Қарағым, есіңде болсын, жаңа қаланы мемлекет басқарған адамдар ғана салады», деп аласапыранды бастан кешіп жатқан кезде елді басқару тізгінін қолына алып, қайта еңсе тіктеуде Нұрсұлтан Назарбаев сияқты көрнекті реформаторлардың ауқымды саясатын ерекше бағалайтыны ойыма оралып отыр. Бұл көзі тірісінде абыз ақсақалдың адалдық үшін айтқан сөзі еді. Жаңа астананың ғажайып әсері облыс орталықтары мен үлкен қалалардың сәулеті мен дәулеті бірдей қарқынды әрі шапшаң дамуынан байқалды. Шын мәнінде барлық өңірде жаңа тұрпаттағы зәулім ғимараттар мен жайлы, салтанатты тұрғын үйлер салынып, инфрақұрылымдар жақсарып, озық заманның ақыл-ой жемісі көрініс тапты. Қарасаң көз тояды. Көңілің өседі. Бұл жетістіктерді Жамбыл облысының әлеуметтік-рухани өмірінен де көруге болады. Бүкіл әлемнің «Назарбаев феномені» туралы айтуы еш кездейсоқтық емес. Қазақ басшысын Де Гольмен, Дэн Сяопинмен, Ли Куан Ю, Махаткир Мохамед және Кемал Ататүркпен де теңестіреді. «Саяси және тарихи тұрғыдан алғанда бұл ұқсастықтардың қисыны бар», дейді әлем саясатшылары. Қазақстанның даму стратегиясының әлемде «Қазақстандық үлгі» деп айтылуы және тегін емес. Елбасының жас Қазақстан мемлекетін қалыптастыру мен әлемдік саясаттағы қайраткерлік қызметі туралы талай саяси мақалалар жазылды, көптеген деректі кітаптар дүниеге келді. Солардың арасында белгілі саясаткер, дипломат, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан біраз жыл бұрын «Нұр мен көлеңке» деген атпен тамаша бір кітабы жарыққа шықты. Автор Президент Н.Назарбаевтың көп қырлы халықаралық қызметі жөнінде кеңінен әңгімелейді. Қазақстанның сыртқы саясатының орнығу, даму және нығаюына арналған кітапта Елбасының көреген саясаты, жойқын жұмыс қабілеті мен ерік-жігері, адамды өзіне баурап алар қасиеті, ішкі сезімдік аңғарымпаздығымен ерекшеленетін тұстарына куә боласыз. Бұл кітапты жақында қайтадан оқып шығып, қатты әсерге бөлендім. Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық абыройға тікелей Елбасының дана басшылығының арқасында қол жеткізгенімізді дәлелдей түседі. Саясаткердің даналығы сол, күшті ұлт болу үшін алдымен ішкі бірлік, ұйымшылдық пен татулық қажет деді. Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе де жоқ деп айтты. «Өз тілімізбен өмір сүрейік!». Бұдан артық қалай айтуға болады? Қажет десеңіздер, одан да оңайлатып айтайын: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» – деп түпкілікті тиянақтап берді. Егемендіктің елең-алаңында Халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыз: «Елбасы – біреу, қалғанымыз тіреу болайық!» – деп айтқан сөзі бірауыздан әлеуметтік қолдауға ие болды. Отаншылдық рух ұлт мерейі мен халықтық сенімді үстем етті. Елін сүйген Елбасы «Мен осы халықтың қаны мен жанынан жаралған перзентпін, сондықтан да қиын кезеңде өз мойныма түскен ауыр жүкті мойымай көтеруге міндеттімін» – деп тебірене айтқан сөзі баршаның жүрегінде. Елбасы туған халқын көкке көтерді, жарқын болашағының берік негізін қалады. Ел тәуелсіздігін баянды ету жолында аз уақыттың ішінде атқарылған ғасырға бергісіз ғаламат тірліктердің бастауында болды. Парасатты саясаттың арқасында жыл өткен сайын мемлекетіміздің абыройы артып, беделі өсіп, өркениетті даму жолында келеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мерекесі халықтың адал пейілі мен ыстық ықыласының айқын көрінісі. Елім деп еміреніп, жұртым деп жұмылған перзентіне мейірі қанып сүйсінгенде біздің қазақ «Айналайын!» деген аса ардақты сөзін айтпай қалмайды. Ел Елбасымен бірге!

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар